“Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” акциясы аясында Уәлиханов ауданында “Система-К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің газ құю бекетінің салтанатты ашылу рәсімі болды.
– Бұл бекетте аудан тұрғындары газбен жүретін автокөліктерін және газ баллондарын көгілдір отынмен толтыра алады. Халыққа сапалы қызмет көрсету бағытында аянбай еңбек етеміз, бұл мақсатта 7 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отырмыз, – деп атап өтті өз сөзінде учаске басшысы Жаслан Рахимов.
Нысан кәсіпкердің 18 миллион теңге көлеміндегі өз қаражатына салынды. Газ құю бекетінде жұмысшылар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған.
Газ бекетінің ашылу салтанатымен құттықтаған аудан әкімі Аман Төрегелдин серіктестік жұмысына сәттілік тілей отыра, аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсету, бәсекеге қабілетті болу үшін аянбай еңбек ету керектігін ескерте келе, қатысушыларды ел тарихындағы атаулы мерекемен құттықтады.
Сонымен қатар, серіктестік аудан тұрғындарына газдан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында – үйдегі газ пешінің жағдайын, баллонның дұрыс істеуін тексерту, телефон арқылы үйге мамандарды шақыру қызметтерін де көрсетеді.
Сарман АЯЗБЕКОВ.
Уәлиханов ауданы.