«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ АРНАСЫ

Айтыскер ақын, манасшы-жырау Баянғали Әлімжанов өзінің сан қырлы шығармашылық әлеуетін жан-жақты қаламгерлік қабілетімен айғақтап, бірнеше көркем туындыларын оқырмандарға тарту етті. Дарынды жазушы тарихи шығармаларымен де бүгінгі әдебиетімізді байытуға еңбек сіңіруде. Оның осындай үлкен ізденісінің нәтижесінде қолымызға тағы бір тың туындысы тиіп отыр. Орыс тілінде жазылған “Аблай хан и его батыры” деген бұл кітап “Легенды великой степи” (“Ұлы дала аңыздары”) айдарымен шыққан.

Алдын ала айтар болсақ, кітаптың айдары әлгіндей болғанымен, Абылай хан – тарихи тұлға. Өзінің өнегелі ұлы ғұмырында тарихымызда мәңгілік өшпес ақиқатын қалдырған айбынды ханымыздың тұлғасы оған деген қазақ халқының тағзымы мен сүйіспеншілігінің арқасында нақты бейнеден аңызға ұласып кеткен. Сондықтан оны алаш жұрты әулие санайтынын, оған өз заманынан бері бүгінгі күнге дейін жұрттың тәу ететінін Баянғали Әлімжанов осы кітабының алғысөзінде дәйектеп, бұл повестің Шоқан Уәлихановтың, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің, Шәкәрім Құдайбердиевтің және қазақтың басқа да этнографтарының жазбаларындағы тарихи деректерде де, сонымен бірге, халық аңыздарында да кездесетінін алға тартады. Ал, жазушы осы деректерді пайдалана отырып, көркем туындыда алаштың айбынды ханының бейнесін мүсіндейді.

Жыраулардың жырларында да, сонымен мазмұндас өлеңдерде де Абылайдың балауса шағы, ханзада күнінде әкесі Көркем Уәлидің дұшпандарынан қапияда қаза тауып, ордасы талқандалғаны, тұқымынан тірі тұяқ қалдырылмай қырылғаны, тек әкесінің сенімді төлеңгіті Оразаталықтың пана болуының арқасында жас Әбілмансұрдың аман қалуы, қан майдандағы жекпе-жекте жоңғар баһадүрі Шарыштың басын шабуы баяндалады. Оның кейін “Сабалақ” атануы, абайсызда Қалдан Серенге тұтқынға түсуі, асқан ақылмандығының арқасында бостандыққа қол жеткізуі бұл оқиғалар оқығандары арқылы бұрыннан қанық адамдарға қызық бола қоймас деп ойлар едік. Алайда, мен бұрыннан білетін Баянғали Әлімжанов осы оқиғаларды өзіне тән ізденімпаздықпен тарихи деректердің нәтижесінде жетілдіріп, ханның Керейдің батырлары Ер Жәнібекпен, Тұрсынбаймен, Суан руынан шыққан Сатаймен өткен күндерін қалмақтың қапасында жатып есіне түсіретінін, бостандықты аңсауын жаныңды баурай отырып, көркем кескіндеп бере білген. Сондай-ақ, Малайсары, Олжабай, Бөгенбай, Қабанбай батырлармен бірге жоңғаларды атамекенімізден қуып, елімізде азаттық туын желбірету жолындағы ұлы ерліктерін алға тартады. Бұл жорықтарда Абылаймен үзеңгі қағыстырған хас батырларының ерліктері айызыңды қандыратындай суреттеледі.

Аса көлемді болмаса да, мазмұны бай, сонысымен үлкен кітаптарға татитын осы еңбектің оқырман ретінде мен байқаған ұтымды тұсы – Абылай жайындағы бұрыннан белгілі деректерді баяндап шығуы емес, ханның өмірі мен ел басқару ісіндегі тарихи әдебиеттерде көрініс тапқан айғақтарды жаңаша суреттеуі. Бұл орайда Б. Әлімжанов өз жанынан мазмұн жасамайды, есесіне Жоңғария мен Қазақияның екі алып империяның – Ресей мен Қытайдың арасындағы қолжаулық аймақ екенін Қалдан Серенмен тұтқындағы әңгіме үстінде Абылайдың аузына салады. “Бұлардың айдап салғанына жік-жапар болмайық, ұрыссыз, қантөгіссіз ұлыстарымыздың аман-саулығын ойлайық. Бұлардың ойы – өзгенің қолымен от көсеу, бізді екеуара қырқыстырып қойып, “қай жеңгенің менікі” пиғылы” деген диалогы – автордың тапқырлығы. Кітапта тарихшыларымыз Тәуелсіздіктен кейін ғана дәлелдеп жүрген мұндай деректер баршылық және көркем шығармаға сай суреттеледі.

Балалар мен жасөспірімдерге арналғандықтан, көркем безендіріліп берілген, форматы да өзге кітаптардан басқаша бұл туынды Астананың “Фолиант” баспасынан шығарылған. Алайда, мұны жас буын ғана емес, ересек, зиялы қауым зейінмен оқитынына шүбәм жоқ.

Сөздің орайы келіп тұрғанда айтарымыз – автордың кітапты басып шығаруға қаржылай демеушілік жасаған меценат жерлесіміз Жомарт Жақсылықұлы Омаровқа шынайы алғыс білдіруін құп көрдік.

Әрине, бес мың данамен шыққан кітап әмсе қазақ оқырмандарына тегіс тарап кетпесе де, Көкшетау, Қызылжар өңірлерінің оқырмандарына үлкен тарту екені түсінікті.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp