«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЯНБАЙ ТЕР ТӨГЕЙІК

Мен – Елбасының Жолдауын асыға күткендердің бірімін. Өйткені, қазір елімізде экономикалық қиын жағдай орын алып отыр. Бұл маңызды стратегиялық құжат дағдарыстан шығудың негізгі тетіктерін қарастыруға арналды. Әрбір саналы азамат елінің болашағы үшін ешқандай қам жасамаса, тағдырымыз да бұлыңғыр болары хақ. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда басым бағыттарды атап көрсетті. Тығырықтан шығар жол іздеп, болашаққа зор сенім артты.

Бұл құжат баршамызға зор міндет жүктейтінін баса айтып өткім келеді. Біз дағдарыс кезеңінде асқан жауапкершілікпен жұмыс істеуіміз қажет. Президентіміздің сарабдал саясатымен тығырықтан шығар жолды бірге іздеуіміз керек. Бүгінде етек-жеңімізді жинап, жұдырықтай жұмылатын кезде маңызды саяси құжатта атап көрсетілген барлық мақсат-міндеттерді бірігіп орындағанымыз жөн. Жолдауда айтылған кесек пікірлер мен толғамды ойлар менің көңілімнен шықты. Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық ахуалды мысалға ала отырып, елімізде орын алған экономикалық жағдайда тиімді жұмыс істеуіміз қажет екенін айтты.

Айтылған барлық пікірлерге ерекше назар аудардым. Елбасымыз елдің инвестициялық әлеуеті әрқашан зор болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, өнім өндіруге ерекше басымдық берілуі қажет, деді. Мен шаруа қожалығының басшысы ретінде экономикалық өсімге қатысты айтылған барлық пікірді қолдаймын. Өйткені, әлемдік нарықта тұрақсыздық байқалып, экспорттық өнімдерге сұраныс азайған кезде отандастарымыз бәсекеге қабілеттілікпен жұмыс істеуі қажет. Біздің мақсатымыз – әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу. Бай да қуатты елдермен иық түйістіруіміз үшін дағдарыста абдырап қалмауымыз қажет. Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болуымыз да бизнестік әлеуетімізді нығайта түседі деген ойдамын. Президентіміз қандай қиын кезең болса да, барлығымыз еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай тер төгуіміз қажет екенін түсіндірді.

Маңызды саяси құжатта ұлттық валюта – төл теңгеміздің беделін арттыруға қатысты айтылған тың ойлар да менің көңілімнен шықты. Теңгемен ақша сақтау сенімді екеніне тоқталған Елбасымыз қазақстандықтардың көңілдегі күдігін сейілткендей. Нарықтық экономикадағы бәсекелестік орта жайын да Елбасымыз назардан тыс қалдырған жоқ.

Қазір өзіміз көріп отырғандай, еліміз қиын кезеңдерді өткеруде. Ал нарықтық экономикада қазақстандықтар барынша бәсекеге қабілетті болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, қазір тек бәсекеге төтеп бере алатындар ғана ортада өз орнын табары анық. Тұрақты жұмыс істеу арқылы елімізді гүлдендіріп, табысты еңбек етуге машықтануымыз керек. Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға мен де өз үлесімді қосып, жастарымыздың жарқын болашағы үшін аянбай тер төруге дайынмын.

Гүлмира РАХИМОВА,

“Ботагөз” шаруа қожалығының

басшысы.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp