«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛЫНА ЖАНАШЫР ЕДІ

Ел егемендігін қуана қарсы алғанымызбен, елең- алаң шақтағы қиын күндерді кейінгі буын жете біле бермейді. Сондықтан экономикалық тығырықтан шығу жолында «күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей» жүріп, туған жерінің гүлденуі үшін саналы ғұмырын арнаған азаматтарды ардақтау, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғастыру – парызы. Мамлют ауданындағы Бостандық ауылының тумасы Айбас Сыздықов іскер басшы, туған жеріне, ағайын-туғанға қамқор, жанашыр азамат болды. Елі үшін қалтқысыз қызмет етіп, кездескен сынақтарға тайсалмай төтеп берді.

Текті әулеттен тараған Айбас інімді бала күнінен білетін едім. Әкесі Қажымолда – ағаштан түйін түйген шебер, анасы Уәзипа қазақы тәрбиенің темірқазығы іспеттес еді. Осындай өнегелі отбасынан тәлім алған бауырым сабырлы, салмақты, көпшіл қасиеттерді бір басына тоғыстыра білді. Шежіре дерегіне сүйенсек, Айбас – Ашамайлы Керейдің Тарышы руынан тарайды, ел Тәуелсіздігі жолында күрескен бабасы Айтбай батырдың тікелей ұрпағы. Бала кезінен өзгелерден ерекшеленіп тұратын. Бізбен бірге асыр салып ойнағаннан гөрі көп тыңдап, аз сөйлейтін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шаруашылықтар шатқаяқтап, тұрғындар не істерлерін білмей дағдарып қалғанда ол Бостандық ауылын сақтап қалуға білек сыбана кірісті. Жерлестерінің тұрмыстық ауыр жағдайын терең түсініп, тез арада шаруа қожалығын құрып, нарықтың жаңа талаптарына бейімделді. Мектеп, балабақша, наубайхана, басқа да әлеуметтік нысандарды сақтап қалды. Жылу, жарық, жол, техника мәселелерін басты назарда ұстап, мұғалімдердің жалақысына дейін жәрдемдесіп тұрды.

Талай елді мекендер «жабайы нарықтың» қыспағына шыдай алмай тұралап қалса, Бостандық ауылы сол бір қиын- қыстау кезеңде сақталып қана қоймай, өркендеу жолына түсті. Облыс бойынша жаңа нарықтық экономикаға көшудің үлгісі ретінде өзгелерге тәжірибесі ұсынылды. Өңірлік семинар- кеңестің біздің ауылда өткізілуі – соның нақты айғағы. Уақыт өте аға буын өкілдерінің қатары сиреп, Айбас Қажымолдаұлының еңбегін жоққа шығарушылар табылып жатты. «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, керітартпа көзқарастағылардың болатыны заңды, олардың ұстанымдарының теріс екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Өзім Бостандық ауылының тумасы әрі Айбас ініммен отыз жылға жуық бірге қоян-қолтық жұмыс істеген мектеп директоры ретінде айтарым, Бостандық ауылының жаңаруы мен өркендеуіне оның сіңірген еңбегі зор. Бүгінде ауылымыздың еңсесі биік. Мәдениет үйі қайта жаңартылды, медициналық пункт бой көтерді. Көшелерге асфальт төселіп, әр үйге су құбыры тартылды. Халықтың тұрмысы түзеліп, әлеуметтік белсенділігі артты. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражат пен ауыл тұрғындарының пай үлестерінің бір бөлігі әлеуметтік мәселелердің орнықты дамуына бағытталған. Інімнің жүзеге асырған жақсы шараларының жалғасын тауып жатқанына тек қуанамын.

Ауылдастары Айбасты тек еңбек адамы ғана емес, адамгершілігі мол, кісілік келбетімен көпке үлгі болған азамат ретінде де бағалайды. Қандай қиын сәтте болсын сабырлы қалпын жоғалтпай, тіл табыса білетін. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету дағдысынан жаңылған емес. Жан жары Гүлшара екеуі тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары ел игілігі үшін қызмет етіп жүр.

Айбас інімнің былтыр өмірден озуы – орны толмас қаза. Бергенінен берері көп еді. Жарқын бейнесі мен өнегелі істері ұмытылмайды, жүрегімізде сақталады. Иманы жолдас, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болғай.

Қажымұрат НӘСИҰЛЫ,

ардагер ұстаз, білім беру ісінің үздігі, Мамлют ауданының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp