«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ашу — дұшпан, ақыл — дос

Кім баласына жамандық тілейді. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, өмір сыйлаған ана баласына жамандық ойлауы мүмкін емес. Сүйіспеншілікпен, сеніммен тәрбиеленген адамның бойында отбасылық парыз түсінігі қалыптасары сөзсіз.

Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Түйсігі бар адам өмірден тәжірибе жинай отырып, өткен күндерге сын көзбен қарайды, кем-кетігін дұрыстап алады. Түйсігі жоққа қанша айтсаң да, сөзіңді жекізе алмай, әуре боласың. “Шіріген жұмыртқа” мақаласындағы ортаншы ұлдың ой-санасы сондай болмаса екен деймін.

Ұстаздық еңбек өтілі мол адам өз баласының тәрбиесімен қалай айналысуды білмеді десе таңырқар едім. Автордың кейіпкер туралы ондай кереғар ой айтпағанына қарап, оның “ұстаз” деген атқа лайық маман болғанына күмән келтіргім келмейді. Тіпті, балаларын да жамандыққа қимаймын. Бұл жерде отбасылық түсінбестіктің кілтипаны – кек пе деген ой келді. Ашумен айтылған сөздің, көрсетілген мінездің артында кішіпейілділік, кешірім тұрса, оқиға осынша ушықпас па еді?!

Бала анасының алдында кішірейіп, өзінің сыйластығын көрсетсе немесе анасы балаға деген өкпесін тарқатып, балаларымен кездескен сайын аналық жылы сезімін білдіруден жалықпаса, қатып қалған жүректің жібірі анық. Ал баласы ана деген ұлы қасиетті аяққа таптап, “мынау әйел” дегеннен гөрі, “анашым, қатем болса кешір, сұрағаныңызды берейін” десе ана көңілі тарқар еді. “Енді үлкен ұлды да сотқа беріп, одан да алимент талап етемін. Ол да ананың ақ сүтін ақтамаудың қандай абыройсыздыққа әкелетінін көрсін”, – дегені де ешқандай жақсылық әкелмейтін ашу-ызаның екпіні дер едім. Ақылды қарт айып іздемейді дегендей, Қалима апайдың сабырлы болғаны жөн деп ойладым. Бұл – өмір заңдылығы. Бүгін ренжиміз, ертең бір-бірімізді кешіреміз.

Мақаланы оқи отырып, отбасылық құндылықтар қайтып жаңғыратындай екі жақ ымыраға келсе екен деген тілегім бар. Әр отбасы бір-бірін құрметтеуді, бағалауды, қиын кезде қол ұшын беруді ұмытпаса екен!

Күләй ҒАБДУЛЛИНА,

Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp