«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚТАЛМАҒАН ҮМІТ

Жәлел Қизатов көшесінің бойында орналасқан көпқабатты 9 үйде тұратын отбасылардың басым көпшілігі – өзіміздің ағайындар. 2017 жылы «Нұр бала» деген атаумен 90 орынды бөбекжай-бақшаның есігі айқара ашылғанда тұрғындардың қуанышында шек болмады. Ашылу салтанатына қатысқанымызда қазақ бүлдіршіндерінің көптігін жақсы ырымға балап, атына заты сай ұлттық балабақша қатарының толығатынына көңілімізде титтей де күмән тумаған. Бірақ текке алданған екенбіз, үмітіміз үзіліп сала берді.

Балабақшаның тыныс-тіршілігімен жете танысуға облыстық «Қазақ тілі» қоғамының тапсырмасы себеп болды. Сырттай қарасаң, көркіне көз тоятын мекемеде жұмыс істейтін 4 топта 71 балақай тәрбиеленеді, 90 пайыздайы – қазақтың бүлдіршіндері. Оның 2 тобы – қазақша, 2 тобы – орысша. Былтыр 2-3 жастағылар үшін қазақ тобы ашылып, 11 бала қабылданыпты. Мекеменің меңгерушісі Светлана Старцеваның сөзіне қарағанда, қазақ топтарын көбейтуге мүмкіндік мол. Алдын ала белгіленген жиналысқа келгенімізде ата- аналар бізді күтіп отыр екен. Ашық сұхбат негізінен орыс тілінде өрбігеніне қарағанда, жиналғандардың әлі де ресми тілге үстемдік, басымдық беретіні анық сезіліп тұрды.

Төрт бала өсіріп отырған көпбалалы ана сөзін қазақ тілінде бастап, аяғын сұйылтып жіберді. Ана тілін жетік білмейтінін қайта-қайта алға тарта берді. Осы себепті балаларын ана тілінде оқытуға тайсақтайтын сияқты. Бір түсініксіздігі, тілі орысша шыққан үлкен ұлын Абай атындағы қалалық қазақ гимназиясына беріп, 5-сыныптан соң орысшаға ауыстырған. Оның «балаңыздың сабақ үлгерімі нашар, орысша оқытыңыз» деп мұғалім айтты деген «уәжі» бізді сендірмеді. Екінші қызын репетитор жалдап, қазақша оқытқанмен, үлгерімі төмен деген желеумен 2-сыныптан орысшаға берген. Үшінші ұлы осында орыс тобында екен. Бір байқағанымыз, ата-аналар балаларының ырқынан шыға алмайтын тәрізді. Мәселен, тағы бір отбасының қызы 5-сыныпқа дейін қазақша оқып, сосын бармай қойған. Ана тілінде оқуды қиынсынып, қиғылық салған. Қазір 8-мектепте орысша оқып жүр. Екінші сылтаулары – балабақшалар мен мектептердің алыстығы. Осыны желеу етіп, қазақтар көп шоғырланған шағынаудандарда салынса деген өтініштерін қайталаудан жалықпады. Таяқ тастам жерде «Жайлы мектеп» ашылғанын, қазақ сыныптарына оқушылар қабылдап жатқанын сүйіншілеп жеткізгенімізде не дерлерін білмей абдырап қалды. Залда бір уақ үнсіздік орнады. Ол тыныштықты Ұлпан Есқожина деген ата-ана бұзды.

«Басқа ұлт өкілдерінің балалары мемлекеттік тілде жап-жақсы оқып жүргенін тәжірибеден жақсы білеміз. Өкініштісі сол, жауапкершілікті өзімізден ысырып тастауға бейімбіз, жөргегінен бастап ұлттық бағытта тәрбиелеуге ұмтылмаймыз. Шын ынталанса, кез келген тілді үйренуге болады», – деп кесімді сөзін айтты. Оны бірсыпыра ата-ана қолдап, ұлттық рух ана тілінің кәусарынан қанып ішуден, уызына жарудан бастау алатын жеткізді.

Ғимараттан шыға бергенімізде құм үстінде ойнап отырған бір балақайды кезіктірдік. Аты-жөнін сұрап едік, «Алдияр Жанпейісов, атамның баласымын», – деп ана тілінде тақ-тұқ жауап беріп, алаң көңілімізді бір көтеріп тастады.

Ал аты қазақша, заты орысша бөбекжай-бақшаны ұлттық мекемеге айналдыру мәселесін тиісті орындардың еншісіне қалдырайық.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp