Адам баласына бәйтеректей тамырын тереңге жайған анадан жақын, анадан ардақты жан жоқ десек, артық айтқандық емес. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен асыл жан, отбасының алтын қазығындай, елінің сый-құрметіне бөленген, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан аяулы ана, Айыртау ауданының Елецкое ауылында тұратын замандасым Күлбаршын Аяпбергенқызының өмірі көз алдымызда өтіп келеді.
Әкесі Аяпберген Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, алған жарақат салдарынан өмірден ерте озды. Күлбаршын әкесін жоқтатпай, қаршадайынан еңбекке араласып, анасы Сақыпқа қолқанат болды. Айыртау ауданындағы Қаратал орта мектебін тамамдағаннан кейін Мұратбек Сыздықовпен отбасын құрып, жұбайы екеуі алты ұл, төрт қыз тәрбиеледі. Ерлі-зайыптылар балаларының өз қалаулары бойынша оқып, білім алуларына жарғақ құлақтары жастыққа тимей, қолдарынан келген көмегін жасап, аянбай, тынбай еңбек етті.
Күлбаршын Аяпбергенқызы ырыстың бұлағын, бақыттың шырағын еңбектен тауып, жиырма жылдан астам уақыт бармағынан бал тамған сауыншы болды. Еңбегімен еленген сауыншы кезінде ауылдық кеңестің депутаты болып сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының шешімімен “Ардақты Ана” атанып, алтын жұлдызбен марапатталды. “Еңбек ардагері”, “Еңбекте үздік шыққаны үшін”, еліміз егемендік алғаннан кейінде “Күміс алқа”, “Алтын алқа”, “Жеңістің 70 жылдығы” медальдарының иегері атанды. Жұбайы Мұратбек “Қаратал” кеңшарында директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары, Казанка ауылындағы жұмысшылар кооперативінде қойма меңгерушісі болып жұмыс атқарып, зейнеткерлікке шықты.
“Бала – артта қалған із, бақыт – ұзатылған қыз” демекші, ұлдарын – ұяға, қыздарын қияға қондырған асыл ананың бүгінде балаларының барлығы дін аман, әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтеріп, түтін түтетіп отыр. Балаларының ең үлкені – Нәсиха Мұратбекқызы Қарағанды қаласында дәрігер-терапевт болып қызмет істейді. Бір ұлы – мал дәрігері. Ол Елецкое ауылына жұмысқа орналасып, соңынан бауырларын да осы елді мекенге тартқан. Бүгінде ағайындылардың бірнешеуі осы ауылда тұрып жатыр. Тағы бір баласы – Астанада, екіншісі аудан орталығында еңбек етіп жүр.
Бауыр еті балалары үшін аяулы ана, немерелеріне сүйікті әже бола білген Күлбаршын қазақтың ата салтымен ең кіші ұлы Руслан мен келіні Сәуленің қолында тұрып жатыр. Русланы – орманшы, Сәулесі “Жер-Ана” серіктестігінде диспетчер болып қызмет істейді. “Жақсылық еткен алғыс алады” дегендей, Күлбаршын Аяпбергенқызы – балашағасының қамқорлығына бөленіп, мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайған отбасының анасы ғана емес, елінің де алғысын алған ардақтысы.
Айтмағанбет ДАУЫЛБАЙҰЛЫ,
еңбек және тыл ардагері,
“Құрмет” орденінің иегері.
Айыртау ауданы.