Шағын жинақты мектептер – бұл алыс мекендерде орналасқан қазақ ауылдарының ұйтқысы, олардың әлеуметтік-мәдени дамуының өзегі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған бір Жолдауында: “Ауыл – бұл халық өмірінің бейнесі, мәдениеті, дәстүрінің, салты мен рухани өмірінің қайнар көзі. Тек қана осы факторлар жиынтығы бізден ауыл мәселелеріне, соның ішінде оның мектебіне өте сергек қарауымызды талап етеді”, – деген болатын. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктері, ауыл тұрғындарының қалаға көшуі, жастардың ауылда тұрақтамауы шағын мектептер санының көп болуына әкеп соқты. Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында шағын жинақты мектептерді дамыту басым бағыттардың бірі болып белгіленген. Тайынша ауданындағы Мәдениет негізгі мектебі де – шағын жинақты білім беру ұйымдарының бірі. Бүгінгі таңда мектепте 28 бала білім алады. Сонымен қатар, мектеп жанындағы даярлық сыныбына 10 бүлдіршін келіп жүр.
Мәдениет ауылының көбесі сөгілмеген тұста мектебіміз негізгі емес орта білім беретін. Баланың көптігі соншалық, ескі мектепке бала сыймай, 1992 жылы екіқабатты жаңа ғимарат салынған еді. 162 оқушыға шақталған мектеп жылдар өте бала санының азаюына байланысты, негізгі мектепке айналды. Десек те, оқушыларымызға сапалы білім беруде бар күш-жігерімізді салып жүрміз. Әрі, елімізде білім беру саласына зор көңіл бөлінгендіктен, шалғай ауылда отырған мұғалімдер еш нәрседен тарлық көріп отырған жоқ. Көпшіліктің ауыл мектептері жайлы көзқарасы “Шағын жинақты мектептерде пән мұғалімдері жетіспейді немесе жүктеменің аздығы салдарынан шағын мектептерде бір мұғалім бірнеше пән бойынша сабақ береді”, – дегенге саяды. Мүлде олай емес. Бала саны аз болса да, мектебіміз қажетті пән мұғалімдерімен толық қамтылған. Қазіргі таңда оқушыларға сапалы білім беріп жүрген мұғалімдердің саны – 13. Өткен жылдан бері қатарымыз 4 жас маманмен толықты. Тың идеяның көзі болып саналатын жас мамандардың тәжірибе жинақтауына аға буын мұғалімдер көмектесіп, жұмыла жұмыс істеуде. Мектеп мұғалімдері оқушыларға сапалы білім бере отыра, өз біліктіліктерін де жетілдіруді ұмытқан емес. Себебі, еліміздегі білім беру жүйесі осыны талап етеді. Қазіргі заман талабына сай ұрпақтарымызды парасатты да, білікті, мәдениетті де, білімді етіп тәрбиелеп, олардың дүниетанымын адамзаттық деңгейде дамытамыз десек, бойында ұлттық және азаматтық намысы бар ұрпақ өсіргіміз келетін болсақ, онда мұғалімдеріміз қайта даярлаудан өтіп, білім берудің жаңа түрлері мен әдістерін жаңартуымыз қажет. Осы орайда мұғалімдеріміз кезек күттірмес міндетті орындау үшін жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық деңгейде өткізілетін семинарларға, курстарға, оқуларға жүйелі түрде қатысып, біліктіліктерін жетілдіруде. Сол жерде үйренгенін, әріптестерімен бөлісіп, тәжірибе ретінде ашық сабақтар өткізеді. Міне, осылай қоғамда болып жатқан өзгерістерге құлақ түре жүре, білім саласындағы реформаларды жүзеге асыруда атсалысып жүрген мұғалімдеріміз шағын ғана ауылдағы негізгі мектептің іргесін нығайтып, білім саласын төмендетпеу үшін тынбай еңбек етуде. Ауыл тіршілігіне қан жүгіртіп отырған Мәдениет негізгі мектебінің оқушылары да аудандық олимпиадаларға қатысып, білімдерін бағамдауда. Бұл – олардың білімдерін жалғастыру үшін орта мектепке барған кезде де зор көмек болатыны сөзсіз. Себебі, білімін жарыстарда сынап жүрген оқушы кез келген мектепте өз орнын табары анық.
Жалпы ауылдағы, әсіресе, шалғайда жатқан елді мекендердегі мектептердің жағдайы көңілге қонымды. Біз облыс орталықтарындағы мектептердей заманауи қондырғылармен, кабинеттермен толыққанды қамтылмасақ та, сапалы білім беретін кадрларды сақтап қалдық. Олардың біліктілігі, көп жылғы тәжірибесі оқушыларымыздың терең және жан-жақты білім алуына мүмкіндік ашып отыр. Осы орайда айтарым, бір кездері зиялы қауым өкілдерінің алтын бесігі болған ауыл мектептері әлі де өз әлеуетін жоғалтқан емес.
Бауыржан МӘЖІНОВ,
Мәдениет негізгі мектебінің директоры.
Тайынша ауданы.