Бүгін менің түсіме әкем кірді. Немересі, өмірінің жалғасы – менің ұлым Расулдың халықаралық өнер сайысында бағы жанып, жүлделі орын алғанын аруағы сезді ме екен, алыстан ғана жымиып, риза кейіп танытып тұрғандай көрінді. Бізден алыстап кеткеніне жиырма жыл болса да, аталарың сендерге тілекші деп түсімді балама айттым. Ал ол болса: “Әке, атам – ауылының абыройын асырған адам. Сізді облыс жұртшылығы таниды. Бұйырса, мен атам Өмірзақты елге танымал қыламын, демесі бар ма. Жүрегім толқып кетті, аталарыңның шыға алмаған биігіне жетуге тілектеспін, құлыным”, деп іштей күбірлей бердім…
Ержетіп, ес кіре бастағанда маған үлкендер: “Әкеңе тартқан азамат бол!”, – деп бата беретін. Ал енді бүгін ойлап отырсам, әке шыңына жету оңай емес. Бірақ мен Өмірзақ Зұлқарнайұлының баласы екенімді мақтан тұтамын. Оның өмір-өнегесін өз балаларыма бере алсам, одан артық арманым болмас еді. Бұйырса, әкемнің ізін жалғар ұрпақтары оның есімін ұмыттырмай, аспанға көтереді. Бұл – менің әкеме берген уәдем, перзенттік парызым.
Дәл менің әтәйымдай (мен әкемді осылай атаушы едім) өз ауылын, тіпті, ауылының әрбір адамын сүйетін азамат өмірде сирек қой. Атақоныстан алысқа ұзамаймын деп, өзіне ұсынған жұмыстардан бас тартқанын анамның әңгімесінен білемін. Өз ауылында Мәдениет үйін салдыру әркімнің қолынан келетін шаруа емес қой. Бірақ әкем Өмірзақ осындай үлкен іс тындырып, 20 жастан енді асқан шағында өзі салдырған Мәдениет үйін басқарды. Ғұмырының қысқа болатынын сезгендей, өмір сүруге асықты. Жанталасты, бәріне үлгеруге тырысты.
Өмірзақ Рамазановты көпшілік өнер адамы ретінде таниды. Сонымен бірге ол өте бауырмал, балажан және ақылды, сөзге шешен, бірбеткей мінезге ие еді. Ағасы Бегайдардың – Халида, Камила, Амангелді деген үш баласын анам Күләш екеуі бауырына басқанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл жеңгесінің аманаты еді. “Балаларыма бас-көз бол”, – деп қайнысы мен абысынына тапсырып кеткен ғой. Меніңше, жеңгесі де әкемнің бауырларын ренжітпей, аман-есен жеткізетініне сенсе керек. Кейін Бегайдар атам екінші рет үйленіп, балаларын қайтарып алғысы келгенде, інісі үзілді-кесілді қарсы болады. Камиланы ағасына қайта табыстағанмен, Амангелді ағам мен Халида апамнан айрылғысы келмеді. Сөйтіп, бәріміз бір шаңырақтың астында бірге өстік.
Өз балаларына қандай жанашыр болса, ауылы үшін де отқа күйіп, суға түсуге даяр тұратын. Азаматтық болмысының бір дәлелі, ауылдың мұң-мұқтажына елгезек-тұғын. Әкем он сегіз жыл төсек тартып жатса да, кейде менің, кейде ағам Амангелдінің қолына хат ұстатып, аудан басшыларына жіберетін. Көбіне өзгелер үшін көмек сұраушы еді. Көлік, жиһаз, басқа да тұрмыстық бұйымдарды алып беретін. Ал билік басындағылар ол кісінің сөзін жерге тастамай, ауылға қарасатын. Тіпті, әкемнің бастамасымен облыстық ақындар айтысы да өтіп тұратын. Әтәйым Мәдениет үйін басқарған кезде Есіл ауданындағы Орталық ауылының атағы дүркіреп тұрды. Бала болсам да, ауыл тұрғындарының әрбір кеші көңілді өтетіні есімде қалыпты.
Ауыл тұрғындары кешкі 7-8-ге дейін жұмыста жүреді, одан соң театрға келіп, мерекелік кештерге, спектакльдарға дайындалады. Бірақ ешқайсысы да шаршап-шалдығып, қабақ шытқанын көрген емеспін. “Ажар мен ажал”, “Қыз Жібек”, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің “Қан мен тер” және Бейімбет Майлиннің “Неке қияр” шығармалары негізінде қойылымдар сахналанды. Ол уақытта халық театры атағын иелену зор мәртебе болатын. Ал Орталық ауылының театры осындай атаққа үлкен еңбектің арқасында қол жеткізді. Ауыл өнерпаздары аудан, облыс деңгейінде де танымалдыққа ие еді. 1993 жылы Павлодар қаласында өткен отбасылық өнер ансамбльдерінің байқауына қатыстық. 29 үміткердің ішінен 3-орын алып, ауыл атағын тағы бір дүркіреткеніміз басылым беттерінде де жазылды. Сайысқа қатысқандардың дені өнер саласының кәсіби мамандары болатын. Сол жолы біз де өз балаларымызды өнердің түрлі саласына баулимыз деп шештік.
Мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы, әртістердің сахна киімдері, бәрі жоғары деңгейде болатын. Тіпті, әкем ауылдастары үшін облыс орталығынан жалға жаңа фильмдерді алдырушы еді. Ал бүгінгі күні мұның бәрі өткен күндердің естелігіне айналды.
Әкемнің ауыл жастарына, өзінен кейінгі іні-қарындастарына берген өнегесі зор. Мәдениет үйінің ішінде үлкенге де, кішіге де арналған түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болды. “Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын” деген ұлы ақын Абайдың сөзін жиі есіне алып отыратын. Сондықтан да шығар, ауыл жастарын өнерге баулыды. Ән айтып, би билеп, күй тартпайтын балалар аз еді. Бізге де: “Өнер сендерді өлтірмейді”, – дейтін. Ол кісінің ақылдылығына, кеңпейілділігіне таңғаламын. Сол кездің өзінде, әлі тәуелсіздікке қолымыз жетпеген тұста біздің халқымыздың төл мерекесі – Наурыз тойы деп айтып отыратын. “Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін уақыт келеді”, деуші еді. Міне, бүгінгі күні айтқаны келді. Азат елміз, өзгелермен тереземіз тең.
Сөз арасында он сегіз жыл аяқ-қолы жансызданып, төсек тартып жатқанын айтып өттім ғой. Ол кезде әкем бар болғаны 32 жаста ғана еді. Күтімі кісіге қарағанымен құлағы түрік жататын. Теледидардан жаңа ән естісе, репертуарымызға қосуды талап ететін. “Әннің де естісі бар, есері бар”, сондықтан жеңіл-желпі әнге әуес болмаңдар деп қатаң тапсыратын. Ал бізге әке сөзі заң еді.
Жігерлі мінезінің арқасында шығар, тағдырдың ауыртпалығына мұқалмай, қасқайып қарсы тұра білді. Он сегіз жыл ауызға айтуға жеңіл болғанымен, жанына батқан дерт ұйқысын да, күлкісін де ұрлады, жүрегін сыздатты. Бірақ жан күйзелісін, бойын билеген сырқатты ешкімге де сездіргісі келмейтін. Анам Күләштің де еңбегі зор болғанын айтып өткім келеді. Науқас адамды бағудың қиындығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кейін ойлап отырсақ, әкеміздің жанынан бір елі ұзамапты ғой. Тіпті, ауыл іші, туған-туыстардың үйіндегі той-томалақ, басқосуларды айтпағанда, көрші тұрған абысын-ажындарына да бас сұғып, тізе бүкпеген екен. Шешеме де ұзақ ғұмыр бұйырмады. Бар болғаны 62 жыл ғана өмір сүрді.
Әкем төсекке таңылғанша да үйімізден қонақ үзілмейтін, одан кейін де анамның дастарқаны бір жиналмаушы еді. Өмір жолындағы қиындықтарды жеңуге әркімнің шамасы жете бермейді. Бәлкім, олардың арасындағы сыйластықтың беріктігінен бе, әкеме не болмаса үйге келген меймандарға анам бір қабақ шытып көрген емес.
Әкем Өмірзақ өте таза, тиянақты адам болатын. Үй маңының, қора-қопсының тазалығын ұдайы қадағалап отыратын. Қолы ұзын болған соң көлік алды, әлгі “темір тұлпарды” мініп келгеннен кейін іші-сыртын сүртіп, мұнтаздай қылып, орнына қоймасақ, екінші мәрте әкемнен көліктің кілтін алу оңайға соқпайтын.
Мен де – көп қазақтың балалары сияқты, әкенің ісінен үлгі алып, оның қаталдығына шыдап, ананың тәрбиесімен өскен адаммын. Шымкент музыкалық институтына екі мәрте оқуға түссем де, екеуінде де әке сөзінен аттап кете алмадым. “Сен жанымда бол”, – деп ол кісі қысқа қайырды. “Нағыз азамат болсаң, өз өңіріңнің мәдениетін аспандат”, – деген сөзі де әлі күнге дейін жадымда. Бүгінгі күні бір биікке қолымыз жетсе, ол әкем Өмірзақтың тәлім-тәрибесі, қатал тәртібінің жемісі деп білемін.
Әттең, өмірі қамшының сабындай ғана қысқа болды, әйтпесе өзінің де алар асуы, шығар биігі зор еді ғой. Әкеміздің алыс сапарға аттанғанына жиырма жыл толады. Ұшқыр уақыт желдей зулағанымен оның асыл бейнесі менің, басқа да перзенттерінің жүрегінен өшпейді.
Халқымызда “Әке – асқар тау, ана – ағып жатқан бұлақ, бала – жағасындағы құрақ” деген ежелден айтылып келе жатқан мәнді де мағыналы сөз бар. Шынымен де, асқар тау алыстаған сайын биіктей түседі екен ғой.
Спартак РАМАЗАНОВ,
Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры,
Мәдениет қайраткері.