Ол жайлы сыр айтады
Сол кездің самалы, айы.
Жанымды мұңайтады
Қызылжар қарағайы.
Тағдырдың кесімі бар,
Уақыттың кермегінде.
Зылиха есімі бар
Өлеңнің өрнегінде.
Кейіпкер жырға қымбат
Бозтаңда боздасын ән.
… Ұққаным шын махаббат,
Тұрады көз жасынан.
Бұл тағдыр кейде шұбар,
Жазу бар жан нұрыңда.
Зылиха бейнесі бар
Мағжанның әр жырында.
Атыңды биік еткен,
Нұр көрем реңіңнен.
Ақынды сүйіп өткен
Айналдым жүрегіңнен!
Ғаламат ғаламдағы,
Ғажайып жыр ұйқасы.
Ақынның адал жары –
Мағжанның Зылихасы!
Мақпал МЫСА.