«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУМАҚТЫҚ ДАМУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ 2013 жылғы қорытындысы

Солтүстік Қазақстан облысы аумағын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы 2010 жылы 27 желтоқсанда жергілікті мәслихат сессиясының шешімімен бекітілген болатын. Ол “Өңірдің экономикасын дамыту”, “Әлеуметтік саланы дамыту”, “Өңірдің инфрақұрылымдық кешенін дамыту”, “Облысты аумақтық (кеңістіктік) дамыту”, “Мемлекеттік қызмет жүйесін дамыту” атты бес стратегиялық бағыттан тұрады, онда 25 мақсатты жүзеге асыру және 45 мақсатты индикаторларға, сол сияқты, нәтижелердің 100 көрсеткішіне қол жеткізу қарастырылған.

2013 жылғы мониторингтің қорытындысы бойынша, жүргізілген жұмыс барысында “Облысты аумақтық (кеңістіктік) дамыту”,“Өңірдің экономикасын дамыту”, ”Әлеуметтік саланы дамыту” атты стратегиялық бағыттарда мақсатқа жетудің көрсеткіші жоғары екендігі байқалды.

2013 жылғы бағдарламаны жүзеге асыруға арналған 239 шараның 211-і немесе 88,2 пайызы орындалды.  

Бағдарламаның жоспарланған шараларын орындау облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларымен тікелей байланысты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың қолданған шараларының нәтижесінде көрсеткіштердің оң серпіні байқалады.

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы (ҮИИДМБ) және Индустрияландыру картасы аясында өнеркәсіпте сомасы 992,2 млн. теңгенің 3 жобасы жоспарланып, бәрі де жүзеге асырылды. Атап айтқанда, ҮИИДМБ аясында “Петропавл құбыр зауыты” ЖШС-де құны 170,2 млн. теңгенің диаметрі 820 мм.-ге дейінгі болат құбырлардың сыртына таттануға қарсы үш қабат төсем жабуға арналған желі орнатылды. Онда 12 жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру картасы бойынша “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-да доңғалақты техникаларды жаңғырту үшін жаңа корпус салу арқылы өндіріс орны кеңейтілді. Бұл жобаның құны – 167 млн. теңге. Бағдарлама аясында 44 адам жұмысқа тартылды. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі құны 665 млн. теңгенің сүт өңдеу кешенін іске қосып, 12 адамды жұмыспен қамтамасыз етті.

Нәтижесінде, 2013 жылдың қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары шығарған өнім 151,9 млрд. теңге болды. Физикалық көлем индексі (ФКИ) – 105,1 пайыз. Ұқсату кәсіпорындарында сомасы 114,9 млрд. теңгенің өнімі шығарылды, ФКИ – 108%, машина жасауда – сомасы 32,3 млрд. теңге, ФКИ – 110%.

Ауыл шаруашылығында да оң нәтижелерге қол жеткізілді. Өсімдік шаруашылығында жаңа қор сақтау технологиясын енгізудің, сол сияқты, ауа райының қолайлылығының арқасында 4,5 млн. тонна өңделгеннен кейінгі салмақта астық жиналды, ол 2012 жылдың көрсеткішінен 0,2 млн. тоннаға артық, орташа астық шығымдылығы гектар басы 12 центнерден айналды, бұл алдыңғы жылғыға қарағанда шығымдылық 1,1 центнерге артты деген сөз. Мал шаруашылығында 2013 жылы 815 басқа арналған 4 асылтұқымды репродуктор шаруашылық, 3,4 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдары құрылды, оның ішінде “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 2,5 мың бас мал сатып алынды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім өндіру көлемі 264,9 млрд.теңгені құрады, ФКИ –111,2%.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 79 кредит алушыға 5,1 млрд. теңгенің демеуқаржысы берілді, 14 кредит алушының 683,6 млн. теңге сомасы кепілдендірілді, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға арналған сомасы 430,9 млн. теңгенің 13 өтінімі мақұлданды. 2013 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді субъектілері шығарған тауарлар сомасы 294,7 млрд. теңгеге жетті, ол алдыңғы жылғы деңгейден 3,5 пайыз көп.

Әлеуметтік салада да тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және оң өзгерістерге қол жеткізуге бағытталған кешенді шаралар қабылданды.

2013 жылдың басынан бері білім беру саласында 319 орындық 7 мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілді. Бұдан басқа, қолданыстағы мектепке дейінгі мекемелерді кеңейту есебінен 707 жаңа орын ашылды. Соның нәтижесінде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 89,3 пайыз болды.

Денсаулық сақтауды дамытуға ерекше назар аударылады. 2013 жылы осы салада 23 млрд. теңгеден астам қаржы игерілді, соған орай бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізілді: жалпы кісі өлімі 3 пайызға, ана өлімі 2 есеге, туберкулезбен ауыру 1,7 пайызға, туберкулезден өлу 19,5 пайызға азайды, балалар арасында туберкулезден өлу жағдайы тіркелген жоқ.

Бір ауысымда 250 адам қабылдайтын 4 аудандық емхананың құрылысы жүргізіліп жатыр.

Тұрғындарды әлеуметтік қорғау саласында аз қамтылған азаматтардың еңбекке қабілеттілерін жұмыспен қамтуға және олардың кіріс деңгейін көтеруге бағытталған шаралар кедейлік деңгейін азайтуға жағдай жасады.

Жұмыссыздар саны 23,8 пайызға қысқарды. Экономикалық белсенді тұрғындар санындағы тіркелген жұмыссыздардың үлесі 2012 жылғы деңгейден 0,1 пайыздық пунктке төмен.

2013 жылы 13602 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды, 29014 жұмыссызға жұмысқа орналасуға қолдау көрсетілді.

Инфрақұрылымдық кешенді дамыту үшін есепті кезеңде облыстағы КТ-68 “Лавровка-Келлеровка-Тайынша-Чкалово” автожолының 9,4 шақырымы қалпына келтірілді, жергілікті маңыздағы автожолдардың 124,4 шақырымына күрделі және орта жөндеу жүргізілді. Тұтастай алғанда, 2013 жылы облыстық және аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 5 млрд. теңгеден астам бюджет қаражаты игерілді.

2013 жылы жалпы алаңы 115 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді немесе 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 114,3%.

Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 2013 жылы қаңтар-желтоқсан айларын қоса есептегенде 101,5 млрд. теңге болды немесе алдыңғы жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткішпен деңгейлес болды.

Облыс аумағын дамытуға көмектесу мақсатында облыстың ауылдарындағы денсаулық сақтау саласына – 83, білім беру саласына 264 маман тартылды.

Сараптама көрсеткеніндей, аумақты дамыту бағдарламасын жүзеге асыру облыс экономикасының өсуіне, тұрғындардың өмірі үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Мониторинг жүргізудің нәтижесі бойынша индикаторлар мен көрсеткіштердің жоспарлық мәніне жетпеу тәуекелі бар салалар анықталады. Мониторингтің қорытындылары негізгі проблемаларды, тәуекелдерді, тежеуші факторларды сараптау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жөнелтіледі, ол бағдарламаны барынша сапалы жүзеге асыруға, түптеп келгенде, облыс тұрғындарының өмірін жақсартуға жағдай жасайды.

Айгүл ХАСЕНОВА,

облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының

 міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp