«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ МЕКТЕБІ АЛДЫҢҒЫ САПТА ЖҮРУІ КЕРЕК

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан білім және денсаулық сақтау саласын жетілдіру, еңбекақыны көбейту, халық табысы мен мем­лекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру мәселелері педагогтер қауымына да үлкен міндеттер жүктеп отыр. 

Ел Президенті білім беру сапасын жақсартуға аса зор мән беріп, барлық жетістіктер осы саладан басталатынын меңзеді. Біздің ауданның ұстаздар қауымы Жолдаудағы әр жаңалықты талдап, сараптап, жұмысты осы бағытта жүргізуді қолға алды. Мәселен, биылғы жылы білім берудің жаңартылған бағдарламасында қоғам қажеттілігіне бағдарланған тақырыптар қамтылып отыр. Осыған орай аудан мектептерінің оқу бағдарламасы бизнес пен кәсіпкерлік негіздері, графика және жобалау, алғашқы әскери және технологиялық даярлық сынды пәндермен толықты. 

Президент өз Жолдауында атап көрсеткендей, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі білім беру сапасын жетілдірумен тығыз байланысты. Сондықтан маман даярлау ісі еліміздегі және ғаламдағы еңбек нарығынан тыс қалмағаны жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жоғары оқу орындарының алдына бәсекеге қабілетті, білікті маман даярлау, олардың оқу бітіргеннен кейінгі “өмірден өз орнын табуын”, яғни жұмысқа орналасу мәселесін қатаң қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, оны коммерцияландыру бағытында қарқынды және нақты жұмыстарды жүргізуді міндеттеді. Бұл бізге де үлкен салмақ жүктейді. Мысалы, Жолдауда айтылған қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтығын жоюдың бірден бір жолы елді мекендерге жас педагог мамандарды жаппай тарту болып отыр. “Дипломмен – ауылға!” жобасы аясында 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 252 500 теңге мөлшерінде көтермеақы төлеу түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Әлеуметтік қолдау шараларының қатарында тұрғын үй алуға 1500 АЕК немесе 3 787 500 теңгеден аспайтын мөлшерде бюджеттік несие беріледі. Үкімет келесі жылдан бастап осы бағыттағы қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі күні ауданымызда жас кадрларды жұмысқа тарту бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. 2018-2019 оқу жылдарында мектептерге 28 маман жұмысқа орналасты. Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі жағдай бойынша оқу бітіріп келген 30 мұғалім 5 млн. теңгеден астам соманың көтермеақысына ие болды. Ал оқу жылы басталғаннан бері ұстаздар қатары тағы 13 жас маманмен толықты. Солардың бірі Ғазиза Байтілеуоваға жаңа пәтердің кілті табыс етілді. Білім, денсаулық сақтау және мәдениет саласында Ғазиза сынды еңбек етіп жүрген ұл-қыздар бағдарлама арқылы кезек-кезегімен баспаналы болуға үмітті.

Ауданымызда шағынжинақты мектептер саны басым. Онда білім алатын балаларды басқа білім ордаларына ауыстыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Яғни, балалар мен ұстаздар саны жеткілікті, материалдық-техникалық базасы мықты мектептер жанынан ресурстық орталықтар ашып, шағынжинақты мектептерде оқитын балаларға қосымша білім берудеміз. Бастомар, Писарев, Александровское, Еңбекші-Қазақ ауылдарының балалары Возвышенка елді мекенінде оқып жүр. Биыл төрт ауылдың шағынжинақты мектептері үшін тағы бір ресурстық орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Мұндай орталықтар педагогтер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Біздің ауданымызда “Уақытша отбасы” қанатқақты жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба ауыл балаларына интернаттардың орнына отбасыларда тұрып оқуларына мүмкіндік береді. Бүгінде осындай 15 шаңырақта 17 бала тұрып жатыр. Жуырда олардың қатарына 15 отбасы қосылмақ. Цифрландырудың жол картасын жүзеге асыру бойынша оқу бағдарламасына “Күнделік.KZ” бірыңғай ақпараттық жүйесін біртіндеп енгізудеміз. 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 37 мектеп бұл жүйе бойынша жұмыс істеуде. Ауданымыздағы 24 білім ошағы “BilimLand” Білім беру платформасы” порталы арқылы интернетке қосылған. Ал 14 мектеп оффлайн режімінде ғаламторға шыға алады.
Президентіміз өз Жолдауында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан дарынды балаларды қолдауға зор мән беру керектігін алға тартты. Біздің аудан бойынша мұндай ортада тәрбиеленіп жатқан 984 бала бар. Балаларға үйірмелерге, білім беру орталықтарына және жазғы лагерьлерге баруға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, Президент аз қамтылған балалар қатарына кіретін барлық оқушы үшін тұрақты негізде кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл әлеуметтік көмекке тегін ыстық тамақ, оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету кіреді. Сапалы білім беру жүйесі ғылымның дамуынсыз мүмкін емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында білім сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Расында да, соңғы кездердегі деректерге сүйенсек, мектеп бітіріп шыққан түлектердің көбі жоғары оқу орнына түсе бермейді. Елімізде өнеркәсіп саласы мамандарына сұраныс жоғары. Сондықтан, жастарымыз келешекте бәсекеге қабілетті, заман талабымен үйлесімді іс таңдауы үшін кәсіптік бағдар жұмысын мектеп қабырғасынан бастағанымыз абзал. Яғни, осы сала мамандарын шет елден іздемеу үшін қазақстандық жоғары оқу орындары мен арнайы техникалық колледждер қабілетті, техникаға бейім талапкерді өздері грантпен оқытқаны дұрыс.
Сонымен қатар, Президент алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды айтты. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз. Бұл жағымды жаңалық мұғалімдер тарапынан қызу қолдау тауып қана қоймай, сонымен қатар, ұстаздар қауымына жаңа міндеттер жүктеп отыр.

 

Гүлнәр ТАЛАСБАЕВА,
Мағжан Жұмабаев аудандық білім бөлімінің басшысы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp