«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЯЛЫ АЛАҚАННЫҢ ЖЫЛУЫ

“Шаңырақ” айқармасына Петропавл қаласының тұрғыны Бижамал Кәрімовадан хат келді. Оқырманымыз жалғыз тұратын зейнеткерлерге, мүгедек жандарға қашанда көмек қолын созуға дайын тұратын кеңпейілді, мейірімді жандардың жақсылығына ризашылығын білдірген екен.

Бала кезімде “өскенде білікті маман болам, жақсы қызмет етем, биік белестерді бағындырып, анамды қуанышқа бөлеймін” деп армандайтынмын. Бірақ өмір заңы біз ойлағаннан әлдеқайда қатал екен. Жоғары сыныпта оқып жүргенде аяқтарым аурып, денсаулығым сыр бере бастады. Анам байғұс мені дәрігерлерге қаратып, апармаған ауруханасы қалмады. Қаншама табалдырықты тоздырса да, дертіме дауа, еміме шипа табылмады. Арада бірнеше жыл өткенде буындарымның ауруы күшейіп, ақыры аяғымды басудан қалдым. 25 жыл бойы менің қасымда анам болды. Ол жүріп-тұруыма көмектесіп, барлық жағдайымды жасады. Соңғы он жылда ең жақын адамымнан көз жазып қалдым. Қазір 57 жастамын. Жалғыз өзім тұрамын. Санап отырсам, қоларбаға таңылғаныма он жылдың жүзі болыпты. Бірінші топтағы мүгедекпін. Үйдегі шаруаға туған-туыстарым қолғабыс беріп, ара-тұра далаға шығуыма жәрдемдесіп, сағынғанда ауыл жаққа да апарып келеді.

Өзім басқа адамның көмегінсіз бір қадам жерге де бара алмаған соң, әрине, үй шаруасын істеу қиын. Сондықтан да үйде қол ұшын беретін әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгіндім. Рахмет, олардың жақсылығын көріп отырғаныма он екі жылдың жүзі болды. Қазір үйіме Светлана Семенова есімді әлеуметтік қызметкер келіп, барлық жұмысымды істеп жүр. Соның арқасында үйім таза, азық-түлік пен дәрі-дәрмегім бар. Ол, тіпті, мені суға түсіріп, шайымды дайындап, газет-журналдарымды да әкеліп береді. Екеуіміз жақын адамдай араласып кеттік. Ауырып қалғанда телефон шалсам, дер кезінде келіп, барлық өтінішімді орындап береді. Көршілерім де қайырымды жандар. Жағдайымды түсініп, қолдарынан келгенше көмек көрсете білетін азаматтарды көргенде өмір өзгеріп сала береді екен.

Елбасының сындарлы саясатының арқасында елімізде мемлекет тарапынан көмекке зәру адамдарға барынша жақсы жағдай жасалуда. Әлеуметтік, медициналық, психологиялық, педагогикалық көмектердің барлығы өз уақытында көрсетіледі. Тегін әлеуметтік такси қызмет түрі де бар. Осындай қайырымды істердің барлығы біздің өмірді әлдеқайда жеңілдетіп, аялы алақандардың қамқорлығының жылуын сездіреді.

Бижамал КӘРІМОВА.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp