Көрген-білгенімді қолыма қалам алып, қағазға түртіп жүру ежелден қалыптасқан әдетім еді. Жүрген сайын көре бересің, көрген сайын біле бересің дейді дана халқымыз. Жас ұлғайған сайын қоғамға деген көзқарас та аздап өзгеріп, болып жатқан жайттарға сын көзбен қарай бастайды екенсің. Бүгінде қазақтың тойы да той, қазасы да тойға айналған заман туды. Ат шаптырмасақ та, мейрамхана толы мейман шақырып, ас та төк дастарқан жайып жүрміз. Аруаққа арнап ас беру атам заманнан бар. Оған қарсылығым жоқ, тек осы астардағы көзге оғаш кейбір қылықтар мен қызық оқиғалар жайлы айтсам деймін.
Ағам о дүниелік болып, “Қызылжар” орталық мешітінің асханасында қырқын өткіздік. Көңіл айтып келген кісілердің бәрін жасына, дәрежесіне қарай тиісті дастарқанға жайғастырып жүргенмін. Есіктен әдеміше келген мұрты бар, мұнтаздай таза киінген бір ақсақал кіріп келе жатыр. Танымадым. Дәу де болса құдалардың бірі шығар деген оймен төргі үстелге жайғастырдым. Ас ішілді, Құран оқылды. Жиналған қауым тарқап кеткен соң Орынбасар деген құдам менің жаныма келіп, “Төрде отырған ақсақал туысың ба?” – деп сұрады. Мен шырамыта алмағанымды айттым. Сөйтсек, мұртты шал Қызылжардың Жұмысшы кентінің тұрғыны болып шықты. Мешіт маңын жағалап жүретін ол еш шақырусыз астарға кіріп, қарын тойдырады екен. Кейін сұрастырсам, балашағасы, отбасысы бар көрінеді. Қай үйде қазан көтерілсе, сол үйден шықпайтын сумақай әйелдер сияқты ақсақалдың бұл жүрісі ерсі көрінді.
Қазекеңнің тағы да бір теріс пиғылын сөз еткім келіп тұр. Менің бір танысым әкесінің жылын бермекші болды. Үй ішімен отырып, шақырылатын адамдардың тізімін құрды. Жаназаға келіп, бата жасаған, яғни садақа берген адамдардың дәптерде аты-жөндері жазулы тұр ғой. Жерлеуге барлығы 320 адам келген екен. Ал асханадағы орын 240 қана. Қызық осы жерден басталды. Құдаларды ұмытпау керек. Әкесінің дос-жарандары қалып қоймасын. Ауылдастар ше? Оларды шақырмауға тағы болмайды. Ал бәрі бірдей жиналса асханаға сыймайды. Бұл жерде әлгі садақа жазылған дәптер көмекке келді. 1000 теңге әкелгендерді сызып тастады, бірақ әлі де көп. Сосын 1500 бергендерді де тізімнен алып көріп еді, қажет сан шыға келді. Осы дұрыс па? Берген садақасанының көлемі емес, адамның ниеті маңызды емес пе еді?
Қисық арба жол бұзар, надан молда ел бұзар, дейді атам қазақ. Бүгінде мың қосшыға бір басшы болып жүрген молдаларымыздың да кейбір қылықтары қазақы салтымызға сай келмей ме деп қаламын. Өлім-жітім болған үйге алыс-жақыннан ағайын-туыс арып-ашып жетеді. Бар мақсат – бір уыс топырақ салу ғой. Бірақ біз салттан аттамаған халықпыз. Қуыс үйден ешкімнің де құр шығуға қақысы жоқ. Сондықтан да болар мәйітті жерлеп келген жамағатқа арнап үлкен дастарқан жайылатыны. Жас ұлғайғаннан кейін бе, әлде бәріміздің де баратын жеріміз бір екенін түсінгендіктен болар, жаназалардан қалмауға тырысамын. Сондай жаназалардың бірі Бескөл ауылында өтті. Мәйітті түске дейін жерлеу әдеті қалыптасқан, сондықтан сағат 12.45 дегенде зираттан оралған жұрт сол ауылдағы асханаға келіп кірді. Күн суық, таңертеңнен бері далада жүрген жігіттер жаурағаны анық. Сондықтан бәрі ыстық асты асыға күтіп отыр. Бірақ енді ет келеді-ау деген сәтте төргі үстелдегі молдалар намаз уақыты болғанын айтып, тұрып кетті. Адамның дегені емес, Алланың бұйрығы бірінші орында тұрғаны дұрыс қой. Амалсыздан күттік. Бірақ діннен алыстау жүрген кейбір азаматтар ашуланып, кетіп қалды. Осындай жағдай жиі орын алатынын естіп жүрмін. Бір мәмілеге, ортақ шешімге келу керек сияқты.
Кеңес өкіметі кезінде бір ауылда бір молда ғана болатын. Барлық марқұмның жаназасын сол шығаратын. Ал қазір молда көбейді. Бұл жерде мен арнайы оқу оқыған, діни білімі бар мешіт имамдарын айтып отырған жоқпын. Өлім болған үйге молда үйір келеді екен. Бір асқа бірнешеуі қатар жиналады. Бәрі Құран оқиды. Біздің халықта Құран оқыған адамға аз да болсын садақа беру салты бар. Көбіне марқұмның ұрпағы беріп жатады. Ал енді төрт-бес молда оқыған соң, қайсысына береріңді білмей дал боласың. Бәріне бірдей тарататын байлық қайдан келсін? Ал олар өздері бәрін әлдеқашан шешіп қойған. Кімге беру керек екенін айтып, өздері бөліп отырады.
Қазақтың салт-дәстүрі асыл дініміз исламмен астарласып жатыр. Қос тізгінді тең ұстаған халықпыз ғой. Сондықтан аңқау елге билік айтқан арамза молдалардан сақ болайық. Көшпеліде бір басшысы жоқ ел оңбайтыны ертеден белгілі. Сондықтан ас беру, жаназа сияқты шаралардың шарттарын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, оқыған имамдарымыздан сұрап, солардың берген пәтуасымен жүрсек қателеспеспіз.
Жамбыл ҚҰСАЙЫНОВ,
зейнеткер.