«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАСТАРЫНЫҢ АЛҒЫСЫНА ИЕ

Мағжан Жұмабаев ауданының Успенка ауылында тұратын Дмитрий Кнауб “Сыбағадан” сый алып, ірі қараның басын көбейтіп және оларды асылдандыруды қолға алған.

Ол мал шаруашылығымен айналысуды 2014 жылдан бастаған екен. Алдымен өз қаражатына 30 бас ірі қара сатып алады. Осылайша өзінің мүмкіндігін бағамдап көрген азамат қолынан келетін іс екенін түсінгеннен кейін өткен жылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 4,7 миллион теңге несие алады. Мемлекеттік бағдарламаны оңтайлы пайдаланған ол қазақтың ақбас сиырынан 22 бас және “Жамбай” ЖШС-нен герефорд тұқымды 2 бұқа сатып алды. Бүгінгі күні қожалықта мал саны алпыс бестен асқан. Мұнда ірі қарамен қатар, жылқы, қой, шошқа да өсіріледі.

– Осыдан екі жыл бұрын мал қорасын салсақ, былтыр қойманың құрылысын аяқтадым. Қысқа 250 тоннадай шөп және осыншама сабан дайындадық. Күзгі орақ кезінде жинаған арпа, бидай және тағы да басқа дәнді дақылдарды қамбаға құйдық, – дейді Дмитрий Александрович.

Қожалықтың дәнді дақылдар егетін 549 гектар алқабы мен 100 гектар жайылымы бар. Жалғыз адамның мұның барлығының басықасында жүре алмасы анық. Осы орайда Дмитрий Кнауб қызметкерлерін аса жауапкершілікпен таңдап, оларға зор сенім артады. Содан да болар, шаруа қожалығында еңбек етіп жатқан әр жұмысшы өз ісіне тиянақты. Мәселен, мал шаруашылығына төрт адам жауапты. Олар жыл бойы ірі қара мен ұсақ түліктерді шашау шығармай өсіріп, бағуда. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Еңбекақылары да қысы-жазы 100 мың теңгенің үстінде. Сондықтан да жұмысшылар аянбай еңбек етіп, міндеттерін қалтқысыз орындауда.

– Мен шаруа қожалығында 15 жылдан бері жұмыс істеймін. Мұндағы жұмысыма да, жасалған жағдайға да көңілім толады. Техникалар ұдайы жаңартылып, еңбекақы уақтылы беріледі. Әр жұмысшының қысқа әзірлеген жемшөбі де тегін жеткізіледі. Басқа да жағдайларда техника көмегі қажет болса, онымен де қамтамасыз етеді, – дейді жұмысшылардың бірі Павел Заика.

Өзінің туған ауылы Успенкада ісін ашып, еңбек етіп жүрген Дмитрий Кнауб жергілікті мектепке көмектесуді, қыста жолды қардан тазалауды, ардагерлер мен аз қамтылған отбасыларға қамқорлық жасауды міндет санап, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,

журналист.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp