«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН ТРОЯ

Адамзат ғұмырнамасындағы ең елеулі оқиғаларымен, адам баласының ғылыми, мәдени жетістіктерімен, һәм, өкінішке қарай, аса қанқұйлы екі бірдей дүниежүзілік соғысымен әйгіленген жиырмасыншы ғасыр ғалам төріне аяқ басқалы тұрған шақта, осы жүзжылдыққа жедеғабыл одан бұрынғы төрт ширек уақытты түйіндейтін кез де келіп жеткен еді …

Сонымен, жаңа ғасырдың уақыт өлшемі басталуға он-ақ жыл қалған. Нақты айтқанда, 1890 жылдың 26 желтоқсаны. Италияның Неаполь қаласы. Көшедегі жүргіншілер абайсызда жан тапсырған бейбақ ер адамның жатқанын көріп, полицияға хабарлайды.

Оны жұпыны киіміне қарап, қайыршы екен дегендер де болған сол жерде. Шақыртумен келген дәрігер әуелгіде осындай оймен оны қараудан бас тартады. Бірақ медицина профессоры өлген адамның аты-жөнін білмек ниетпен көйлегінің жанқалтасына қол салғанда екі алақаны алтын теңгелерге толып кетеді.

Бұл жан тапсырған адам – әлемге әйгілі археолог Генрих Шлиман еді. Хабар лезде дүниежүзіне тарайды. Рим папасы, Неаполь королі, бірнеше елдердің елшілері, мемлекет қайраткерлері бұл жайсыз хабарға дүрлігеді. Өзінің көзі тірісінде “Мені Афинаға жерлеңдер!” деген өсиеті бойынша археологты соңғы сапарға аттандыруға Германиядан, Англиядан, Ресейден, Франциядан, Италиядан, Белгиядан, Голландиядан Грекия астанасына академиктер, атышулы оқымыстылар аттанады…

… Г.Шлиман археологияға арнайы, осы ғылымның жілік-майын шағып келген адам емес. Десек те, одан кейінгі археологтардың бәрі тегіс, тіпті, Египеттің Пирамидаларын ашқандар, перғауын Тутанхамонның мазарын әйгілегендер, көне Мысырдың жетіқат жер астын қопарғандар Шлиманның тұлғасына табынды.

Генрих Шлиман немістің Жер шарының ноқаттай ғана мекені Штербергте 1822 жылдың 6 қаңтарында көпбалалы отбасында дүниеге келді. Әкесі – пастор, діндар. Шешесі – Луиза үй шаруасындағы әйел.

Генрих жастайынан жалықпайтын еңбекқор, әсіресе, сабақтарға аса зейінді болып өскен. Көп пәндердің ішінен зерек бала математикаға, латын тіліне, тарихқа, жаратылыстануға өте ықыласты болады.

Ерте дүние жайындағы қолға тиген әрбір дәйекке өте ыждағат танытқан жасөспірім, әсіресе, Гомердің “Илиадасы” мен “Одиссеясына” құмар болды. Оны бұл әсерден айнытуға тырысқан ересектердің әрекетінен ештеңе шықпады. Троя, оның патшасы Приам және осы соғыстың басқа да қаһармандары оның түсіне кіріп, түн баласында тыным бермеді.

Ата-анасы оны жүйке ауруына шалдықпады ма деген секеммен небір дәрігерлерге, емші, тәуіптерге көрсетсе де, олар “Баланың ақыл-есі дұрыс. Науқас емес!” деген сараппен жұбатты.

Генрих өзі тұстас балаларды жиып алып, Троя соғысының кейіпкерлері болып ойнады. Ол әкесіне: “Мен өскенде Трояны қыртастан қопарып алмай қоймаймын!” – деп серт берді. Әкесі күлді де қойды.

Қайда жүрсе де қолынан Гомердің екі ұлы шығармасы түспейтін Генрих өзінің аса ғаламат зейінінің арқасында оларды жатқа білді. Бұл адам таңғалатын құбылыс! Өйткені, он сегіз буынды гекзаметр өлең өлшемімен жазылған екі дастанның көлемінің әрқайсысы жүздеген тармақтардан тұратын.

Бірақ өмір тек оқу ғана емес қой. Ол – тұрмыс, тіршілік. Тірліктің көзі – еңбек. Пастордың «тапқаны қапқанына» жетпейтін жалақысы көпбалалы шанырақты шылқымайға қарық қылмады. Сондықтан жасөспірім Генрих көрші ірірек елді мекендердегі гимназияларда оқи жүріп, нәпақасын ауыр еңбекпен тапты.

19 жасында Голландияның астанасы – Амстердамға келіп, оған дейін Гамбургте айналысып, машықтанған сауда-саттық ісін жүргізеді. Өте іскер, тыңғылықты жігіттің пысықтығын аңдаған фирма басшылығы оны Ресей астанасы – Петербургтегі филиалын басқаруға тағайындайды.

Филиалды 1846-1864 жылдар арасында басқарған Генрих мекемесіне зор пайда тигізеді. Өзі де тез арада Еуропаның ең қалталы байларының қатарына қосылады. Отбасын мол қаржымен қамтиды. Бірақ барлық жиған-тергенін өзгелер сенбесе де өзі сенген Троя қаласын қыртастан қопаруға жұмсау ниетінен айнымайды.

Осы оймен ол “Илиаданың” аңыз емес, шынайы ақиқат екеніне көз жеткізу үшін 1868-1870 жылдар аралығында Грекияны, содан соң Трояны зерттеуді қолға алады. Айта кету керек, арнайы археологиялық білімді меңгермесе де, осы саланың мамандарын қасына тартады.

Әуелі Кіші Азияның Гиссарлык алқабын қопарады. Оның бұл әрекетін бос қиял, текке ақша шашу санағандар Шлиманның төлейтін қаржыларын қалтаға баса береді. Зерттеуші, расында да, қисапсыз қаржы жұмсайды. Алдымен қажетті құрал-саймандар, жер қазуға қажетті жабдықтар, көліктер, топырақ үйінділерін жер астынан жоғары шығаратын қолдан құрастырылған құрылғылар. Оларды Германиядан, Голландиядан, Англиядан, Еуропаның басқа да мемлекеттерінен Кіші Азияға жеткізуге, алдымен, сатып алуға қисапсыз қаржы жұмсалады.

Бұл жұмыстарға жалдамалы адамдарды тегін тартпайды ғой. Олардың тұрағы, күнсайынғы тамағы, еңбекақысы – бәріне де Шлиманның миллиондары төгіледі. Ал ең қиыны – Троя қаласы орын тепкен мекен – Гиссарлык жотасы – Түркияның жері. Олай болса, осы елдің билігінің рұқсаты керек. Оны алу оңай емесін айдай ұққан Шлиман тағы да өзінің қисапсыз қаржысын жұмсауға мәжбүр болады.

Біздің дәуірімізге дейін 1184 жылы іргесі қаланған Трояның осы дерегіне ұзақ жылдар бойы сеніп келген Шлиман қаланың іргесі қаланғаннан бері өзі оның қыртысына күрек қадап тұрған күнге дейінгі үш мың жылды көз алдына елестетеді. Жанынан бір елі қалмайтын сүйікті зайыбы Софья Энгастроменос аяғы ауыр болып, босанады. Ұл туса – есімін Одиссей атамақшы еді. Дүниеге қыз бала келеді. Оны Андромаха деп атайды. Андромаха – “Илиада” бойынша Трояны қорғаған алып батыр, қаланың патшасы Приамның ұлы Гектордың зайыбы.

Гектор ахейліктердің (Гректердің Гомер бойынша атауы) атақты батыры Аяксты жекпе-жекте өлтірген соң Аякстың досы Ахиллестің қолынан қаза табады. Бұл оқиғаны Гомердің шығармасының негізінде “Андромаха” деген драма жазған ұлы француз драматургы Жан Расиннің (1639-1699) пьесасын, әрине, Шлиман оқыған болар.

Гектор өлген соң гректер қалаға басып кіргенде Андромаха Ахиллестің ұлы Неоптелемге бұйырады (өлтірген жауының жесірін әйелдікке алу дәстүрі біздің қазақта да болған ғой – З.Ә.).

… Ақыры, Түркиямен тілеулес өзге елдер билеушілерінің көмегімен Шлиман қазба жұмыстарына рұқсат алады. Атап айтқанда, ол Константинопольдегі америкалық елші Уайн Маквигтің көмегіне сүйенеді. Әрине, тегін емес. Бұл – 1871-1873 жылдар арасы. Адам айтқысыз қиындықтарға тап болған, науқасқа шалдыққан, жұмысқа тартылған жалдамалылардың орынды-орынсыз талаптарын қанағаттандыруға мәжбүр болған Шлиман асқан табандылық танытып, 1878-1879 жылдары қазбаның екінші кезеңін өткізеді.

Бірте-бірте, қыртыс төмендеген сайын Гомердің “Илиадасында” баяндалған жайттар айқындала береді. Сонда барып, Троя қаласының болғаны, ахейліктермен арадағы он жылға созылған соғыста оның күл-талқаны шыққаны тарихи шындық екеніне, Шлиманның өзі ғана емес, ғалам жұртшылығы да көз жеткізеді.

Қазбаны кідіртпеу оңай болмайды. Шлиман Петербургтегі және басқа ірі қалалардағы зәулім сарайларын, өзге елдердегі имениелерін, өндіріс орындарын сатып жіберіп, ақшасын Трояны анықтауға жұмсайды. Өзі зайыбымен Гиссарлықта уақытша тұрғызған үйде тұрады.

Негізгі мақсатына жету үшін Италияда, Грекияда қазба, іздестіру жұмыстарын қатар жүргізіп, олардан қыруар пайда табады. Соған қоса, “Итака, Пеллопоннес және Троя”, “Микены”, “Илион”, “Орхомен”, “Троя”, “Троадаға сапар”, “Триинф” деген кітаптар жазып, оларды өзінің қол астында жұмыс істеп тұрған сауда фирмалары арқылы Еуропада, Америкада сатқызып, түскен қаржыларды Трояның іргесін қазу мақсатына арнайды.

Қазба жұмыстарын механикаландыру үшін инженерлерді, өнертапқыштарды, қолөнершілерді жалдайды.

1882-1883 жылдары Троя үшінші мәрте қазылады.

Осыдан соң дүниежүзінің ғалымдары 1889 жылдың желтоқсанында жетіқат жердің астынан табылған Трояға ат басын тірейді. Сонда барып олар осында өткен конференция арқылы Генрих Шлиманның ғаламды таңғалдырған жаңалығын мойындайды.

Келесі жылы Трояда соңғы, төртінші қазба басталып, ақыры қала қойнауынан табылған аз ғана заттардың өзі оның шындығын айғақтауға мүмкіндік берген. “Аз да болса” дейтініміз – қала қирағаннан кейін ахейліктер (гректер) оны бірнеше айлап тонаған. Өте құнды заттарды кемелерге тиеп, Спартаға, Итакаға, Элладаның басқа аралдары мен қалаларына алып кеткен.

Шлиман Трояның үйлерін, сарайларын, қатынас жолдарын, тастан жасалған заттарды көрген. Ол Трояның тас дәуірінен кейін бой көтергенін осылай дәлелдеген.

Көне дәуірдің ұлы ойшылы Сократтың “Мен өзімнің ештеңені білмейтінімді ғана білемін” деген лебізін алға тартқан Г.Шлиман 1890 жылдың наурызында Трояда ғалымдар екінші мәрте халықаралық конференцияға жиналғанда: “Менің жалғыз ғана мақсатым Трояның болғанын анықтау еді. Маған дейін жүздеген ғалымдар болжамдар айтқанмен, қазба жасамады. Оған құлық та қоймады!” – депті.

Троя Түркияда орналасқандықтан, әуелгі шарт бойынша одан табылған жәдігерлер түркиялық мұражайларға бұйырған.

Сөз соңында айтарымыз, Христофор Колумб Индияны ашамын деп теңіздегі дауылға ұшырағанда оның кемелері Атлант мұхитының ағысымен Америкаға тап болды. Мына кертартпаны ойға салыңыз: Американы Колумб ашса да, кейін атауы Америго Веспуччиге бұйырды. Дүниежүзін теңіз арқылы айналып өткен даңққа Фернандо Магеллан емес, оның капитандарының бірі, баскесер қарақшы, пират Эль-Кано бөленді.

Трояны Генрих Шлиман ашты, игілігін оған қолдан келгенінше қарсылық жасап, аяқтан шалған Оттаман империясы (бүгінгі Түркия) көрді.

Жалпы алғанда, жиырмасыншы ғасыр – жүздеген оқиғаларға арқау. Норвегиялық саяхатшы Роальд Амудсен мен ағылшын теңіз капитаны Скотт Оңтүстік полюсты ашты.

Жердің алғашқы спутнигі ұшырылды, ажал араны – атом бомбасы осы ғасырдың “игілігі”. Гагарин космосқа ұшты. Ғарыш игерілді. Адамзат Айға қонды. Ашылмаған жаңалық қалмағандай, әсте!

“Патшалар ұмытылар! Колумб мәңгілік!” деген лебіз ешқашан да өшпейді. Солай-солай!

Генрих Шлиманның жансебілдігінің арқасында Троя аңыздан ақиқатқа айналды.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

ардагер журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp