Өткен жұма күні облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенконың қатысуымен Тайынша ауданының әкімі Ержан Иманслям тұрғындар алдында есеп беріп, жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Есеп беру кездесуінде Ержан Иманслям ауданның даму көрсеткішіне тоқталып, алда тұрған міндеттерді атап өтті. Оның айтуынша, былтыр жалпы саны 85 есепті кездесу өтіп, бақылауға алынған мәселелер 100 пайыз орындалды. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша да қыруар жұмыстар атқарылды. Мәселен, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 85,5 миллион теңге бөлініп, Летовочный, Алабота, Краснополян орта мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ, жастар тәжірибесі ұйымдастырылып, кадрларды қайта даярлау жүзеге асырылды. Ал мемлекеттік “Ақ бұлақ” бағдарламасы шеңберінде 918,4 млн.теңге бөлініп, бұл қаражатқа Тайынша қаласы, Чермошнян және Тихоокеан ауылдарында су тарату желілерінің құрылысы жүргізілді. Ауыл шаруашылық өнімінің жалпы көлемі 45 780,9 млн. теңгені құрайды.
“Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру” жобасын іске асыру аясында – 1936 мал басы, ал мемлекеттік “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 56,2 млн. теңгеге 257 бас ірі қара сатып алынды. Ауданда абаттандыру, санитарлық тазалау, көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру жұмыстары мақсатты және жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Өткен жылы өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша 32 елді мекенде 33,4 млн.теңгенің 28 жобасы іске асырылды.
Алда кезегін күтіп тұрған істер де аз емес. Биыл “Биохим” зауыты қайта іске қосылып, 400 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Сонымен қатар, Тайынша қаласындағы 12 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау да жоспарда бар.
Аудан әкімінің баяндамасынан кейін кездесуге жиналған тайыншалықтар көкейлерінде жүрген сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Көбіне жазбаша түскен сауалдарда аудандық аурухана қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету, “Ақ бұлақ” мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы, елді мекендерді жарықтандыру, тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша мәселелер қамтылды. Сұрақтарға нақты жауап берілді.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко “Құлан”, “Сыбаға”, “Алтын асық”, “Ырыс” сынды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға белсене қатысу қажеттігін айтты.
Айгүл ТӘШЕТОВА,
журналист.
Тайынша ауданы.