Айыртау ауданының әкімі Ағзам Тастеміров Константиновка және Гусаковка ауылдық округтері тұрғындарының алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Кездесуге Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Марат Шынтеміров қатысты.
Есепті кездесу барысында Константиновка ауылдық округінің әкімі Самат Оспанов атқарылған жұмыстар жөнінде баяндағаннан кейін Ағзам Тастеміров ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, жаңа жылдағы маңызды міндеттерді ортаға салды. Ауылдық округ әкіміне жаңа маусымда жайылымды жүйелі ұйымдастырып, оны үнемі бақылауда ұстауды тапсырды. “Константиновка – 2004” (басшысы – И. Захаров) және “Исағали” (А.Усманов) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшыларына тұрғындардың кешіктірілген еңбекақылары мен пайларын қысқа мерзім ішінде беруді міндеттеді.
Құспек ауылында жаңадан үйлер салу, елді мекенді абаттандыру жайында өтініш айтқан округ тұрғындары ондағы медицина қызметкерлерінің жұмысына алғыстарын да жеткізді.
Ал Гусаковка ауылдық округінде атқарылған жұмыстар жөнінде ауылдық округ әкімі Есімжан Таласов есеп берді. Аталмыш елді мекенде “Гусаковка”, “Новосветловка-Әліби” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, “Луч” фермерлік және 11 шаруа қожалықтары жұмыс істеп тұр. 2015 жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020”, “Сыбаға”, “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламалары жүзеге асырылған. Ірі қара өсірумен айналысатын “Гусаковка” ЖШС өзгелерден табыстылығымен ерекшеленеді. Шаруашылық иелері қыста жолдарды қардан тазалауға да атсалысады. Екі наубайхана округ тұрғындарын нанмен қамтамасыз етеді. “Гусаковка” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бөлке нан – 45, ал “Новосветловка-Әлібиде” 40 теңге тұрады.
Тұрғындар Гусаковка ауылынан аудан орталығына дейін жүретін автобустың мәселесін шешуді сұрады. Ағзам Ахметжанұлы бұл мәселе жеке бастаманың арқасында шешімін табуы мүмкін екендігін және осы бағыттағы автобустың жүргізілуін ұйымдастыруды қолға алған кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар аясында көмек көрсетілетінін айтты.
Қаратал ауылдық округі тұрғындары алдында есеп берген аудан әкімі мемлекет тарапынан өз шаруасын ашып, істерін алға бастырамын деген азаматтарға барлық жағдайлардың жасалатындығын, олардың жүзеге асырылуы үшін төменгі пайызбен несиелердің беріліп жатқандығын тілге тиек етті.
Кездесу барысында округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтмағанбет Дауылбаев әкімнің ауыл көшелерін қосымша шамдар қою арқылы жарықтандыруға, Қаратал-Саумалкөл бағытындағы тас жолды жөндеу мәселелеріне көңіл бөлуін өтінді. Осы ел тұрғыны Орайхан Тажиннің ауыл орталығында құдықтың істен шыққан сорғысын жөндету туралы өтініші жергілікті “Жер-Ана” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелді.
Казанка ауылдық округі тұрғындарымен кездесу алдында Ағзам Ахметжанұлы Борлық орман шаруашылығындағы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алып, өз ісін ашып отырған “Максим Даугирдас” жеке кәсіпорнының ағаш өңдеу цехында болып, оның тыныс-тіршілігімен танысты. Аталмыш кәсіпкердің өнімдері ауыл тұрғындарының сұранысына ие. Сонымен қатар, ол 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Округ тұрғындары ауыл жастарына арналған демалыс орталығын ашу, Всеволодовка-Саумалкөл бағытындағы автобус қатынасын жандандыру, Аксеновкадағы наубайхананың жұмысын іске қосу, тағы да басқа мәселелерді көтерді.
Аудан әкімі Володар ауылдық округінің әкімі Ерлан Сәдуақасовтың есебіне де қатысты. Ағзам Ахметжанұлы аудан орталығындағы бірқатар көшелердің жолын жөндеу жұмыстары қолға алынатынын айтты. Аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтитын нысандар да ашылып, “Бәйтерек” шағынауданында стадион салынбақ.
Аудан басшысы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 игі іс акциясы жыл бойы өткізілетінін, оған әр азамат қатыса алатындығын да атап өтті.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Айыртау ауданы.