«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«АҚЫРЗАМАНҒА» 89 СЕКУНД ҚАЛДЫ немесе экомәдениетті қалай қалыптастырамыз?

Бүгінде дүниежүзі ауқымды экологиялық дағдарыстың алдында тұр. Құнарлы жерлердің жөн-жосықсыз игерілуі, өндіріс орындарынан шығатын қалдықтың артуы, қоқыс өңдеудің

кенжелеп қалуы әлемдік экожүйеге кері әсерін тигізіп, ортақ үйіміздің ертеңіне қауіп төндіруде.

Экомәдениет ұғымы өткен ғасырдың 70-ші жылдары пайда болды. Ол – адамның табиғатқа қамқор болып, қоршаған ортамен үндестікте өмір сүруін көздейтін ағым. Бұл термин мағынасы жағынан экологиядан гөрі мәдениеттануға әлдеқайда жақын. Оған сай адамның мәдени өресі тек өзін қоғамда дұрыс ұстауына ғана емес, табиғатпен қарым-қатынасына да байланысты.

Бүгінде халықтың климаттық өзгеруге алаңдап, ауаның ластануының алдын алуға септесуі оның азаматтық бейнесінің өлшеміне айналып отыр. Соған қарамастан экомәдениет елімізде кең етек жайып кетті деп айта алмаймыз. Әлі күнге елімізде қоқыстың небәрі 15 пайызы ғана қайта өңделеді. Қалған бөлігі ашық полигондарда жүздеген жылдар бойы шірімей жата бермек. Пластик қолдануды шектеу, көп реттік ыдыстар мен дорбаларды пайдалану туралы бастамалар да бұқаралық сипат ала қойған жоқ.

Жұртшылық арасында экомәдениетті қалыптастыруда «Таза Қазақстан» бағдарламасының берері көп. Аз ғана уақыт ішінде акция әр өңірде кең қолдау тауып, игі істер жүзеге асқан. Былтыр бұл бағыттағы жұмыстарға 7,6 млрд. теңге қаржы бөлінген. Қызылжарлықтардың күшімен 35 мыңнан астам көшет отырғызылып, елді мекендерде аумақты абаттандыру бойынша байқау өткен. Оның қатысушылары өз ауылдарында балалар алаңын орнату мүмкіндігіне ие болыпты. Бұл жоба биыл да жалғасын таппақ. Бағдарлама аясында өңірде сенбіліктер мен экоакциялар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Алайда өңірде қоршаған ортаны қорғау ережелеріне мойынсұнбайтындар да бар. Облыстық экология департаменті өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері біршама құқық бұзушылық анықталып, заңнан аттағандарға айыппұлдар салынған.

«Жыл басынан бері департамент мамандары 31 тексеріс жүргізді. Оның 24-і бізге түскен өтініштер негізінде жүзеге асырылды. Тексеріс нәтижесінде экологиялық заңнаманы бұзудың 59 дерегі тіркелді. Осының негізінде жалпы құны 29 млн. теңге болатын 37 айыппұл салынған. Оның 11 миллионы өндірілді. 6 әкімшілік іс сотқа жіберіліп, оның бесеуі қаралып, заңнамаға салғырт қарағандарға айыппұл салынды», – дейді облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Асхат Мапенов.

Заңнаманың сақталуын қадағалайтын департамент мамандарының да құзыреті шектеулі. Мәселен, Кәсіпкерлік кодексі аясында бизнес субьектілерін тексеру нысанның өзіне бармай-ақ жүзеге асады. Ол үшін тиісті органдардың сипаттамалары пайдаланылады. Осылайша кәсіпкерлер жұмысының экологиялық талаптарға сәйкестігі есептер мен қағаз бетіндегі сипаттамалар негізінде анықталады.

Қоғамда экомәдениеттің қалыптасуында жекелеген белсенділердің де еңбегін атап өткен жөн. Тұрғындарды табиғатқа қамқор болуға шақырып жүргендер аз емес. Күні кеше экобелсенді Алексей Сибирскийдің бастамасы тұрғындар мен жергілікті билік тарапынан қолдау тауып, Қызылжар маңында 15 мың көшет егілді. Енді ондаған жылдан кейін бұл көшеттер ит тұмсығы батпайтын қарағайлы орманға айналмақ.

Экомәдениетті қалыптастыру тек жасыл желек отырғызумен шектелмейтіні мәлім. Қоршаған ортаға деген қамқорлық адамның өмір салтына айналуы қажет. Әйтпесе бір реттік сенбіліктер мен акцияларға қатысқанымен бәз қалпына қайта түсіп, экологиялық мәселелерді ұмытып кететіндер көп. Сондықтан да бұл бағытта жұртшы лыққа жүйелі білім керек. Сонда ғана экомәдениет халықтың өмір сүру философиясының ажырамас бөлігіне айналады. Өңірдегі «Экодвиж» қозғалысы белсенділерінің ұстанымы осындай.

«Табиғатқа жанашырлық танытуды әр адам өзінен бастауы тиіс. Ыдыс жуғанда суды үнемдеу, дүкенге барғанда көп реттік дорбаларды пайдалану, кофе ішкенде бір реттік ыдыстан бас тарту сияқты қарапайым қадамдардың өзі адамзаттың табиғатқа әсерін аз да болсын азайтады. Киім-кешек пен бұйымдарды қоқысқа тастамай, мүмкіндігінше сатуға, біреуге беруге немесе басқа қажеттілік үшін пайдалануға болады. Қалдықтарды кон тейнерге тастағанша қайта өңдеуге өткізген тиімді. Біз облыс орталығында түрлі жәрмеңкелер өткіземіз. Онда адамдар өздеріне керексіз заттарды пайдалы дүниелерге алмастыра алады. Ал сатылмағандары мұқтаж жандарға тегін беріледі», – дейді қозғалыс жетекшісі Әсел Шәкімова.

АҚШ-тың Чикаго университетінде «ақырзаман» сағаты бар. Жыл сайын дүниежүзінің жетекші ғалымдары адамзаттың жердегі өміріне қанша уақыт қалғанын есептеп, сағат тілін жылжытады. Сағат тілі түнгі он екіге жеткенде әлем тарихы тоқтайды деген сөз. 1947 жылы бұл сағат қойылғанда он екіге жеті минут қалғанын көрсеткен. Алайда содан бері сағат тілі біртіндеп жылжып келеді. Биыл ғалымдар оны тағы ілгерілеткен. Осылайша адамзат өліміне небәрі 89 секунд қалған. Бұл – бұрын-соңды болмаған болжам. Халықтың жер ресурстарын үнемсіз пайдалануы осындай салдарға ұрындыруы мүмкін. Соңғы 40 жылда біз жердің өндіру мүмкіндігінен көп ресурс тұтынып келеміз. Ал қазіргі қажеттілігімізді толық өтеу үшін ғаламшарымыз қазіргі көлемінен бір жарым есе үлкен болуы керек. Алайда «ақырзаман» сағатының тілін артқа жылжытуға кеш емес. Егер экологиялық қауіптің алдын ала алсақ, жер бетіндегі адамзат өмірі ұзарып, сағат басқа уақытты көрсете бастайды.

Экомәдениетті қалыптастыруда үлгіні өзге елдерден іздеудің керегі жоқ. Бабалардың өсиетін ұстанып, аманатына адал болсақ, табиғатқа қамқорлықтың небір мысалын көреміз. Өйткені қоршаған ортамен бірлікте өмір сүру қазақ халқының дәстүрлі танымында бар қасиет.

«Ата-бабамыз ұрпағына аң- құс пен орман-тоғайға қамқорлық жасауды өсиет етті. Көшпенділердің аса қажет болмаса жерге қазық қағуға да қолдары бармайтын. Көшкенде қазған жерін қайтадан көміп кететін. Аңшыларымыз алаңсыз тұрған аңның өзін ысқырып барып атқан. Қазақтың басқалардай ағаштан үй салмағанының да себебі сол. Отынның орнына малдың тезегін пайдаланған. Олар жерді анасындай қадірлеген. Тіпті жерге түкірудің өзі әдепсіз қылық саналған. Алайда кейінгі күштеп ұжымдастыру, тың игеру сияқты науқандар тұрмысымызға өзгеріс енгізіп, бұл дүниетанымнан ажырап кеттік», – дейді аға буын өкілі Балзия Қылышбаева.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp