Электронды күнделіктің енгізілгеніне екі жылдан артық уақыт өтті. Осы кезеңде ол талай сынға ұшырап, кемшіліктері түзетіліп, бірқатар өзгерістер жасалды. Ең бастысы, оның мұғалім мен ата-анаға да бірдей пайдасы барына көз жеткізілді.
Балалардың мектептегі жетістіктерін қолдағы ұялы телефон арқылы бақылап отыруға мүмкіндік беретін “Күнделік.kz” қосымшасы – білім беру саласындағы ұтымды жаңашылдықтардың бірі. Алайда, жуырда қосымшаны пайдалану ақылы болатыны туралы хабар тарады. Ұялы телефондағы күнделіктен сабақ кестесін қарау ғана тегін болмақ. 2690 теңге жылдық абоненттік төлемді ай сайын 299 теңгеден бөліп төлеу де қарастырылған. Біреулерге бұл сома көп болып көрінбес. Алайда, көпшілік балаларының мектептегі жетістіктерін не себепті ақша төлеп білуге тиіс екендерін түсінбеуде.
“Күнделік” ЖШС-нің бас директоры Мұхтар Ілиясов мұндай пікір білдірушілерге білім сайтын қолдану әрдайым тегін болатынын, бірақ мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмағандықтан, жоба құнын ақтаудың жолдарын іздеуге тиіс екендерін мәлімдеді. Сол себепті, сайттың телефондағы қосымшасын қолданушылардан қызметтік төлем талап етілетін болып шешілген. Қосымша иелерінің айтуынша, күн сайынғы және қорытынды бағаларды қарап, статистикаға көз жүгіртуге мүмкіндік беретін ақылы қызметтер қатары уақыт өте өзге де ыңғайлы функциялармен толықтырылмақшы.
– Жұмыстан қолым босаған сәтте “Күнделік” қосымшасын ашып, қызымның үй тапсырмасы мен алған бағаларын қарап отырамын. Егер бүгін сынып бөлім бойынша жиынтық бағалау жұмысын жазатын болса, кешке оның қорытындысы дайын тұрады. Оқушылардың білім рейтингісін де қадағалап отыруды әдетке айналдырдым. Сондықтан ақылы болса да, “Күнделік.kz” қосымшасын пайдалануды жалғастырамын, – дейді С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының 3-сынып оқушысы Қамажайдың анасы Ақнұр Бейсенбаева.
Бүгіндері портал еліміздің 6 мың мектебінде қолжетімді. Оған тіркелген абоненттер саны 4 миллионнан асып отыр. Білім және ғылым министрлігінің есебі бойынша күн сайын электронды қызмет алаңына 300 мыңнан астам адам кіреді екен.
Мектеп ұстаздары күнбе-күн үй тапсырмасын, балаларға қойған бағалар мен пікірлерін электронды журналға жазып отыруға міндетті. Бұдан басқа олардың міндетіне ата-аналардың сайтқа кіруін қадағалап тұру да енген. Бұл – Білім және ғылым министрінің 2018 жылдан бастап еліміздегі бүкіл мектепті электронды күнделік жүйесімен жұмыс істеуге міндеттеуі нәтижесінде туындаған тәртіп болса керек.
– Ата-аналарға уақыт тауып сайтқа кіріп, оқушылардың үлгерімін бақылап отыруды қанша өтінсем де, сабақтан кейін мені сұрақтың астына алуларын қоймай келеді. Сөйтіп, электронды күнделікті толтырғаным босқа қалып, әр оқушының оқуы туралы айтып тұруыма тура келіп жүр. “Күнделіктің” мұғалімдердің жұмысын жеңілдету үшін, ал ата-аналардың оқу барысына сырттай қатысып, керегінде ғана ұстазға жолығуы үшін қарастырылғанын айтқым келеді, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Арай Байлина.
Жалпы білім порталдарын оқыту үрдісінде жаппай пайдалану мәселесі сөз етілгенде, еліміздің интернетпен қамтамасыз етілу жағдайына көз салмауға болмайды. Өйткені, бұл тұста шешілмеген мәселе көп. Бүгінде 450 солтүстікқазақстандық мектеп “Күнделік.kz” порталына қосылған. Дегенмен, бұл мектептердегі интернет сапасы әртүрлі. Мәселен, кең жолақты интернет келіп жетпеген, оның үстіне ұялы байланысы да нашар елді мекендер Айыртау ауданында көп екен. Аудандағы 48 мектептің 27-сі ғана кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіліпті. Қалған 21 елді мекендегі мектептердің интернет жылдамдығы небары 1,5 мегабайт қана. Аудандық білім бөліміндегілер жылдамдықты ұлғайту мәселесі жақын жылдары шешілетініне күмәнмен қарайды. Өйткені, ол үшін 50 миллион теңге қаржы қажет екен.
– Сулыкөл, Береславка ауылдарында интернет мүлдем жоқ. Сол сияқты Наследниковка, Айыртау ауылдарының мектептеріне де сапалы интернет тартылмаған. Мұғалімдер ұялы байланыс интернетін пайдалануға тырысады. Бірақ ауданымызда олардың да сапасы көңіл көншітпейді. Мектептерді кең жолақты интернетке қосу үшін “Қазақтелеком” АҚ-ы филиалының мамандарына көп жұмыс атқаруға тура келеді. Оған жұмсалатын қаражаттың да аз болмасы анық, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанат Төлеуов.
Айыртаулық білім беру мекемелері сияқты Жамбыл, Мағжан Жұмабаев аудандарының бірқатар мектебінің ұжымдары да электронды білім беру жобаларының игілігін пайдалана алмауда. Статистика деректері бойынша біздің өңіріміз электронды журналмен жұмыс жүргізу деңгейі бойынша республикада бесінші орында тұр.
Облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық-технологиялық орталығының әдіскер-бағдарламашысы Жайнагүл Сәдуақасова биыл “Жол картасына” сәйкес өңіріміздегі тоғыз мектепті кең жолақты интернетке қосу жоспарланып отырғанын айтты.
– 2020 жылға дейін барлық мектептердегі интернеттің сапасын жақсарту міндетін орындауымыз керек. Соның арқасында ауыл мектептерінің білім беру порталдарына қосылу мүмкіндіктері артады, – дейді ол.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústik Qazaqstan”.