Тарыдай шашылған қазақтардың атамекенге оралуына мүмкіндік берген “Нұрлы көш” бағдарламасы – тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің ең басты жеңісі. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан бұл бағдарлама – бір замандары өзге елдерге қоныс аударуға мәжбүр болған қандастарымыздың алдында тарихи әділеттіліктің орнауына мүмкіндік берді.
Ел Тәуелсіздігі жарияланғалы облысымызға алыс-жақын шетелдерден жеті мыңға жуық отбасы атбасын бұрған екен. Атажұртын аңсап келген қандастарымыздың бір бөлігі Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылын құтты мекендеріне айналдырған. Алыстағы ағайынға арнаған ақ тілегімізді жүрегімен сезінген ұлы көштің ішінде Ресей Федерациясының Түмен облысының Галышман ауданынан келген Отыншиевтер отбасы да бар. Қандастарымыз егемендік жылдарындағы ең табысты бағдарламаға айналған “Нұрлы көш” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында қабырғасы қаланған елді мекенге алғашқылардың бірі болып қоныс аударған.
Әрине, өскен жеріңді тастап басқа ортаға үйрену оңай болмасы анық. Дегенмен, туған еліне оралған Жанат Отыншиев Қазақстанға көшіп келгеніне өкінбейді, қайта қуанышты екенін жасырмайды. “Қазақстан маған не береді деп емес, мен Қазақстанға еңбек етемін”, – деп келген қандастарымызға бір жерден екінші жерге көшіп келу оңайға соқпады. Бастапқыда қиыншылық көрген кездері де болған. Қазір тәуелсіз еліміздің керегіне жарап, бір кірпіші болып қаланып, жұмыс жасап жатқан жайы бар. Тарихи Отанына оралып, тәуелсіз Қазақстанның шапағатын көріп отырған Жанат ауылда ашылған жаңа мектепте білім алып жатқан балалары болашақта еліміздің беткеұстар азаматтары болады деп сенім артады.
– Мен Ресей елінде ержеттім. Бірақ шетте жүрсек те жүрегіміз “Қазақстан” деп соғатын. Қазақстанда болып жатқан әрбір жаңалыққа құлақ түріп, жақсылығына қуанып жүретінбіз. Туған елге қоныс аудару ата-анамның көп жылғы арманы еді. Ақыры сол арман орындалды. 2010 жылдан бері біз Қазақстанның азаматтарымыз. Алғашқы күннен жергілікті билік пен халықтың қамқорлығын сезініп келеміз. Асан қайғы бабамыз бар өмірін Жерұйықты іздеу жолында сарп еткен ғой. Мен үшін жер жәннаты – Қазақстаннан артық ел жоқ, – дейді Жанат Отыншиев.
Бүгінде отбасы мемлекеттің жасаған қолдауына қол жеткізіп, ризығын көріп отыр. Атажұртқа оралысымен төрт бала тәрбиелеп отырған зайыбы Жанармен бірге жеке шаруасын дөңгелетіп әкетті. Екімыңыншы жылдардан бері кәсіпкерлікпен айналысып, бұл салада біраз ысылған Жанат үш бөлмелі үйінің бір бөлігін “Бәйтерек” атты азық-түлік және тұрмыстық заттар сататын дүкенге айналдырды. Жалға алған жылыжайға көкөніс егіп, мол өнім жинаған кездері де аз емес. Ерінуді білмейтін жерлесіміз алға қойған мақсатына жеткенше тыным таппайтын қасиетімен ерекшеленеді. Содан болар, қолға алған әр ісі жемісін беруде. Кәсіпкер 20 орындық қоғамдық монша салуға ниет еткенде жергілікті әкімдік оның бұл бастамасына қолдау білдіріп, ауыл шетінен жер телімін алуына көмектескен. Жоспарын жүзеге асыруға білек сыбана кіріскен Жанат Отыншиев көп кешікпей тұрғызған нысанының бір бөлігіне монша ашты. Енді жуынатын жер іздеп, аудан орталығына сабылмайтын болған ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөленуде.
Кейін осы ғимараттың екінші бөлігіне “Береке” азық-түлік дүкені мен шаштараз ашты. Қолы жеңіл азамат мұнымен тоқтамады. Атап айтқанда, автомобильдерге техникалық қызмет көрсету стансасын ашу үшін үйіне жапсарлас ғимарат салып, құрал-жабдықтар орнатты. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 миллион теңгенің жеңілдетілген несиесіне қол жеткізіп, 10 сотық жер телімін алып, құрылыс цехын ұйымдастырды. 270 отбасы түтін түтетіп отырған ауылда әлеуметтік нысандардың тапшылығын ескерсек, 7 ауылдасын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған Жанат сияқты жеке кәсіпкерлердің ұмтылысы өзгелер үйренуге тұрарлық, өнегелі үрдіс болып отыр.
Кәсібі өрге домалаған азамат қасиетті Тәуелсіздіктің арқасында жеткен жетістіктерімізді әрбір қазақстандық жүрегімен сезінуі айрықша маңызды деп біледі.
– Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланатын айрықша жыл. Ширек ғасыр мемлекет үшін көп уақыт емес қой. Бірақ бұл аз уақыт ішінде еліміз аяғына нық тұрды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің, оған деген халық сенімінің арқасында Қазақстан үлкен жетістікке жетіп, әлемге танылды. Бірлік пен ынтымақтастықты ту еткен еліміздің даму жолы көпке үлгі. Біз аңсаған күнге жеткен Тәуелсіздігімізді мақтан тұтуымыз керек, – деген жерлесіміз еліміздің тұғыры биік болсын деген игі тілегін жеткізді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.