«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАКӘСІПТІҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Қайрат Әбдіров – Тайынша ауданындағы Мәдениет ауылының тұрғыны. Бір әулеттің қарашаңырағына ие болып отырған ол табиғатынан өрісіндегі малының бір басын екеу қылып, төрт түліктің бабын тапқан азамат екендігі ауылдықтарына бұрыннан белгілі. Ал 2010 жылдары мал шаруашылығымен айналыспақ болып, мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көруге ниет қойғанда, таңданыс танытқан ешкім болмады. Қайта “Қолынан келетін іс қой” дескен ауылдастары бұл бастамасына сәттілік тілегендей еді. “Сырт көз – сыншы” деп бекер айтпайды ғой. Бір көк шалғында аунап, бір құдықтың суын ішкен ауыл тұрғындары бір-бірінің сырын да, сынын да жақсы білетіні тағы бар.

Осылай шаруамен көзі ашылған ауыл баласы – Қайрат Серікбайұлы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша несие алып, жиырма шақты қара мал сатып алды. Бірер жылда ісі дөңгеленіп, 3 жылға алған несиесін мерзімінен бұрын өтеп, көптен бергі арманы – жылқы өсіруге ден қояды. Бұл жолы “Құлан” бағдарламасы бойынша Қамбар баба төлінің жақсыларын сатып алады. Содан бері өрісіндегі қара малының саны 50-ден асты, жылқының да қарасы көбейіп, ешқандай бағдарламасыз өсіріп отырған қойы да 150-ге жетіпті.

– Біз тек мал өсірумен ғана емес, отын әзірлеумен де айналысамыз. Сол себепті, мал шаруашылығында 2 адам тұрақты, ал отын әзірлеуде 4 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Орташа еңбекақы көлемі – 60 мың теңге, – деген Қайрат Әбдіров кәсібінің өрісі кеңейген сайын жаңа техниканың қажеттілігін айқын сезінуде. Қазір қолындағы екі тракторын, осынша жүк машинасын малға қажетті жем-азықты әзірлейтін техникалармен толықтырмақ. Техника паркін жаңартуда да мемлекеттік бағдарламалардың қолдауына сүйенбек.

Үкімет жұмыс­сыздықты жоюға, отбасылық кәсіпкерлікті қолдауға, сондай-ақ, тұрғындардың жеке шаруашылығын дамытуға көңіл бөлуде. Екі қолға бір күрек таба алмай отырған­дарды жұмыспен қамтамасыз етуде бұл тиімді бола түсуде. Кімде-кім қолынан келетін шаруаны жүргіземін десе, мемлекеттік бағдарламалар ар­қылы өз ісін ашуына әбден болады. Міне, осындай қаржылай қолдаудың арқасында кәсібін ашып, жұмыс істеп жатқандар Тайынша ауданында көптеп кездеседі. Қабылданған бағдарламалар ішінде “Сыбаға” ауыл адамдарының назарына ілікті. Бағдарлама жұмысы 2011 жылы бастау алған еді. Аталған бағдарлама бойынша асылтұқымды жас малды қалпына келтіру үшін агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне сиырлар және бұқа сатып алуға басқа да мақсаттарға 7 жыл мерзі­мге 1 млн. теңгеден 18 млн. теңгеге дейін қарыз беріледі. Қазіргі таңда Тайынша ауданында осы мүмкіндікті пайдалануға өтініш білдіріп отырған жеке азаматтар мен шаруа қожалықтары аз емес. Үстіміздегі жылғы жоспар бойынша аталған бағдарлама аясында 737 бас қара мал алуымыз керек болса, бүгінде 304 ірі қара иесін тапты. Яғни, ауданның жылдық жоспарының 41,2 пайызы 4 жоба – “Шахар” фермерлік қожалығы, “Милиханов” шаруа қожалығы, “Ляйпольд” жеке кәсіпкерлігінің, “Шахирис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арқасында орындалды. Ал “Дашка-Николаевка СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, “Виктор” фермерлік қожалығы, “Астық Жер” шаруа қожалығы 433 бас ірі қара алу үшін қажеті құжаттарды жинастыруда.

“Құлан” бағдарламасы да Қамбар ата төлін асылдандырып, санын көбейтуді, яғни жылқы шаруашылығын дамытуды және жеңілдікпен несие қаржы беру арқылы халықты жұмыспен қамтуды мақсат тұтады. Бүгінде ауданымызда аталған бағдарламаның шарапатын сезінген ауыл тұрғындары аз емес. Мемлекеттік қолдауға қол жеткізген кәсіпкерлер өрісін кеңейтіп, табыстарын еселеуде. Мәселен, үстіміздегі жылы “Антаева”, “Жұмабай”, “Манат” фермерлік қожалықтары, “ASA” шаруа қожалығы, “Данқой”, “Асанәлі” жеке кәсіпкерліктері, “КБК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 225 бас жылқы сатып алды. Ал алдағы уақытта “Накенов” шаруа қожалығы мен “Макаш Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 80 жылқы алмақ.

“Алтын асық” бағдарламасының жүзеге асырылуы да “Қора қойға толды” деген сөз емес пе?! Аталған бағдарлама бойынша аудандағы шаруашылықтар 905 қой сатып алуды көздеген еді. Бүгінде “Алмас АН” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, “Звольский С.С.” шаруа қожалығының 406 басқа жасаған өтінімі қаржыландырылса, “Красницкий” фермерлік қожалығының өтінімі мақұлданды. Алдағы уақытта “Алишер”, “Арайлым” жеке кәсіпкерліктері мен “Конваев” фермерлік қожалығы да 499 бас қой алады.

“Ырыс” бағдар­ла­масының да берері мол. Оның арқасында ауылдық жерде сүтті өндіріп қана қоймай, оны сақтап, сүт зауыттарына жеткізуге мүмкіндік бар. Сөйтіп, сүт өндірісінің тұтас бір тізбегі қалыптасып отыр. Мемлекет тарапынан жеңілдік болса, сүт шаруа­шылығымен неге айналыспасқа? Ал ең бастысы, аталған бағдарлама ауылдық жердегі бизнестің дамуына оңтайлы жағдай жасап отыр. Осыны түсінген бірқатар тайыншалық “Алтын – 2016”, “Келлеровка прогресс” агроөнеркәсіп кешендері “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамына өтінім тапсыру үшін қажетті құжаттарды жинастыруда. Жылдық жоспар бойынша 3372 бас ірі қара сатып алу керек болса, ол толығымен орындалды.

Сол сияқты, үстіміздегі жылы Тайынша ауданында 1098 басқа шақталған 173 отбасылық бордақылау алаңы құрылды.

Бүгінгі таңда елімізде мал шаруашылығын дамыту ұлттық жобаға айналды. Оны жүзеге асыру елімізде кешенді түрде жүргізіліп жатқанына жоғарыда аталып өткен бағдарламалар дәлел бола алады. Қазақтың дәстүрлі кәсібі мал шаруашылығын дамытатын мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланудың арқасында аудандағы ірі қара малдың саны – 2,4, қой – 1,9, жылқы 11,6 пайызға өсті. Десек те, ауданда шошқа мен құс санының өсімі керісінше, 17,4 және 37,4 пайызға кеміп кетті. Аудандағы барлық шаруашылықтардағы ірі қара малдың саны – 52377. Асылтұқымды малдың үлесі 17,4 пайызды құрады. Жыл басынан 736 асылтұқымды бұқа сатылса, соның 190-нын аудан шаруашылықтары алды. Бұл аудандағы ірі қараны асылдандыру жұмысы бұрынғыдан да жандана түседі деген сөз.

Ауыл шаруашылығы бүгінгі күні елдің тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен, ал өндірістік кешенді шикізатпен қамтамасыз ете алатын басты күш болып отыр. Соның ішінде мал шаруашылығы саласын мемлекет тарапынан қолдау көлемі жыл сайын артып келеді. Қазақстан мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Ірі қара генетикасы да жақсы. Сондай-ақ, мал етін экспорттауда әлеуеті зор.

Жалпы мал шаруашылығын сапалы деңгейге көтеру арқылы біз үлкен тиімділікке ие боламыз. Аталған сала егіншілік шаруашылығымен салыстырғанда, ауыл тұрғындарының жыл бойы жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді, бұл жергілікті халықтың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді. Нәтижесінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі нығаяды және оның экспорттық әлеуеті артады. Ендеше, қанымызға сіңген атакәсіппен айналысуда белсенділік танытайық.

Руслан КӨЛБАЕВ,

Тайынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің

басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp