Мен Иранда туған қазақпын. Атамның аты – Қазақ, әкемнің есімі – Әскер. Шетелде жүрген қандастардың арасында өздерінің қандай ұлт екенін таныту үшін, әрі ұрпағына ұлтын ұмыттырмау мақсатында Қазақ деп ат қою кең таралған. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан үрдіс. Сол себепті әкем бала күнімізден: «Аяқтарыңа тұрып, оң-солдарыңды таныған кезде елге қайтыңдар», – дегенді жиі айтатын.
Қазір 14 баладан екі қыз ғана Иранда қалды, қалғанымыз Қазақстанға қоныс аудардық. Мен көштің басын Солтүстік Қазақстан облысына бұрсам, қалғандары Маңғыстау өңіріне тұрақтады.
Қызылжар өңіріне 2021 жылы көшіп келдік. Жергілікті билік те, халық та жанашырлықпен қарсы алды. Бұл жақтың тұрмыс-тіршілігіне бойымызды үйрете жүріп, тілді де меңгеріп алдық. Осы уақыт аралығында құжат жасауда, балаларды мектепке орналастыруда ауыл, аудан әкімдігі, мектеп ұжымы жан-жақты қолдау көрсетті, жақсылықтары мол болды. Соған қатты ризамыз.
Осы жерге орнығып, құжаттарды реттегеннен кейін ешкімге қол жаймай, өз бетімізше күн көрудің қамына кірістік. Облыс орталығына келіп құрылыс саласында жұмыс істедік. Бірақ отбасың ауылда, өзің қалада жүріп жұмыс істеу ыңғайсыз екен. Екі ортада ала шапқын болғанша, ауылда отырып, мал өсірейін деген шешімге келдім. Алайда мал алмас бұрын қора-қопсы салу керек. Мал өсіремін деген ниетімді қолдаған жергілікті әкімдік 25 сотық жер берді. Сол жерге қора салдым. Құмблокты да өзім құйдым. Иранда тұрған кезде көршім осы істі кәсіп етті. Кейде көмектесіп, бірге құйысатынмын. Соның пайдасы тиді. Қостанайдан арнайы құрылғы сатып алып, өзіме де, тапсырыспен көрші-қолаңға құмблок құйдым. Петропавлда құрылыста жүріп тапқан, тапсырыстан түскен қаржының басын қосып, 2023 жылдың соңында 28 торпақ сатып алдым. Қазір олар бірінен соң бірі бұзаулап жатыр. Сонымен қатар мемлекет 1 млн. 480 мың теңге сомасында қайтарымсыз грант берді. Бұл қаржыға 4 сиыр сатып алдым. Қазір осы малдарды бағысуға екі адам көмектесіп жүр. Жалпы малдан пайда табу үшін оның басын көбейту қажет. Болашақта қара малдың санын 100-ден асыруды көздеп отырмын. Сонымен қатар 20 шақты қойым, оларды бағатын бір атым бар.
Атамекенге қоныс аударғаныма еш өкінбеймін. Осы шешімді қабылдаған кезде зайыбым Мақтап қолдап, балаларымыздың болашағы үшін «нар тәуекел» деп едік. Қазір бес балам өз жерінде өсіп, ана тілінде білім алып жүр. Біз де ойда жүрген жоспарларымызды жүзеге асырып, қалың қазақтың ортасында байқуатты ғұмыр кешуге талпынып жатырмыз. Түсіне білгенге бұл да бір бақыт!
Нәжіб ҚАЗАҚ,
Николаевка ауылының тұрғыны.
Есіл ауданы.