Елімізде “Балаларды бірге қорғайық!” атты республикалық жоба бастау алған болатын. Мәні мен маңызы зор шараға тиісті органдар, білім беру мекемелері қолдау танытып отыр. Жалпы ұлттық қозғалыс өкілдерінің негізгі жұмысы кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс деңгейін төмендетуге, зорлық-зомбылыққа душар болған балаларды анықтап, оларға медициналық-психологиялық және құқықтық қолдау көрсетуге бағытталған.
С.Гуденко атындағы Дубровное орта мектебінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, жолын кесу, бопсалау мен ақша жинау фактілеріне жол бермеу мақсатында іс-шаралар өткізіліп тұрады. Округ бойынша біздің мектепте аз қамтылған және жағдайы төмен отбасылар жоқ. Мектептің педагог-психологтері, ата-аналар комитетінің төрағалары, сынып жетекшілері мен учаскелік полиция инспекторы осы бағытта бірлесе жұмыс істейді. Әлеуметтік-психологиялық негізде ұйымдастырылатын “Ашық есік күндерінде” ата-аналар мектептегі оқу-тәрбие жұмысымен жақынырақ танысып, ондағы іс-шараларға белсене араласады. Сондай-ақ, әкімдіктің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жұмыстарына әлеуметтік педагог қатысып отырады.
Кәмелетке толмағандарды оңалту, тұрмысы төмен, қолайсыз отбасында тәрбиеленетін балаларды әлеуметтік бейімдеу үшін алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Жазғы каникул уақытында аз қамтылған отбасылар балаларының аудандағы “Искра” сауықтыру лагерінде демалуына жағдай жасаймыз. Жақсы тәртібімен, үздік оқуымен ерекшеленген үш оқушы республикалық “Балдәурен” сауықтыру лагерінде демалды. Оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында мектепте спорт, тоқу, ән, тағы басқа үйірмелер жұмыс істейді. Мектептің “FOREVER! – НАВСЕГДА!” газетінде балалар қауіпсіздігіне байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу және “Балаларды бірге қорғайық!” жобасы аясында атқарылған жұмыстар туралы ақпараттар жүйелі түрде жарияланады. Мектебіміздегі “Адал ұрпақ” еріктілер клубының мүшелері аудан көлемінде өз тәжірибелерімен бөлісті.
Қазақстанда саламатты өмір салтына қол жеткізудегі басты міндеттің бірі – бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу. Біздің балаларды қорғау мақсатында алда атқарар істеріміз нақтыланған және оның жүзеге асатынына сенімдіміз.
Тамара КУСТАЕВА,
С. Гуденко атындағы Дубровное орта мектебінің директоры.
Мамлют ауданы.