Облыс орталығында өңір кәсіпкерлері мен сот жүйесі өкілдерінің маңызды кездесуі өтті. Жиында кәсіпкерлер палатасының өкілдері облыстық соттың төрағасы Серікжан Габдулинмен кездесіп, алдағы ынтымақтастық туралы сөйлесті. Мақсат – бизнесті құқықтық жағынан қорғауды күшейту және сотпен өзара жұмысты жақсарту.
Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев жаңа төрағаны қызметке тағайындалуымен құттықтап, оның тәжірибесі мен кәсібилігі өңірдегі сот жүйесінің дамуына оң әсер ететініне сенім білдірді. «Бұрыннан келе жатқан серіктестік жалғасып, енді жаңа деңгейге көтеріледі деп үміттенеміз», – деді Жеңіс Қазиев.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге арналған вебинарлар мен түсіндіру жұмыстарының маңызы айтылды. Палата өкілдері сот тәжірибесін қарапайым тілмен түсіндіру кәсіпкерлерге нақты шешім қабылдауға көмектесетінін атап өтті. Салық даулары, келісімшарттағы міндеттемелер және әкімшілік жауапкершілік – жиі кездесетін мәселелер. Бұл салаларда соттардың қалай шешім қабылдайтынын білу – бизнес үшін өте маңызды.
Облыстық сот төрағасы Серікжан Габдулин палата ұсыныстарын қолдайтынын айтып, ашық диалог пен түсіністікке дайын екенін білдірді.
Алдағы уақытта кәсіпкерлер үшін вебинарлар жалғасады. Бұл кездесулерді бұрынғыша кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы, ардагер судья Инесса Қуанова жүргізеді. Ол бұл вебинарларда жаңа заңдар, даулы жағдайлар және сот шешімдерін орындау мәселелері талқыланатынын айтты. «Мұндай кездесулер – тек ақпарат беру ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлерден кері байланыс алу мүмкіндігімен де құнды», – деді ол.
Кездесу соңында Инесса Қуанова өзі жазған оқу құралдарын облыстық соттың музейіне табыстады. Бұл кітаптар – сот саласында жұмыс істейтін мамандар үшін пайдалы, әрі бірізді сот тәжірибесін қалыптастыруға көмектеседі.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».