Ақжар ауданындағы Қулыкөл ауылында 90 орынға шақталған балабақшаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ауылдың бүлдіршіндеріне шексіз қуаныш сыйлаған “Балапан” бөбекжай-балабақшасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған “Балапан” мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерді.
Балабақшаның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Серікбай Тұралинов бүгінде аудандағы балалардың мектепке дейінгі мекемемен 100 пайыз қамтылып отырылғанын, сондай-ақ, Қулыкөл ауылында 32 жаңа жұмыс орнының ашылғандығын айтып, балабақша құрылысын уақытынан кешіктірмей, сапалы салып берген Көкшетау қаласының “Колорит Строй” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асхан Умекеновке Құрмет грамотасын табыс етті.
Еңбек ардагері Шайзат Мұхамедиева жиналғандарды ауыл тұрғындарын шаттыққа бөлеген айтулы оқиғамен құттықтап, алғысын білдірді. Балабақшаның салтанатты ашылу рәсімі жасалғаннан кейін ауыл тұрғындары заманауи жиһаздармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, жылы, жарық ғимараттың әр бөлмесіне бас сұғып, тамашалауға мүмкіндік алды.
Болат ӘМРИН.
Ақжар ауданы.