Ақселеу Сейдімбек – менің атам. Ол – Алаш жұртына аты мәлім, қазақтың біртуар азаматы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті қоғам қайраткері, белгілі журналист, ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз.
Менің есімімнің Тарлан деп қойылуының өз себебі бар екен. 2001 жылы досы Асанәлі Әшімов “Тарлан” сыйлығының лауреаты атанғанда, оның қасында атам мен Иманғали Тасмағамбетов болыпты. Дәл осы күні мен де дүние есігін ашыппын. Атам менің туғанымды естігенде, қуанышын екеуімен бөлісіп, “Немеремнің есімін бірге қояйық”, – деп ұсыныс айтыпты. Олар әрі-бері ойланып, мені ақыры Тарлан атапты.
Алғаш мектеп табалдырығын аттағанда, атамның маған өз қолымен домбыра жасап бергені есімде. Сол ұлттық аспапты қолыма ұстатар бұрын “5 мың күй мен 5 мың әнді жатқа біл” деп тілегін айтқан еді. Бұлай айтуының да себебі бар. Атамның қазақтың күй өнерін түп-тамырына дейін зерттеп, “Күй-шежіре” атты кітап шығарғанын білемін. Осы кітапта әлгі ән мен күйлердің бәрі бар. Жалпы оның қазақтың күй өнеріне деген қызығушылығы “Лениншіл жас” газетінде жұмыс істеп жүрген кезінде басталыпты. Кейін қазақ радиосы мен телевизиясы арқылы Жәнібек Кәрменовпен бірге халық әншілері мен әншілік дәстүр жайында хабарлар жүргізді. Бертін келе өзі де Несіпбек Айтұлымен, Жәнібек Кәрменовпен бірлесіп “Сарыарқа”, “Дәурен-ай!” атты ұлт рухын көтеретін тамаша әндердің жарық көруіне ұйытқы болды. 2009 жылы Астанаға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері келгенде, олардың алдында Бекболат Тілеуханов осы “Сарыарқа” әнін шырқаған еді.
Атамның сырлас алты досы болыпты. Олар – Оралхан Бөкей, Кәрібай Ахметбеков, Кәдірбек Сегізбай, Серік Әбдірайымов, Қуанышбай Құрманғали, Бексұлтан Нұржекеев. Атам мен оның достарын халық “Жеті жетім” деп атаған екен. Бұлай атауларының себебі – осы жеті достың бәрінің де әкелері соғыстан оралмаған. Атамның әкесі Сталинград соғысында қайтыс болыпты.
1942 жылы ұлы атам Слан әскерге шақырылып, қалаға кеткен уақытта шыр етіп баласы дүниеге келіпті. Мұны естіген Слан атам баласын көру үшін ауылға оралған екен. Атамның мұнысын елдің ақсақалдары жамандыққа балап, “Сені енді осыдан кейін көре алмайтын шығармыз”, – деп болжапты. Сонда бар ойы жаңа туған баласында болған Слан атам үйге кіріп, баласын маңдайынан иіскеп, қайтарында “Балам сондай аппақ екен, мен оның есімін Ақселеу қоямын”, – депті. Дәл осы жылы ақсақалдардың болжағанындай ол майданда қаза тапты.
Атамның артында мол мұрасынан басқа, саналы ұрпағы қалды. Төрт баласынан сегіз немере тарады. Сол төрт баласының үшеуі қыз болса, біреуі – ұл. Ол – менің әкем Ерлан. Бүгінде ол Павлодар облыстық әділет департаментінің басшысы қызметінде. Жалпы отбасымызда үш баламыз. Сауран атты інім мен Аружан деген қарындасым бар. Яғни, атамыздың болашақта ұрпағын жалғастыратын Сауран екеуіміз.
Атамның шығармашылығын өз зердемнен өткізіп, оны өскелең ұрпаққа басқа қырынан таныстыруды немерелік парызым деп шештім. “Алаштың Ақселеуі” атанған атамның шығармашылығын зерттеу барысында оның қазақ халқының бұрын жиналмаған, зерттелмеген қара өлең мен күй-аңыздарын алғаш рет рухани айналымға түсіргенін білдім. Сондай-ақ, атам алғаш рет Гомер туындыларын қазақшалады; қазақтың эпостық жырларын қара сөзбен насихаттаудың шебері болды; тарихты тұлғалар арқылы зерделеуді бастады; этнографиялық және этнологиялық ізденістерді жандандырушы; қазақтың музыкалық мәдениетінде бес мектептің барын айтты; қазақ халқының тарихын ру-тайпаға бөлмей, біртұтас этнос ретінде қарастырудың дұрыстығын шежіре-аңыздар негізінде дәлелдеп берді.
Атам 2009 жылы дүние салды. Ол кезде мен 3-сыныптың оқушысы едім. Жанымыздан жырақтағанына 7 жылдан асса да, оның айтқан сөздері, ақыл-кеңесі есімнен шыққан емес.
Тарлан СЕЙДІМБЕК,
Әл-Фараби атындағы қазақ мектеп-лицейінің
10-сынып оқушысы.