«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒА ҰРПАҚТЫҢ ӨНЕГЕЛІ ІСІ

Кеше облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстар ортаға салынды. Шарада аға ұрпақ өкілдеріне қамқорлық пен жанашырлық танытқан бірқатар кәсіпкерлерге құрмет көрсетілді.

Отырысқа мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер ұйымдарының белсенділері қатысты. Кездесуде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов ел мерейін тасытқан биылғы шараларға тоқталып, алда тұрған ауқымды міндеттерді саралады.

– Жылдың аяқталуына аз уақыт қалды. Атқарылған жұмыстарды қорытындылайтын кез келді. 2018 жыл біз үшін ерекше маңызы зор істерге толы болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауы мен “Ұлы даланың жеті қыры” бағдарламалық мақаласы жаңғыруымыздың бағдаршамы іспетті. Маңызды құжаттарда айтылған міндеттер ауқымды. Осы орайда ардагерлер ұйымдары алда тұрған жұмыстарға өз үлестерін қосуы керек, – дей келе ол көмекке мұқтаж жандарға қолдау білдірген кәсіпкерлерге ризашылығын жеткізді.

Жиында үш мәселе қарастырылып, Мағжан Жұмабаев аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралбай Сағындықов өзі басқарып отырған ұйымның жұмысымен таныстырды. Аудандық ардагерлер кеңесінің атқарған жұмысынан жастарға отаншылдық және рухани тәрбие беру ісінде үлестері айрықша екенін аңғаруға болады. Бастауыш ардагерлер ұйымдары жастармен тығыз қарым-қатынаста болса, өскелең ұрпақ та жалғызбасты қарттар мен көмекке мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын беруді естен шығарған емес. Баяндамашы келе жатқан жастар жылында аудандық ардагерлер ұйымдарының алдында ауқымды міндет тұрғанын жеткізді. Ал облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулина Жолдау жүктеген міндеттерді алдыңғы буынмен бірлесе орындау көзделіп отырғанын айтты.

Қазіргі таңда өңірде 551 үкіметтік емес ұйым болса, соның 64-і жастардың еншісінде. “Мирас” қайырымдылық шарасы аясында облыс орталығы мен аудандарда 400-ден астам адамға жастар тарапынан көмек көрсетілген. Еріктілердің қатысуымен өзге де қайырымдылық шаралары тиісті деңгейде өтті. 2019 жылы облыста жастардың қатысуымен мыңнан астам шара өткізіліп, оларға ардагерлерді қатыстыру жоспарлануда.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Анатолий Корабельников өңірде аға буын өкілдерінің құрметіне ұйымдастырылған шаралар мен қарттар айлығы аясында өткен қайырымдылық сенбіліктеріне тоқталды. Жиын соңында Біржан Шәймерденов, Қанат Бекенов, Александр Бурлев, Виктор Редин, Ерлан Алпысов, Мұхамеждан Лұқпанов, Есімбай Қоқанов, Сүйіндік Жолдасбаев, Олег Адам бастаған кәсіпкерлердің есімдері ерекше аталып, оларға құрмет көрсетілді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp