“Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” атты жұлдызды 25 күн акциясы аясында Петропавл қаласында ғана ондаған ауқымды мәдени-көпшілік, әлеуметтік-маңызды шаралар ұйымдастырылып, өндірістік және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуде.
Мерекені лайықты атап өту үшін арнайы жасалған іс-шаралар жоспары аясында еліміздің егемендік жылдары жеткен жетістіктерін насихаттауға, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға бағытталған патриоттық, көпшілік ауқымды шаралар қолға алынды.
Облыс орталығымен қатар аудандар да оған өзіндік үлестерін қосып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына қызу дайындық жүргізіп жатыр. Жуырда, мерекеге орай бірнеше ауданда жаңа нысандар пайдалануға берілді.
Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында шағын және орта бизнестің еліміздің экономикасының негізі екенін айтып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы кездерінде Қазақстанда шағын және орта бизнес экономиканың маңызды секторы болып белгіленді және оны жан-жақты қолдау әрдайым мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Осының арқасында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны тұрақты өсуде. Бұл сала бойынша ауқымды жұмыстардың атқарылуына “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының да өз септігін тигізіп келе жатқанын айта кетуге тиіспіз. Бағдарламаның игілігін көріп, өз ісін дөңгелетіп отырғандар аз емес.
Мәселен, ел бойынша бастау алған жалпыұлттық акция аясында аудандарда төрт кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Есіл ауданындағы Жарғайың ауылында “Данияр-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қымыз өндіретін және сүт сатып алу мен қайта өңдейтін цех ашты. Нәтижесінде 12 жаңа жұмыс орны ашылды.
Құрылыс жұмыстары 2016 жылы басталған нысанға желілер тартылған. Серіктестіктің директоры Әсет Едіресовтің айтуынша, Алматы, Көкшетау және Ресейдің Омбы қалаларынан қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, орнатылған. Жалпы құны 170 миллион теңге нысанның қуаттылығы жылына бір мың тонна өнім өндіруге жетеді. Бүгінде ірімшік, май, айран, қымыз өндіруді қолға алған кәсіпкер алдағы уақытта жеке наубайханасын ашуды жоспарлап отыр.
Осы ауданның Корнеевка ауылында жергілікті кәсіпкер Михаил Тушин “Семейное” дәмханасын іске қосты. Кәсіпкер 2015 жылы иесіз жатқан бұрынғы қоғамдық моншаны қалпына келтіру жұмыстарын қолға алып, барлық инфрақұрылымдық желілерді тартқан. Нысанның жалпы аумағы – 380 шаршы метр. Кәсіпкер ғимараттың құрылыс жұмыстарына, құрал-жабдықтарын сатып алуға барлығы 15 миллион теңгеге жуық өз қаражатын жұмсаған. Қазір мұнда 5 ауыл тұрғыны қызмет етеді. Бұл жерде ет сүрлеу, итальяндық әдіспен пицца пісіру мүмкіндіктері қарастырылған. Сондай-ақ, нысан ауласына көшеттер отырғызылып, абаттандырылған.
Уәлиханов ауданында да қос бірдей жаңа нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Кішкенекөл елді мекенінде “Қызылағаш” жеке кәсіпкерлігінің басшысы Асылхан Бейсенов “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,6 миллион теңгенің жеңілдетілген несиесін рәсімдеп, ағаш кесетін цех ашты. Бидайық ауылының тұрғыны Алмагүл Жакина ойын-сауық орталығын іске қосты. Ауыл тұрғындары мен балаларды қуантқан бұл нысанның құрылысына “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 58 миллион теңге жұмсалған. Бұл жерде төрт адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Әлбетте, бұл жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды. Республикалық акция өз мәресіне жетсе де, жыл соңына дейін облысымызда тағы бірнеше нысан пайдалануға берілетін болады.
Әсемгүл АХМЕТОВА,
облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының
бөлім басшысы.