Немерелерімнің бал қылығына көзайым болып отырған қуанышты сәтімді мезгілсіз телефон қоңырауы бөлді. Тұтқаны көтерген келінім, арғы жақтағы адамның мені сұрап жатқанын айтқасын, телефонды қолыма алдым. “Мен пәленше деген қажымын”, – деді саңқылдаған әйел дауысы. Тіпті, еркін сөйлеп, есіміне қажы деген сөзді қосып айтқанына қысылмаған танысымның бұл қылығы маған кәдімгідей ой салды. Қажылыққа барып келгені кеше ғана еді, ал бүгін үлкен бір іс тындырғандай “қажымын” деп кеуде қағады.
Бүгінгі күні маған біздің арамызда қажылықты парыз үшін емес, мақтаншылыққа бола өтеп келгендер көбейіп бара жатқандай сезіледі. Қажы атану бұрын біздің әкелерімізге арман еді ғой. Ұлы сапарға екінің бірінің жолы түсе бермейтін. Қажылық парызын өтеп келген аталарымыздың, қазір ойлап отырсам, ақылдылығы, данагөйлігі адам сүйсінтеді. Соның өзінде олар қажы атанғанын жария қылмай, кішіпейілділікпен әдеп сақтайтын. Жүріс-тұрысы, сөзі, отбасындағы өнегесі арқылы бүкіл ауылға үлгі бола білген талай қажылардың есімдері әлі күнге дейін құрметпен аталады. Ал бүгінгі күні қасиетті Мекке жерінде мінәжат етіп қайтушылардың қатары көбейген сайын қажылардың қадір-қасиеті қашқандай. Өйткені, біздің арамызда арзан атаққа құмарлар бар. Телефон шалған танысым басқа жерлерде де өзінің қажы екенін айтып, мақтанбасына кім кепіл?!
Әрине, қажылардың бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Біздің арамызда да жетім-жесірге қол ұшын беріп, сауапты амалдары арқылы алғысқа бөленіп жүргендер аз емес. Оларға Алла риза болсын, өзгелерге қамқорлық пен қайырымдылықтың үлгісін көрсетіп жүр.
Қажы – шариғаттың барлық парыздарына, оның ішінде бес уақыт намазды жамағатпен оқуға көңіл бөлу, Құран оқу, зікір ету, дұға жасау, адамдарға қарайласу, мұқтаждарға көмек қолын созу, кедей-кепшікке садақа тарату сияқты сауапты іс-амалдарымен ерекшеленеді.
Биыл төрт мыңнан астам отандасымыз ұлы сапарға барып қайтты. Сөзсіз, қажылық – сауапты сапар, қиындығы мол, үлкен сабырлылық пен терең төзімділікті, риясыз тақуалықты талап ететін ғибадаттың түрі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алла Тағала ризашылығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, жаман қылықтардан, күнәлардан сақтанса, анасынан туылғандай пәк болып қайтады», – деген. Қажылықтың әр минутын құлшылықпен, дұға-тілекпен өткізудің сауабы мол. Бірақ парызын өтеп қайтқандардың бәрі бірдей қажылықтың байыбын түсіне алады деп айту қиын. Аман-есен оралғаннан кейін пәленше мың доллармен жолға шыққанын, бес жұлдызды қонақүйден бөлме алғанын мақтан қылатындарды да көріп жүрміз. Ал әке-аталарымыздың заманында мұндай жеңілдіктер болған емес. Олар мыңдаған шақырым жолдарды жаяу жүріп, ассусыз Меккеге жететін. Міне, Алла Тағалаға деген шексіз сүйіспеншіліктерін осылай дәлелдеуші еді ғой.
Алыс жолдан қиындық көріп қайтқандар, мінез-құлқын жақсылыққа бұрғандар, шын мәнінде, ұлы сапардың парызын түсінгендер ғана нағыз қажы атанады. Қажылық – мұсылманның өз қаражатымен және бар болмысымен орындайтын құлшылығы. Бұл ғибадатқа түйірдей атаққұмарлық немесе даңққа бөлену үшін баруға болмайтынын әркім түсінуі керек.
Қажылықты ниет еткен адам өзі жоқта отбасын ішіп-жемнен тарықтырмайтын, табысы мен мал-мүлкінен зекет және мұқтаждарға садақа беретін, жасаған күнәлері үшін Алла Тағаладан кешірім сұрап, тәубеге келген мұсылман болуы құба-құп. Сонымен бірге шариғат талаптарына сай қажылық парызын өтеуге ниет еткен адамның ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, жасы кәмелетке толған және қажылық шығынын адал еңбегімен тапқан болуы шарт. Қажылық – жаман әдеттерімізді тастап, көркем мінез-құлық қалыптастыруымыз үшін үлкен мүмкіншілік. Өйткені, ихрам кигеннен кейін көптеген пендешілік әрекеттерді тоқтатуға міндеттіміз. Қажы адам Алланың әмірі мен тыйым салғандарына бұрынғыдан да зор жауапкершілік арқалайды.
Алдымен қажылық парызын өтеген мұсылман Аллаға жақындауды ниет етіп, мақтангершілікке, жалған атаққа және көзбояушылыққа жол бермеуі керек. Алған қарыздарын өтеп, қолында аманат заттар болса иесіне қайтарғаны жөн. Өткен күнәларына өкініп, тәубеге келу және қайталамауға шешім қабылдауы тиіс. Біреулерге қатысты әділетсіздік жасаған болса, оның орнын толтырып, кешірім сұрауға міндетті. Барлық күнә атаулыдан бойын аулақ салуы, ешкімге зиян тигізбеуі, балағаттамау, сыртынан тілдемеуі, дауласпауы және өтірік айтпауы шарт. Сабырлылық, кешірімшілдік, жайсаңдық, жұмсақтық, байсалдылық, кішіпейілділік, жомарттық, әділдік, мейірімділік, аманатшылдық, шыншылдық, ұялшақтық сияқты көркем мінез қажыларымызға тән болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Сапура ТӘШЕНОВА,
еңбек ардагері.
Петропавл қаласы.