«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АҚЫЛДЫ” ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСТЫРЫЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауларында барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар екендігін, сондықтан ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұрғандығын баса айтады. Осыған орай қазіргі замандағы білім саласының алдында тұрған мақсаттар мен міндеттер бүгінгі күнде түбегейлі өзгерістерге толы. Енді “білімді меңгеруден” “біліктілікті қалыптастыруға” ден қойылады. Оқушылардың заманауи технологияларды игеруі, алып жатқан білімдерінің тәжірибелік бағытын болжауы, функционалдық сауаттылықты игеруі, мақсат қоя білуі, дағдарыстан шығу жолын іздестіруі, оны шешуі және қорытынды жасауы өмірлік маңызы зор құзыреттер болып табылады.

Қазіргі мектептерде оқу-тәрбиелеу үдерісін барлық білім деңгейлерінде басқару мен ұйымдастыру мақсатында ақпараттық-коммуникативтік технологиялар қолданылады және олар ақпараттық ресурстар негізін құрайды. Бұл ресурстарды оқу үдерісінде қолданудың негізгі мақсаты оқушылар білімінің тиімділігі мен сапасын арттыруды көздейді. Ал ақпараттық коммуникативтік технологияларды пайдалана отырып, оқытудың сапасын арттыру мұғалімнің оларды сауатты қолдануына байланысты. Сонымен қатар, мұндай ресурстарды пайдалану мұғалімнің біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Әрбір мұғалім ақпараттық ресурстарды қолданудың ең қолжетімді түрі мен тиімді тәсілдерін таңдап алуы қажет. “Ақылды” оқытудың арқасында оқушыға берілетін білім сапасы артады.  

“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында ақпараттық білім беру ортасының тиімді қызмет атқаруы үшін барлық жағдай жасалған. Соның бірі курстық даярлықтың міндетті бөлігі ретінде планшеттік ДК қолдану арқылы сабақ жүргізу болып табылады. Сабақ барысында педагогтер планшеттік ДК жұмыс істеудің қағидаттарын, оның сенсорлық және операциялық жүйелерін қарастырады. Мысалы, химия сабағында зертханалық жұмыс жүргізу барысында бір топ оқушы тәжірибемен айналысып жатса, келесі топ планшеттің бейнекамерасына сыныптастарының сынақ жасау үстіндегі әрекеттерін түсіріп алады. Сөйтіп, химиялық тәжірибе жасаудың дұрыстығына рефлективті талдау жүргізіледі. Әр оқушының игерген білімін әділ бағалау, оқушылармен бірге түсірілімді қарап, талдап, зертханалық жұмыс орындауды тексеру мүмкіндігін береді. Сондай-ақ, бастауыш сынып сабақтарында планшеттің көмегімен тестілеу жұмысын өткізгенде оның экранында жұмыс нәтижесі бірден шығады. Планшетті және Smart-құрылғылардың басқа да түрлерін физика, биология, дене шынықтыру сабақтарында да тиімді қолдануға болады.

Білім беру парадигмасының өзгеруі педагогтердің кәсіби дайындығының ерекше беделін талап етеді. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облысы білім беру ұйымдарының пән мұғалімдері мен директордың орынбасарларына арналған “Білім беру ұйымдарына электронды оқыту жүйесін енгізу негізіндегі педагогикалық қызметкерлердің ақпараттық-коммуникативтік технологиялар құзыреттілігі” тақырыбында біліктілікті арттыру курстары өтті. Облыс бойынша 581 педагог ақпараттық-коммуникативтік технологияларды оқу үдерісіне енгізу бойынша өз біліктіліктерін арттырды. Сонымен қатар, “Ауыл мектептерінде ақпараттық-коммуникативтік технологияны пайдалану” тақырыбында республикалық семинар өтті. Өйткені, Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің 89 пайызы ауылдық мектептер болғандықтан, білім беруді ақпараттандыру мен осыған байланысты ақпараттық-білімдік ортаны дамыту қажеттілігі туындады.

Жалпы ақпараттық-құзыреттілікті қалыптастырудан күтілетін нәтиже – жаңа заманға сай ақпараттық мәдениеті мен құзыреттілігі қалыптасқан, теориялық білімдерін іс жүзінде қолдана алатын, информатика пәнін басқа пәндермен байланыстыра алатын жеке тұлға қалыптастыру. Олай болса қоғамның әрбір мүшесі ақпараттық сауатты, мәдениеті мен құзыреттілігі дамыған тұлға болуы қажет. Осыған байланысты оқушылардың қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында біріккен және кешенді білім контентін даярлау, ақпараттық-коммуникациялық технологияны пайдаланатын оқу ортасын және оқыту контентін кеңейту, қоғам сұранысын қанағаттандыруға арналған шараларды іске асыру талаптары тұр.

Таза теориялық білім қоғамынан білімді қызметте, тәжірибеде қолдану қоғамына айналуымыз қажет. Сөйтіп, жаңашыл технологияларды белсенді де тиімді енгізу “ақылды” қоғам негізін қалыптастырады.

Мархаба ҚУАНТАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін

арттыру институты” филиалы директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp