«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ…

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, адам денсаулығының 80-90 пайызы өз қолында екен. Осы бір статистикалық мәліметтің парқын әлі де жете түсінбей жүрген тәріздіміз. Қазір, шүкіршілік, медицина саласында оң өзгерістер көп. Озық технологиялар арқасында жергілікті жерлерде жүрекке ота жасайтын дәрежеге жетуіміздің өзі Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішіндегі мақтан тұтарлық жетістігіміз екені даусыз. Алайда, “бірақ”… деген сөз көмекейге тікен құсап тіреле береді. Кей жастарымыз тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін әлі күнге дейін жете түсінбесе, бәзбір адамдардың да қарақан басының күтіміне баса назар аудара бермейтіні, жауапкершілікті өзіне емес, өзгеге арта салуы өте өкінішті.

Бүгінгі күні халыққа арналған медициналық ақпарат көздері жеткілікті. Біздің емхана дәрігердің қабылдауына қалай жазылудан бастап жоспарлы емдеуге жатқызу, стационарды еркін таңдау, дәрілік заттарды қабылдау, олармен қамтамасыз ету құқығы, интернет-режімде әрекет ету, медициналық-санитарлық алғашқы көмек беру, дәрігерді үйге шақырту, пациенттерге қолдау көрсету қызметі, мемлекеттік қызмет стандарттары – бәрі де ашық, жариялы жүргізіледі. Солардың бір парасы скринингке қатысты дер едік. Ұлттық скринингтік бағдарламаның ауқымы өте кең. Ол алдымен ауруларды профилактикалау және ерте анықтау әдісімен ерекшеленетіндіктен, бірінші кезекте ұлттық байлығымыз адамның денсаулығын қорғауға бағытталған. Соған орай тұрғындардың жас шамаларына қарай топтастырылып, жоспарлы емдеу шаралары жүргізіліп отырады. Қаншама адамдардың сүт безінің және ісік ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік алып жатқанын ескерсек, осындай артықшылықты неге пайдаланбасқа? Артериялық гипертонияға, жүректің ишемиялық дімкәстігіне, қант диабетіне, тоқ және ішек ауруларына қатысты да осылай айтуға болады. Енгізілген осындай жаңашылдық әдіс-тәсілдердің оң өзгерістерін барлық адамдар бірдей сезінсе, дәрігерлердің де жұмысы жеңілдер еді. Бюджет қазынасы да үнемделер еді. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын табу арқылы ғана денсаулықты түзей аларымыз анық.

Темекінің адам денсаулығына орасан зиян келтіретінін біле тұра кейбіреулердің бас тартпайтыны неліктен? Бейне біреу зорлап тартқызғандай күйге түскенін көргенде, денсаулығы алдымен өзіне қымбат емес пе деген ой туады. Енді есептеп көрелік. Темекі түтінінде төрт мыңға жуық улы зат бар. Оған әуестенушілердің 80 пайызы 50 жасқа дейін стенокардия кеселіне ұшырайды. Араларында өкпе, ауыз, тамақ, асқазан обыры жиі кездеседі. Темекі жас аналар үшін аса қауіпті екенін сезінетін мезгіл жеткен секілді. Шылымдағы қоспалар да тез еліктіреді. Психикалық, кейін физикалық тәуелділік пайда болған соң құрсауынан құтылу оңайға түспейді. “Барса келмеске” ерте жіберетінін бұрынғы ғұламалар айтып кеткен. Соңғы кездері мектеп оқушылары насыбай атуға құмар болып жүр. Оның еліткіш қасиеті жүректі айнытып, психологиялық түрлі ауытқуларға соқтыруы ықтимал. Сондықтан өзіңізді улауға, денсаулығыңызды құртуға, өміріңізге қауіп төндіруге еш жол бермеген жөн. Кейбіреулер темекі шегу арқылы дағдарыстық ахуалды шешуге болады деп есептейді. Бұл – түбірімен қате көзқарас. Ішкі күйзелісті табандылығың, қайрат-жігерің арқылы да еңсеруге болатынын тәжірибе анық көрсетіп отыр. Никотинге тәуелділіктен бас тарту арқылы өкпе обырын екі есеге дейін азайтуға болады.

Сонымен қатар, жұқпалы аурулардан сақтана білудің де маңызы зор. Мәселен, көбіміз туберкулездің әлемдегі кең таралған қауіпті кесел, оның салдарынан өлім көрсеткіші ең көп екенін біле тұра, одан қорғануды ескере бермейміз. Алғашқы белгілері біліне салысымен дәрігерге қаралудың орнына жұқпалы қоздырғыштар қаупі жоғарылағанша сүйретіліп жүре беретін дағдыдан арылған жоқпыз. Әсіресе, бір жасқа дейінгі сәбилер арасында туберкулез жұқпасын жұқтыру қаупі өте жоғары. Одан қорғанудың бірден-бір амалы – екпе шараларын уақтылы алу. Бұл орайда, ата-аналарға ерекше жауапкершілік жүктелетіні айтпаса да түсінікті. Қазақстанда туберкулезді емдеу мен тексеру тегін екенін тағы бір еске сала кеткіміз келеді.

Сөз соңында айтарымыз, саламатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану дене белсенділігін, иммунитетті күшейтеді. Ең бастысы, адам денсаулығы әркімнің өз қолында екенін естен шығармағанымыз жөн.

Әлия ТӘШЕТОВА,

№3 емхананың бас дәрігері, Петропавл қалалық мәслихатының

депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp