«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АШЫҚ ЕСІК КҮНІ”

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамы республика бойынша “Ашық есік күнін” өткізуде. Оған барлық облыстардағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары атсалысуда. Солтүстікқазақстандық филиалда аталмыш шара қордың басқарма төрағасы Қаныш Тілеушиннің қатысуымен өтті.

Кәсіпкерлікке қатысты туындаған мәселелерді арқалай келгендерге арнайы шақырылған банк қызметкерлері, орталықтың заңгерлері мен бухгалтерлері толық және тұшымды ақпараттар, кеңестер берді. Бұл күні орталықтың есігін ашқандардың ішінде кәсіпкерлікпен айналысып жүргендермен қатар, өз ісін енді бастағалы отырғандар да көп болды. Олар шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау тетіктері, кәсіпкерлікті ашу және оған қажетті құжаттар, бизнес-жоспар жасау үлгісі, банктерден несие алудың жолдары мен мүмкіндіктері, басымдық берілетін бизнес түрлері, міндетті төлемдер сияқты мәселелерге іздеген жауаптарын алды. Сондай-ақ, “EGOV.KZ” порталынан алынатын анықтамалар мен құжаттар тізімі жөнінде де мағлұмат берілді.

Қордың солтүстікқазақстандық филиалы өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі, мемлекеттік қолдауларды пайдаланған кәсіпкерлердің көрсеткіштері республика бойынша алдыңғы қатарда саналады. Үстіміздегі жылдың он айында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде филиал тыңғылықты жұмыс атқарып, мемлекет тарапынан 188 жобаға демеуқаржылық қолдау көрсетсе, 39 кәсіпкер банк алдындағы кепілдік тетігін пайдаланған. Өңір кәсіпкерлері 0,75 млрд. теңгенің демеу-қаржысын игіліктеріне жаратып, кредиттік портфелі 1,9 млрд. теңгені құрайтын несиеге 0,8 млрд. теңгенің кепілдігі берілді. Жыл басынан бері орталық мамандары бизнес субъектілер мен кәсіпкерлікті енді бастағалы отырғандарға 3500 кеңес-ақпарат ұсынған.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp