«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАБАДАН ҚАЛҒАН БОЗ КІЛЕМ…

“Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында кілем тоқу дәстүріне арналған “Сырлы оюлар” көрмесі ашылды.

Көрмеге қойылған 20-ға жуық алаша, текемет және кілемдер­дің барлығы қолдан тоқылған. Сан ғасыр тарихымыздан сыр шертетін дүниелер әсем безендіріліп, ұмытылып бара жатқан оюлармен өрнектелген. Мәселен, көрме төрінен орын алған 80 жылдық тарихы бар алашаларды мұражайға облысымыздың бір тұрғыны табыстаған екен. Мұражай-кешеннің бас қор сақтаушысы Людмила Шераухова ерекше шеберлікпен жасалған бұйымдардың өзінен-ақ көне заманның тарихын, тыныс-тіршілігін аңғаруға болатынын айтады. “Мұражайымыз ашылғаннан бері өңір тұрғындары бізге қолөнер бұйымдарын жиі табыстайды. Солардың ішінде, әсіресе, кілем, алаша, текемет сияқты қазақ халқының тұрмысына қажет болған жабдықтардың жасалу әдісі аса қызық. Көрмедегі жасаудың бәрі қолдан тоқылған, табиғи материалдардан жасалған өнімдер болып табылады”, – дейді мұражай қызметкері.

Көрмені тамашалаушылар төрдегі алаша тоқуға арналған жабдыққа ерекше назар аударды. Өрмекті ісмер әжелеріміз өздері құрастырып, ұрпақтан-ұрпаққа табыстап келген. Өкінішке қарай, бүгінгі күні бұл дәстүр жоғалу үстінде дейді тігінші Гүл­май Даханқызы. Ұлттық қолөнердің жанашыры ата-бабамыздан қалған дәстүрді сақтап қалу мақсатында бірнеше жылдан бері кілем тоқу өнерін зерттеп, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары арасында насихат­тап келеді. Осы мақсатта ол арнайы үйірме ашқан. Шара барысында ол жиналғандарға тоқу әдістерін көрсетті.

Көрменің ашылу салтанатын­да сөз сөйлеген “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің директоры Аян Садаев: “Шеберлер кілем тоқығанда халықтың ға­сырлық даналығын енгізеді. Әр оюдың, мәнердің өз мағынасы бар. Олардың әрқайсысында ұлтымызға тән ерекшелік жатыр, мінез-құлқымыз, болмыс-бітіміміз – бәрі көрініс тапқандай. Біз осы дәстүрімізді жоғалтпай, бүгінгі ұрпаққа насихаттауды жөн көр­дік. Сондықтан оған мектеп оқушылары мен жастар көптеп қатысады деген үміттеміз”, – деген өзінің пікірін білдірді.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp