Қоңыр күз аяқталып, қыс басталар шақ жақындаған кез болатын. Біздің ауыл әлі Ноғайтыда (моңғол тілінен аударғанда “жыланды” деген мағына береді) күзеуде отыр. Әкем бір отар қойды Нұржақып деген қойшымен бірге бағушы еді. Күзеудегі әр сәт қызығы мен шыжығы араласқан тәтті күндер еді ғой. Кешкі сағат сегіздер шамасында мал өрістен келеді. Ауылдың бала-шағасы шулап алдынан шығады, әйелдер жағы, арасында тұлымшағы желбіреген мен сияқты қыздар да бар, бәріміз жиналып ешкі саууға шығамыз. Балалардың міндеті бір отар малдың (500-600 бас) арасынан әркім өздерінің қолдарына түскен ешкіні, оның ішінде шыбыштар мен тушалары да бар кез келгенін ұстап әкеліп, шешелерімізге саудырту. Сауып болған соң ешкінің емшегіне сиырдың жаңа түскен жапасын жағып жібереміз, ондағы мақсат лақтары еміп қоймауы керек.
Күзеудегі әрбір кешіміз осылай у-шумен өтеді. Таң ағара күйбің тірлік жалғасады. Таңнан тұрып орман арасынан отын бұтап, ағаштың шөмшегін тереміз. Түс ауа үйге келіп, бір-екі кесе шайымызды апыл-ғұпыл іше салып, жеміс теруге шығамыз. Біздің ауыл күзейтін мекен жыланы көп жер еді. Ата-аналарымыз жібергілері келмейді. Шулаған көп бала бой бермей қолымызға шелектерімізді алып, тошала, қарақат, қызылқат теруге шығамыз. Ол жердің жемістері кеш піседі. Оның себебі, таулы, орманды әрі теріскей бетте болғандықтан күннің көзі көп түсе бермейтін.
Кешке арып-ашып шелегімізді сүйретіп келгенде, үйде үлкен қара қазанда құрт қайнап тұрушы еді. Қолымызға бір-бір қасық алып, дөңгелек пешті айнала тұра қалып құрттың көбігін жалаймыз. Әжеміздің “ыстық құртқа күйесіңдер” деген жанайқайын елейтін бала болмайтын. Өйткені, құрттан шығатын майлы көбік сондай тәтті, ерекше дәмді болушы еді. Осының бәрі балалық шағымның естен кетпес күндері еді ғой. Әлі күнге дейін тай-құлындай асыр салып жүрген жерімді, сайран салған балалық шағымды сағынамын.
Су әкелуге иық ағашқа (иін ағаш деп те атайды) екі шелекті іліп алып, бұлақ басына барамыз. Тастың арасынан шығып жатқан таза, мөлдір судың аққанын тамашалап, бетімізді жуып, тастан-тасқа секіріп ойнап жүріп қаламыз. Бір мезгілде ауыл жақтан “қайт” деген дауыс естіледі. Үйдегілер бізді шақырып жатыр. Ести сала шелектерімізге су толтырамыз. Сөйтіп, қас қарая үйге жетеміз.
Қазіргідей компьютер, телевизор, телефон дегенді білмей өстік. Сол кездің балаларының өмірі өте қызық көрінеді маған. Ақшам уақытында үйге кірсек те қарап отырмаймыз. Әкеміз марқұм “Бозінген” деген ертегі кітап сатып әкеліп берген, соны үйдегі сегіз бала шамның жарығына үймелеп отырып оқитынбыз. Үлкені дауыстап оқиды, басқалары тыңдайды. Әжеміз адуынды, орақ тілді, от ауызды кісі болды. “О, қу топалаң” үймелемей алыс отырыңдар деп айқайлаушы еді. Өзі жалғыз шам. Оның жарығын біз жауып алдық. Көбіне әжеміздің айқайы елеусіз қалатын. Біраздан кейін кішкентайлар сәл ғана артқа шегініп отырып, бойымыз жылынып, буын-буынымыз босап, ертегінің аяғын естімей терең ұйқыға кететінбіз.
Таңғы сағат бес жарым-алтылар шамасында көкемнің өктем дауысы бәрімізді шырт ұйқыдан оятатын. Үлкен ағаларым Солтанхан, Баймұқан, Қажымұқандардың есімдерін атап, “атты әкеліп ерттеңдер” деген бұйрығы таңның атқанын білдіретін. Сонда ағаларымның жастары он-он бірлер шамасында ғана. Қазіргі балалардың өңі түгіл, түсіне кірмейтін жұмыс еді ғой. Әке сөзі заң, оған ешкім артық сөз айтпайтын. Орындарынан тұрып, әркім өз жұмысына кетеді. Біреуі шідерлеулі тұрған атқа, екіншісі жайылымдағы жылқыға, үшіншісі өріске беттеген малдың артынан кетеді, әйтеуір, бәрінің істейтін міндеттері бар еді. Биенің таңғы сауыны алты жарымда басталатын. Менің жұмысым бие сауылып біткенше сабаны пісіп, ішіндегі қымызды ыдыстарға құйып, босатып қою. Мен үшін бұл да бір үлкен жауапкершілік болатын.
Балалық шағымызда доп тебудің орнына қозы жайдық, қуыршақ ойнамадық, қой бақтық, теледидарға телміретін уақытты тезек терумен өткіздік… Қайта айналып келмейтін қайран балалық шақ! Қалай өтсе де, менің балалық шағым мен үшін қызық. Еске алатын естеліктері көп болғаны қандай жақсы!
Жазира КӨКБАСҚЫЗЫ,
М.Қозыбаев атындағы
СҚМУ-дің оқытушысы.