Әрбір мемлекеттің тарихында ешқашан ұмытылмайтын тұлғалар бар. Олардың есімдері халық жадында сақталады. Біздің еліміздің өткеніне көз жүгіртсек, ата-бабаларымыздың ерлігі мен батырлығының арқасында бүгінгі тәуелсіз Қазақстан қалыптасқанын көреміз. XVIII ғасырдағы қазақ-орыс қатынастары туралы архивтік деректер мен соның негізінде жазылған тарихи еңбектерде батыр Бабеке Құлекеұлының есімі жиі аталады.
Құлеке батыр (1702-1763 ж.) – Абылай ханның оң қолы, сенімді серігі, кеңесшісі, қарулас досы болған. Құлеке батырдың ерлігінің арқасында Тобыл мен Ертіс өзендерінің арасындағы жерлерден және Есіл өзені бойынан естектер ығыстырылды. Бұл аймақтар – Атығай руының атақонысы еді, бірақ «Ақтабан шұбырынды» нәубеті кезінде уақытша тастап кетуге мәжбүр болды. Осы шайқастарда Құлеке естектің үш батыры – Шуда, Бағанаты, Сарыбұлақпен жекпе-жекке түсіп, оларды жеңеді. Осы ерлігі арқылы ол жүздеген қандасының өмірін сақтап қалды. Өйткені дала заңы бойынша батыр жекпе-жекте жеңілсе, оның жасағы ешбір қарсылықсыз жерді босатуға міндетті болған.
Бұл шайқастарға жас Бабеке де куә болып, әскери тәжірибе жинайды. Кейін бұл оған туған жерін қорғау жолында қажет болды. Қазақтардың көшпелі өмір салты көктем-күз мезгілдерінде малға жаңа жайылым іздеп, қоныс аударумен байланысты. Алайда дәстүрлі қоныс аударулар қазақтарға айтарлықтай қиындықтар тудырды, өйткені Ресей империясы қазақ даласына бекіністер салып, жайлауға шығуға кедергі келтірді. Осыған байланысты Ресей императрицасы Орынбор губернаторы И.Неплюевке арнайы бұйрық береді. «Тыйым салынғанына қарамастан, қазақтар мал- жанымен бірге Ертіске ішкерілей көшіп жатыр. Қазақтар оларды тоқтатуға тырысқан гарнизон солдаттарына қарсылық көрсетті. Мәселен, 1755 жылы Құлеке батырдың ұлы Бабеке серіктерімен бірге қарсылық танытқан. Қазақтар артиллериялық оқ атылғаннан кейін Ертіс арқылы шегінді. Алайда Ертіс шебінің басқа аумақтарында мыңдаған қазақтар қалып, орыс гарнизондарына қарсы күресін жалғастыруда. Осы оқиғадан кейін Железин бекінісінде Құлеке батырдың ұлы тұтқынға алынды. Егер ол өз руының ақсақалдары тарапынан жазаланбаса, оны губернатор Неплюевтің өзі жазалауы тиіс», – делінген құжатта.
Бабеке батырдың қазақ жерін сыртқы жаудан қорғауы туралы келесі дерек Омбы қала сының өңірлік архивінен алынды. Онда: «1756 жылдың күзінде Орта жүз аумағына Қытай әскерінің ірі күші басып кіруге дайындалып жатқаны туралы барлау мәліметін алған Абылай сұлтан жедел түрде бірнеше жасақ құрды. Сол жасақтардың бірін Құлсары батырдың әскері басқарды, ал оның қолбасшыларының бірі Қарбақай (Бабеке) болды», – деп жазылған.
Тағы бір архивтік құжатта капитан Нагининнің полковник Лорихке жолдаған мәлімдемесі бар: «Ертістің арғы жағында үлкен жасақ пайда болды. Тілмаш арқылы сөйлескеннен кейін олардың Құлсары батырдың адамдары екені анықталды, бірақ Құлсарының өзі олардың арасында жоқ. Жасақты Қарбақай (Бабеке) батыр бастап тұр. Олар қырық ауылға бөлініп, өз малымен көшіп жүр. Жауынгер саны туралы ештеңе айтқан жоқ. Құлсары Есіл өзенінің жағасындағы Қаржан жеріне қарай жылжуда. Құлеке батыр Баянауылда, содан кейін Абылайға аттанды. Құлеке мен Абылай Құлсары жасақтарына өз жылқыларын қалдырған. Олар қытайлармен жақсы қарым-қатынаста, ешқандай қауіп жоқ. Қарбақай осында екі күн болды және Ертіс бойымен жоғары қарай қозғалу ниетінде».
Профессор Зарқын Тайшыбайдың зерттеуіне сәйкес, Қарбақай есімі қате жазылған болуы мүмкін. «Біз архив материалдарын тереңірек зерттегенде, бұл мәліметтің Бабақай батырға қатысты екенін түсіндік. Кейбір құжаттарда Бабақай батырды «Абақай» деп те атаған. Құлсары батырдың серігі – Бабақай батыр Орта жүздің көрнекті батырларының бірі болған, ол Құлсары жоқ кезде оның жасағына басшылық еткен. Көптеген архивтік құжаттарда Бабақай батыр туралы кездесетін мәліметтер Бабеке батырдың есімі болуы мүмкін», – дейді ғалым.
Архив мәліметтерінде ол Құлеке батырдың ұлы екені жазылған. 1764 жылғы 24 маусымда императрица ІІ Екатеринаға Абылай ханнан жолданған хатта: «Құлеке батырдың қайтыс болғаны туралы үлкен қайғымен хабарлаймын», – делінген. Абылай ханның нұсқауымен Құлеке батырдың ұлдары – Бабеке мен Шал ақын туыстарымен бірге әкесін Түркістанға апарып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлеген. Батырдың құлпытасы бүгінгі күнге дейін сақталған.
1764 жылғы 24 қазанда Абылай сұлтан генерал-майор Петр Девицке жазған хатында: «Құлеке батыр қайтыс болды, ол көптеген жылдар бойы елге де, патшаға да адал қызмет етті. Оның ұлы Бабеке де патшаға сенімді қызмет етіп келеді, сондықтан оны әкесінің орнына аға старшина етіп тағайындауды сұраймын», – делінген.
Бабеке Атығай руының старшинасы болып бекітілгеннен кейін әкесінің орнында ел басқарды. Ол ішкі және сыртқы мәселелерді шешуге жауапты болды. Бірнеше рет өз жерін жаудан қорғау үшін жасақтарға басшылық етті. Бабеке басқа рулардың батырларымен тығыз байланысып, жауға қарсы бірікті.
Абылай сұлтан оған барынша қолдау көрсетті, өйткені Бабекенің ата-бабаларымен таныстығы тереңде жатыр. Абылай сұлтан «Ақтабан шұбырынды» жылдарында Атығай руында Бабеке Құлекеұлының арғы атасы Дәулеттің отбасында жасырынған деген дерек бар. Бұл туралы Абылай ханның ұрпағы, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Шота-Аман Уәлихановтың 2013 жылы «Акмолинская правда» газетінде Абылай ханның 300 жылдығына арнап жазған мақаласында келтірілген. 1723 жылы жоңғарлар қазақ жеріне басып кіріп, қырып-жоя бастайды. Бұл кезең халық арасында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атаумен белгілі.
Тайдж Цэван-Рабдан Түркістанды басып алады. Осы шайқаста Уәли қаза табады. Ханның сенімді қызметшілерінің бірі 12 жасар Әбілмансұрды жасырып, біраз уақыттан кейін басқа жерге алып кетеді. Ол өзінің шын есімі мен шыққан тегін жасыруға мәжбүр болады. Халық аңыздарына сүйенсек, Әбілмансұр алғашында Үйсін Төле бидің қолында болады. Би Әбілмансұрды Атығай руының байы Дәулетке құпия түрде тәрбиелеуге жібереді. Дәулет бай – Құлеке батырдың атасы.
Белгілі тарихшы Болатбек Нәсенов мынадай мұрағат деректерін келтіреді: «1757 жылы Абылай 10 000 әскерімен Қашқарияда қалған торғауыттарды талқандады. Бұл шайқасқа Арғын Құлеке батыр 2 000 сарбазымен, Керей Мерген батыр 2 000 сарбазымен, Көкжал Барақ сұлтан 2 000 сарбазымен, Абылай сұлтан 2 000 сарбазымен, Қабанбай батыр 2 000 сарбазымен қатысты. Олар қалмақтардың қалған тобын қазақ жеріне таратып, бірде-бірін тірі қалдырмады. Бұл шайқаста Бабеке батыр да әкесінің жасағына басшылық етіп, қолбасшылық шеберлігін көрсетті».
Абылай хан Бабекені түрлі даулы істерді реттеу үшін қазақ ұлыстарына, Ресей гарнизондарына, Сыртқы істер алқасына жібереді. Оның басты міндеттерінің бірі – шекаралас жерлерде мал жаюға рұқсат алу болатын. Бабеке Петропавл бекінісінде бірнеше рет өз халқының мүддесін қорғау үшін болған. Мысалы, 1772 жылы 29 қарашада генерал-майор С.Станиславскийдің генерал- лейтенант Иван Александрович Декалинге жіберген №184 баяндамасында былай делінген: «23-і күні Сіздің 20-сында жазылған №275 бұйрығыңызды алдым. Абылай ханның Салтамамет сұлтанға баруы туралы маған Бабеке – марқұм Құлеке батырдың ұлы баяндады. Ол бұл мәселеге байланысты Әулие Петр бекінісіне келді. Абылай сұлтан ұзақ жол жүріп өтіп, даулы мәселені шешуге және келісімге келуге тырысты». Бұл деректер Бабеке батырдың дипломатиялық қабілетін және оның Абылай ханның сенімді серігі болғанын дәлелдейді.
Бабеке батырдың нақты қай жылы туғаны, қанша жасында қайтыс болғаны және қайда жерленгені белгісіз. Оның аталары қазіргі Шал ақын ауданының Сергеевка қаласы аумағында өмір сүрген. Неміс топографтары жасаған тарихи карталарға сәйкес, Сергеевка қаласының орнында бұрын «Құлеке қыстауы» орналасқан. Бұл атау соңғы рет 1927 жылы Қарағанды облысының Баимбет болысының картасында «Көлеке» деп белгіленген.
Шежіреге тоқталатын болсақ, Құлеке батырдың алты ұлы болған: Бабеке, Мөңке, Шардық, Тілеуке (Шал ақын), Қазақбай, Жүсіп. Бабеке батырдан Бөгенбай және Тіленші атты екі ұл тарайды. Бөгенбайдан бес ұл, ал Тіленшіден үш ұл дүниеге келген. Бүгінде олардың ұрпақтары Қаратал, Алқаағаш, Ыбраев ауылдарында және Қазақстанның басқа қалаларында тұрады.
Отан үшін күрескен батырлардың есімдерін жаңғырту – біздің қасиетті міндетіміз. Солардың бірі – Бабеке батыр. Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласындағы көшелердің біріне Бабеке батырдың есімін беру әділетті әрі орынды шешім болар еді.
Мұрат ЖАНТІЛЕУОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.