«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ МАЛЫМЕН АЖАРЛЫ

Тайынша ауданына қарасты Аққұдық ауылының тумасы, қара жолдың шаңын аспанға көтеріп, қора-қора мал айдап, аттың құлағында ойнап өскен қарапайым ауыл баласы Айдар Ілиясов те орта мектептің он бірінші сыныбын бітірісімен қатарластары сияқты қалаға қарай бет түзеді. Жоғары сыныптың бел ортасында жүргенде жанына маза бермей, ойына орала беретін заңгер болуды мақсат етіп, көршілес Ақмола облысындағы іргелі оқу орындарының бірі – Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің заңтану мамандығын ойдағыдай бітірді. Кішкентайынан ақсақалды атаның асыл махаббатына бөленіп өскен оның оң-солын ажырата алмайтын бала күнінен алысқа қарап, биікті армандауы, қияға талпынуы бекерден бекер емес еді. Оның үстіне айтар сөзін ақылмен сайлайтын діндар Әлбидақ атасының “Қатарыңның алды бол” деген батасы немересінің қай жерде болсын оқ бойы озық атануына әбден септесті. Айдар жоғары оқу орнында оқып жүргенде оқытушыларының алғысына бөленді, атқамінеріне сенім артқан ата-анасын түрлі жеңістерімен, мақтау, марапаттауларымен қуанта білді. Жанына жақын жұмысқа да орналасты. Алайда, жүрек таңдауы заң саласы емес еді.

– Мен университетті бітірген жылдар Сарыарқаның төсінде бой көтерген әсем Астанадағы құрылыстың қызу қарқынмен жүріп жатқан уақыты болатын. Күмбездері көк тіреген зәулім-зәулім үйлер, көркіне көз сүрінетін ғимараттар – барлығы көздің жауын алардай әсем болды. Оларды көзбен көрген соң құрылыстың, жалпы сәулет өнерінің қыр-сырын үйреніп, өзімді өзге салада да неге байқап көрмеске деген сауал санамда сайрап қоя берді. Оның үстіне, құрылыста жол көрсетуге жарайтын көп жылдар бойы еңбек етіп, маңдай терлерін сіңірген ескі таныстарым да бар, – деген жас жігіт алғаш еңбек жолында қарапайым құрылысшы, одан кейін бригадир, араға көп жыл салмастан бөлім басшысына дейін көтерілді. Еңселі елорда ғана емес, еліміздің Шымкент, Көкшетау, Павлодар сынды қалаларындағы көрікті орындардың бой көтеруіне, қала сәулетінің ажарлануына бір кісідей атсалысты. Бүгінде мүлдем басқа салада қызмет етіп, нәпақа тауып ата-анасын, бала-шағасын асырап отырған Айдар ол кезеңді өмір мектебіндегі тәжірибе жылдары деп есептейді. Жайлы қоныс, қомақты жалақы, киім, тамақ – бәр-бәрі бір басынан табылған, тіпті “жегенім – алдымда, жемегінім – артымда” деп айтуға болатын шақтың бұйыртқаны көп болғанмен, ықылас пен мейірімнің, батылдық пен адалдықтың ауылында ержеткен жігіттің көңілінде бір күмән, бір арман, бір ұмтылыс жатты. “Артыңда тал немесе мал қалсын” деп үрім-бұтағына өсиет қалдырған данагөй халқымыздың қауып емес, тауып айтқанының астарына үңілді. “Алма ағашынан алысқа түспейді” дегендей, төрт түліктің сырын бес саусақтай білген атасының да тәлімінен болар, мал шаруашылығына бет бұрды.  

– Соңымнан екі ұлым еріп келеді. Өз кәсібіме қолтаңбамды қалдырып, ұршықша үиіріп, оларға аманаттауды міндетім санадым. Көп ойланып, бір шешімге келдім де, Астанадағы жұмыс орныммен, әріптестеріммен қоштасып, өзім туып-өскен Аққұдыққа оралдым. Аққұдық ауылдық округінің әкімі Ертай Қалиақпаровпен кездесіп, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы жайында сұхбаттасып, қажетті мәліметті алдым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі қолға бір күрек табамын, шаруамды дөңгелетемін деушілерге жасап отырған оңтайлы жағдайын орынды пайдалануды ойлап, мемлекеттен үш миллион теңге несие алып, аталмыш қаржыға әрқайсысы 150 мың теңге тұратын 20 бас ірі қара сатып алдым, – деді ол.

Сүтті сиырларға арналған қоражайды да талғаммен ойластырады. Үй маңынан қора тұрғызып, қыстың қамын жаз ойлап, жемшөпті де сатып алады. Сондай-ақ, мал басын көбейту мақсатымен бір бұқа сатып алады. Ресейде шығарылған сауын аппаратын да алуды ұмытпапты. Қарамағында ауылдың екі тұрғыны жұмысқа орналасып, біреуі сиырларды сауып, сүтін көрші “Чкалов май зауытына” өткізсе, екіншісі қора-қопсының тазалығымен, өзге де шаруалармен айналысады. Ай сайын қырық мың теңге көлемінде жалақы алады.

Төрт түлікті несібе көрген Айдар қолға алғанына көп бола қоймаған шаруашылығын кеңейтпек ниетте. Қол астындағы қос қызметкеріне де тапсырылған жұмысқа тыңғылықты болуды, жануарларға күтіммен қарауды айтуды әдетке айналдырған. Өйткені, аянбай тер төксең ғана еңбектің жемісін көретініне сенімді. Айдардың бұдан өзге нәсібінің көзіне айналып отырған кәсіп көзі – жеке техникалық қызмет көрсету станциясы да бар. Құрылыста жұмыс істеп жүргенде қажет болады деген оймен жинаған бір миллион теңгедей қаражатқа “Омбы – Көкшетау” тасжолының бойынан ТҚС тұрғызды.

– Біздің ауылда бұрын-соңды машина жөндеу орындары болмады. Аққұдықтықтардың дені Чкаловқа барып, “темір тұлпарларын” жөндететін. Қазірде олай шапқыламайды. Сонда барлық жағдай бар, – деген жас кәсіпкер осы үшін ауыл ақсақалдарының алғысына бөленіп жүргендігін де қуанышпен айтты.

Біз әңгімелескен бір сағат уақыт ішінде Айдардың сөзге емес, керісінше іске мығымдығын анық байқадым. Осының барлығы балаларының жарқын болашағы, ауылының келбетті келешегі үшін істелініп жатқан батыл қадамдар екендігін айтқан ол қазақтың қарашаңырағы – ауылдың гүлденуі мал шаруашылығының өрістеуімен тікелей байланысты екендігін тілге тиек етті.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp