«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛЫ ҮЙГЕ БАҚЫТ ҚҰСЫ ҚОНАДЫ

Қазақ әйелдерінің етегі қашаннан балаға толы болған. Іңгәлап өмір есігін ашқан нәрестені бар байлығына балай білген ақ жаулықты аналарымыз көп құрсақ көтерген. Иә, бұл осыдан тура ондаған жылдар бұрын болған статистика. “Елу жылда ел жаңа” дегендей, бүгіндері заман да, адам да өзгерді. Құдай есіркеген құлына бала береді деген түсінік бүгінде мәнін де, мағынасын да жоғалтып бара жатыр. Қазір “Алтын алқа”, “Күміс алқаларын” таққан көпбалалы әйелдерді сирек кездестіресің. Бұрымды мен тұлымдының санына шектеу қойған қазіргі жас келіндер “Қазақ халқының бала туралы түсінігі қашанда оның көптігімен өлшенген. Сәбиді саусақпен санап, жоспармен тууға болмайды. Құдай берсе, өмірге әкелу керек. Қазір қиналсаң, ертең өскенде қызықты осылардан көресің…” деген қариялардың сөзіне құлақ аса бермейді.

Тәуелсіздік жылдары экономикамыз, медицинамыз, еңбек және әлеуметтік сала қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан ана мен баланың жағдайын жақсарту үшін де ауқымды істер жүзеге асырылуда. Бірақ демографиялық жағдай әлі де ойлануды қажет етеді. Неліктен? Бұл мәселе төңірегінде ой қозғау үшін “дөңгелек үстел” ұйымдастырдық. Оған көпбалалы ана Сәлима Балтабаева, Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ мектебінің ұстазы Қамиша Нұрмұқанова, бала тәрбиесіне сүбелі үлес қосқан зейнеткер Күлбарам Мұқажанқызы, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі атаулы әлеуметтік көмек секторының бас маманы Күлбаршын Әубәкірова, облыстық перинаталды орталықтың қызметкері Роза Қалиева қатысты.

Жүргізуші:

– Әйгілі Досай би:

“Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар,

Екі баласы бардың болар-болмас халі бар.

Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар,

Төрт баласы бардың төрт құбыласы тең болар.

Бес баласы бардың дес бермейтін жөні бар.

Алты баласы бардың алмай қоймас саны бар,

Жеті баласы бардың алмай қоймас жаны бар,

Сегіз баласы бардың сергелдеңге салар кәрі бар,

Тоғыз баласы бардың толғандырар жолы бар,

Он баласы бардың орда бұзар қолы бар”, – деген екен. Қазақ халқының басынан қандай қиын-қыстау замандар өтсе де, келіндердің бесігі босаған емес. “Жалғыздың үні шықпайды, жаяудың шаңы шықпайды” деген сөзді арқау еткен қазағымыз құрықтаулы күннің өзінде ұрпағының көп болғанын мақсат еткен. Ал бүгінде еркін елдің иесі болатын бала деген байлыққа неге шектеу қойып отырмыз?

Сәлима Балтабаева:

– Мен өзім оңтүстік өңірінің тумасымын. Келін болып түскенде “көпбалалы ана болсам” деп армандағам. Жаратқам ием тілегімді қабыл етіп, етегімді ұл мен қызға толтырды. Мен 19 жасымда тұрмыс құрдым. 20 жасымда тұңғышымды бауырыма басып, ең алғашқы рет ана болу бақытына бөлендім. Бірақ менің тағдырым өте ауыр болды. 32 жасымда бес баламен жұбайымнан айрылып, жарты жолда жалғыз қалдым. Сөйтіп, шиеттей бала-шағама қорған болып, ана да, әке де болдым. Бірінші Алла, екінші өмір сүруге деген құлшынысымның арқасында ұл-қыздарымды аман-есен ержеткіздім. Қатарынан қалдырмай, оқытып, қыздарымды – қияға, ұлдарымды ұясына қондыру үшін қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Үйдің жұмысына да, бала тәрибесіне де үлгердім. Қазан-ошақтың қасында байланып қалған жоқпын. Ұстаздық етіп, білім саласында көп жыл еңбек еттім. Оның ішінде 20 жыл мектеп басқардым. Бүгінде балаларымның әрқайсысы өз алдына бөлек отау құрды. Қалаған мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Осының өзі мен үшін – үлкен қуаныш. Шаңырағымыздың іші сәби күлкісіне бөленгенде өмір нұрланып, жүрегіме жылылық ұялап, барлық қиындық өзінен-өзі ұмытылады.

Жүргізуші:

– Алла пендесіне көтере алатын ғана сын береді деген тәмсіл бар, сіз жас кезіңізде жұбайыңыздан айрылып, жалғыз қалған екенсіз. Қанша қабырғаңыз қайысып, ет-жүрегіңіз езілсе де, қатал тағдырға мойынсұнбай, балаларыңызды оқытып, ержеткізіп, ел қатарына қостыңыз. Бұл – үлкен ерлік. Қазір немере қызығына бөленіп отырсыз ғой.

Сәлима Балтабаева:

– Бүгінде мәуелі бәйтеректей жапырақ жайған жайым бар. Саямда шуақтап, аналық жылылығыма бөленген жиырма немеренің аяулы әжесімін. Өздері көпбалалы отбасында өскеннен болар, үлкен қызым мен бір ұлымның отбасылары да – көпбалалы. Шүкір, ұл-қыздарым көтерген әр шаңырақтың іші сәби күлкісіне толған. Жаныңды жадыратар тәтті қылығымен өздеріне баурап алатын кішкентай немере-жиендерімнің барлығы мен үшін – әлемдегі ең құнды қазына.

Әрине, қиын болды. Бала бағып, өсіру кімге болса да, оңай шаруа емес. Оның үстіне арқа сүйер отағасы болмаса, ауыртпашылық пен жауапкершілік еселене түсері анық. Бірақ қалай болғанда да, қиындыққа шыдау керек. Өмір заңы сондай. Сондықтан да өмірде кездесетін түрлі мәселелерге бола баланың санына шектеу қоюға болмайды. Ең бастысы, ниет түзу болсын. Ал қиындық деген ол уақытша дүние, өтеді де кетеді.

Менің атам діндар адам болған. Сондай тәрбиеден сусындап өскеннен кейін мен де имандылық жолына бет бұрдым. Алланың жазуымен мұсылмандық парызымды өтеп, бес рет қажылыққа бардым.

Бала кезімізден бізді ата-анамыз үлкенді сыйлауға, кішіге қамқорлықпен қарауға, адамгершілікті жоғары қойып, иманды болуға үйретті. Ана сүтімен, әке сөзімен бойыма дарыған жақсы тәрбиені өз балаларыма беруге тырыстым. Ұл-қыздарымды қазақы қалыпқа салып, оны шариғат жолымен тәрбиеледім. Көпжылғы қажырлы еңбегім жемісін беріп, балаларым жақсы азамат болып ержетті деп айта аламын. Ешқайсысы шектен шыққан емес. Ұлтымызда “Жақсы бала басыңды төрге сүйрейді, жаман бала көрге сүйрейді” деген тағылымды сөз бар. Аллаға шүкір, басымыз төрде. Кезінде бір үйдің ғана келіні болсам, қазір білдей-бір үлкен әулеттің әжесімін.

Күлбарам Мұқажанқызы:

– Мен де сіздің ойыңызға қосыламын. Бала біздің бар бақытымыз. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда көп бала көтеретін алтын құрсақ аналардың ауылы алыстап кетті. Қазір төрт-бес баласы бар аналар көпбалалы болып есептеліп жүр. Оған да шүкір. Бірақ менің байқауымша, көш осылай жүре берсе, алдағы уақытта бұл көрсеткіш те азайып кетпей ме? Бір жағынан алып қарағанда, оның да өзіндік себеп-салдары бар. Біріншіден – көп жағдайда ерлі-зайыптылар баспаналы болуды армандап, жылдап қаражат жинайды. Өз пәтерлеріне қол жеткізген күннің өзінде де, бар тапқан-таянғандарымен үйдің несиесін төлейді. Ол да түсінікті жайт. Екіншіден – көп адамда тұрақты жұмыс жоқ. Осылай санай берсек, себептердің барлығын түгендеп шығуға саусақ жетпейді.

Жүргізуші:

– Әрине, мен сіздің ойыңызды түсініп отырмын, отбасын құрып, балалы болу үшін оған қолайлы жағдай керек. Бірақ бар жағдайымызды жасап аламыз деп жүргенде, алтын уақытты өткізіп алуымыз да мүмкін ғой.

Қамиша Нұрмұқанова:

– Дұрыс айтасыз, балалы болу мәселесіне келгенде уақытпен санаспаса болмайды. Бірақ жоғарыда айтылып кеткен пікірді мен де қолдаймын. Бұл жерде келіндерге кінә артуға болмайды. Қандай қазақ әйелі бала туып, бесік тербеткісі келмейді дейсіз. Бірақ қазір заман сондай. Әлі есімде тоқсаныншы жылдары облыс орталығында төрт және одан көп баласы барларға азық-түлікті, киім-кешекті арзан бағамен сататын арнайы дүкендер болатын. Маған да көпбалалы ана болған соң ондай дүкендердің көмегі тиді. Сондай игі шаралар қазір де қолға алынса, жақсы болар еді.

Жүргізуші:

– Әрине, кез келген ата-анаға оңай емес. Әсіресе, кішкентайлардың бірі балабақша жасында, қалғандары мектепке баратын болса, жауапкершілік екі, тіпті, үш есе арта түседі. Жаңа ғана сіз сонау тоқсаныншы жылдары тауарды арзан бағамен сататын дүкендердің болғанын айтып өттіңіз. Осы жерде Петропавл қаласында және бірқатар аудандарда “Аялы алақан” деген әлеуметтік дүкендердің осыдан 5-6 жыл бұрын ашылғанын айтып кеткім келіп отыр. Қайырымды шараға қалалық әкімдік және облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева мұрындық болды. Ол дүкендерде керек заттардың барлығы тегін үлестіріледі. Дәл осындай игі іспен “Улыбка” қайырымдылық қоры да айналысады. Оның төрайымы – Галина Бондаренко. Міне, сіз қозғап отырған бұрынғы жақсы істер осылайша бүгінде өз жалғасын табуда деп айтуға әбден болады. Бүгінгі таңда мектептерде көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға көмек көрсетілетіні де белгілі. Сіз сөзіңізді жалғай отыра №6 қазақ мектебінде осы жағынан қандай жұмыстар істеліп жатқанын да айта кетсеңіз.

Қамиша Нұрмұқанова:

– Жыл сайын республикалық “Мектепке жол” акциясы аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға көмек көрсетіледі. Онымен қоса ата-аналар қажетті құжаттарды жинап тапсырса, оқу жылының соңына дейін ондай отбасылардан шыққан оқушылар заңға сәйкес тегін түскі тамақпен қамтамасыз етіледі. Тізе берсек, ондай қайырымды істер әр мектепте жүргізіліп жатыр. Бірақ өмір ағынында кездесетін басқа да мәселелер аз емес қой. Мәселен, бүгінгі жас отбасылардың көбі үшін баспана мәселесі қиын болып тұр. “Үйі жоқтың, күйі жоқ” дегендей, жастардың көбі алдымен баспаналы болғанды дұрыс санайды. Сөйтіп, 15-20 жылға несиеге жіпсіз байланады. Оны төлеуді, күнкөрісті қоса санағанда бір адамның еңбекақысы да кейде жетпей қалады. Айта кету керек, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ана мен баланы қолдау үшін көптеген жағдай жасалуда. Соның бірі – бала күтіміне байланысты анаға төленетін әлеуметтік жәрдемақы. Ол сәби бір жасқа толғанша төленеді. Ал он екі ай аттай зулап өте шықты делік. Содан кейін жас анаға мемлекет тарапынан ешқандай ақшалай қолдау көрсетілмейді. Көп жағдайда отбасындағы қаржы тапшылығының себебінен аналар амалсыз жұмысқа шығып кетеді. Бір жастан енді ғана асқан баланы балабақшаға алмайды. Сонда ата-ана не істейді? Үш жасқа толғанша сәбиді не бала күтушісі, я болмаса әжесі, атасы, туған-туыстары бағуға көмектеседі. Осы ретте балаға төленетін мемлекеттік жәрдемақы толықтай үш жыл бойы төленсе, аналарға шынымен де жеңіл болар еді.

Сәлима Балтабаева:

– Бұл ойыңызды мен де қолдаймын. Мемлекет тарапынан осындай жағдай жасалып жатса, біріншіден, аналар көп уақытын баласының қасында өткізіп, оның тәрбиесіне қажетті көңіл бөлер еді. Сонымен қатар, демографиямыздың да жағдайы жақсарып қалар еді. Қалай айтсақ та, кішкентай баласы бар аналарға басқалармен тең дәрежеде ертеден кешке дейін жұмыс жасау оңай емес.

Әлі есімде, мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Ол кезде балабақша деген жаңа ғана ашылып жатқан уақыт. Үйемелі-сүйемелі балаларды қарайтын адам жоқ. Менің жағдайымды түсінген мектеп директоры сабақтарымның арасына әдейі уақыт салып қоятын. Таңертең балалардың сыртынан жауып, жұмысқа жүгірем, 45 минут сабағымды өткізем де, қайта оралып, олардың тамағын беріп, кейін мектепке екінші сабағыма келемін. Осылай жанымды шүберекке түйіп жүріп, жұрт қатарлы жұмыс істедім. Бірақ басқа амал болмаса не істейсің? Өз басым қос тізгінді қатар ұстаған аналардың жағдайын жақсы түсінемін. Осы жағынан алғанда әр ұжымда көпбалалы аналардың, аз қамтылған отбасылардың жағдайына ерекше көңіл бөлініп, олардың тұрмыс-тіршілігі назардан тыс қалмаса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жүргізуші:

– Ойыңыз орынды. Шынымен де, әр әйелдің негізгі міндеті – ана болу. Отбасындағы жағдай жақсы болса, жұмыс та жүйелі жүреді. Бала күтіміне байланысты анаға төленетін әлеуметтік жәрдемақы үш жылға дейін ұзартылса, шынымен де аналардың мойнынан біраз жүк түсер еді. Әлеуметтік көмек дегенде осыдан алты жыл бұрын өңірімізде қолға алынған “Ұрпақ қоры” бағдарламасы еске оралып отыр. Төрт жылға жоспарланған бағдарламаның өкінішке қарай “ғұмыры” қысқа болды. Қалай екені белгісіз, бірақ 2014 жылға дейін деп есептелген бағдарлама бар-жоғы екі жылдан кейін жабылып қалды. Сол кезде газет беттерінде “Ұрпақ қоры” бағдарламасының игілігін көрген отбасылар жайында біраз мақалалар жазған едік. Айналдырған екі жылдың ішінде өңіріміздің демографиясы да айтарлықтай көтеріліп қалды. Сол кезде сәті түсіп, бағдарлама аясында жеке есепшот ашылған балалардың алды бүгінде жоғары оқу орындарында оқып жүр. Олардың көбі ата-аналарына ауыртпалық түсірген жоқ. Менің ойымша, осындай бағдарламаларды қарастырып, қайта қолға алса, орынды болар еді.

Күлбарам Мұқажанқызы:

– Мұндай игі шара артық болмас еді. Біріншіден, бала санының өсуі мүмкін, екіншіден, ата-ана ұл-қызының ертеңіне алаңсыз болады. Қандай жағдай болса да, балалардың білім алуына жаңа мүмкіндік туар еді. Мен, сонымен қатар, әлеуметтік дүкендердің барын естіп, қуанып отырмын. Бұл да үйемелі-сүйемелі балалары бар аналарға көп көмегін тигізетін жақсы жүйе екен.

Жүргізуші:

– Демография жайында сөз қозғаған екенбіз осы жағынан алғанда облысымызда бала туу көрсеткіші қандай? Роза Ебенқызы әңгімеге сіз де араласа отырсаңыз.

Роза Қалиева:

– Облыстық перинаталды орталық 1990 жылы ашылған. Бүгінгі таңда орталықтың бас дәрігері Жанна Мауытова. Ол басқаратын перинаталды орталық өңір бойынша негізгі үшінші деңгейлі мамандандырылған босандыру мекемесі болып табылады. Үстіміздегі жылдың 9 айында орталықта 5052 сәби туса, облыс бойынша 6607 нәресте дүние есігін ашты. Орталық заман талабына сай медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Заманауи технологияларды пайдалана отыра, іштегі шарананың және туған нәрестелердің денсаулығын зерттеп, тұқым қуалайтын ауруларын диагностикалау скринингтері жүзеге асырылуда. Ана мен бала өлімі азайып, есесіне өмірге егіздер, үшемдер келіп, қуанышымыз еселене түсуде. Осы жылдар ішінде бірінші рет төртемнің де аман-есен өмірге келуі біздің орталықта тіркелді.

Денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес жүзеге асуда. Екіқабат әйелдер мен босанатын және жас босанған аналарды ауруханаға жатқызу тәртібі, акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету жақсы ұйымдастырылған.

Айта кету керек, облысымызда осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) әдісі де оң нәтиже беруде. Осы жүйе бойынша жылдар бойы перзент сүюге зар болған отбасылар да қуанышқа бөленуде. Бұл да медицинамыздың дамып келе жатқандығының бірден-бір көрсеткіші болып табылады.

Бүгінгі таңда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынуымен босанудың жаңа технологиясы-серіктестік босану жолға қойылып отыр. Серіктестік босану дегеніміз – әйел өмірге нәресте әкелгенде дәрігер мен акушерден басқа өз отбасы мүшелерінің біреуінің қатысуы. Серіктес босануға жай қатысып қана қоймайды, ол босанушы әйелге көмек көрсетуі қажет. Босану кезеңі сияқты сынаққа қатысу әркімнің қолынан келмейді. Көбіне, әрине, әйелдердің қасында әпкелері, абысындары, сіңлілері болады. Жұбайының қатысуы сирек кездеседі.

Сәлима Балтабаева:

– Медицина жағынан алғанда бұл да ілгері басушылықтың бір белгісі шығар. Бірақ әйелдің бірінші Аллаға, екінші дәрігерлердің көмегіне сүйенгені дұрыс. Басқа адам ол жерде әйелге қандай көмек бере алады. Ал енді ерлердің қатысуы, тіпті, орынсыз деп ойлаймын. Біздің шешелеріміз босанғанда әкелеріміз перзентханаға бармайтын да. Біз ол кезде есейіп қалғанбыз, анамызға тамақ апарып, хал-жағдайын өзіміз-ақ біліп тұратынбыз. Әлі есімде үйдегі кенже бала, яғни інім туғанда оларды үйге шығарып алуға перзентханаға өзім барғам. Мүмкін ол заман сондай болған шығар, бірақ бәрін заманға жүктеуге болмайды ғой. Қазіргі жастардың тәрбиесі басқа шығар…

Күлбарам Мұқажанқызы:

– Жақында келінім босанып, біздің шаңыраққа сәби келді. Ақхалатты абзал жандарға рахмет, аман-есен келінімді босандырып алды. Қол-аяғын бауырына жинағанша, медицина қызметкерлері жағынан барлық жағдайы жасалды. Тіпті, бөлек сервистік палатамен де қамтамасыз етілді. Бөпесіне қарайласуға қасына адам алды. Осы жағынан алғанда, яғни босанғаннан кейін жас ананың қасында отбасы мүшелерінің біреуінің болғанын дұрыс деп санаймын. Бірақ босану кезінде қасындағы серіктесіне емес, медицина мамандарының біліктілігіне сүйенсе болады. Ал медицина бүгінде біздің елімізде жақсы дамып келеді.

Жүргізуші:

– Роза Ебенқызы, қазір жастардың көбі 25-30 жасқа келгенде үйленіп, тұрмыс құрады. Осы жағынан алғанда әйелдер арасында бала көтеру жасында қандай өзгерістер байқалады?

Роза Қалиева:

– Бұл сұраққа бірден жауап беру қиын. Өйткені, медицинада қатып қалған заңдылық жоқ. Жалпы әйел ағзасы үшін 20-24 жас аралығы жүкті болуға қолайлы кезең. 30 жастан асқан әйелдердің жағдайы жас қыздарға қарағанда жақсы болады. Олар өздеріне көп көңіл бөледі, дұрыс тамақтанады, спортпен айналысады, дәрумендер қабылдайды. Көп жағдайда олардың жүктілігі қалаулы және жоспарлы болады. Соңғы кездері 23-30 жас аралығындағы жүкті әйелдердің босануы жиі кездеседі. Бірақ 40 жасқа дейінгі әйелдердің ана болуға деген құлшынысы да арта түсуде.

Жүргізуші:

– Тіл-көзім тасқа, облыс бойынша бала туу көрсеткіші көңіл көншітерлік екен. 2017 жылы одан да көп болғай! Ал енді көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде осы жағына келгенде сөз тізгінін маманға берсек.

Күлбаршын Әубәкірова:

– Елбасының сындарлы саясатының арқасында бүгінгі таңда облысымызда, әлеуметтік бағдарламалар саласында көптеген жұмыстар атқарылуда. Петропавл қаласы бойынша қазір 593 көпбалалы аналар бар. Олардың барлығына мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілуде. Біздің мекеме Петропавл қаласында тұратын аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындауда мемлекеттік қызмет көрсетеді. Барлық жұмыс заң аясында жүзеге асырылады. Айта кету керек, 2015 жылдан бері 4 және одан көп баласы бар жалғызбасты аналарға бірреттік материалдық көмек көрсету қарастырылған. Ол жүйе де белгіленген тәртіпке сай жүргізіледі. 2016 жылы 17 отбасыға осындай әлеуметтік көмек көрсетілді.

Жүргізуші:

– Күлбаршын Әміржанқызы, осы салада қандай да бір жаңашылдық бар ма? Сол жағына кеңірек тоқталып өтсеңіз.

Күлбаршын Әубәкірова:

– Елбасының “5 институттық реформаны жүзеге асыру бағытындағы 100 нақты қадам” Ұлт жоспарындағы 84-ші қадамында “Әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру” қарастырылған. Осыған байланысты Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі аз қамтылғандар санатындағы азаматтарды әлеуметтік қорғаудың пассивті моделінен белсенді моделіне ауыстыруды қарастыратын “Өрлеу” жобасын жүйеге енгізді.

“Өрлеу” жобасы – отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне және “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасына қатысқан жағдайда отбасын белсенділендіру әлеуметтік келісімшартына отыру арқылы – отбасыларға шартты қаржылай көмек ұсыну бағдарламасы. Шартты ақшалай көмек алты айға тағайындалады. Бұдан бөлек, жоба жұмысқа орналастыруға, мамандықтарға оқытуға, қайта оқытуға, сол сияқты, жастар практикасына қоғамдық жұмысқа және әлеуметтік жұмыс орындарына тартуға ықпал ете алады. Жобаның негізгі мақсаты – шартты қаржылай көмек алған аз қамтылған отбасы тек қана жәрдемақы алып қана қоймай, осы жағдайдан шығуға әлеуметтік тұрғыдан бейімделген, кәсіби бағдар алған болуы тиіс. Бұл еңбек етуге ниеті бар адамдар үшін жақсы мүмкіндік, оны мүлт жіберіп алуға болмайды.

Жүргізуші:

– Елбасының саясаты арқасында жүзеге асып жатқан осындай жүйелі жұмыстардың арқасында қаншама отбасының белсенділігі артып, жұмыспен қамтамасыз етілуде. “Өрлеу” бағдарламасы сол тиімді тармақтардың бірі болып саналады емес пе?

Сәлима Балтабаева:

– Біз көп жағдайда “заман өзгерді”, “заман сондай” деген сөздерді жиі қолданамыз да бар қиындықты заманға жүктей саламыз. Бірақ ол қате. Жаңа ғана Күлбаршын Әміржанқызы “тек мүмкіндікті мүлт жіберіп алуға болмайды” деген сөзді жақсы айтты. Шынымен де, солай ғой. Қазір жұмыс істеуге құлшынысы бар жастар үшін қолайлы уақыт. Оқу оқығың келе ме, өз кәсібіңді ашқың келе ме мемлекет барлық жағдайды жасап, қолдау көрсетіп отыр. Олай болса, ерінбей еңбек етіп, шаңырақ көтеріп, қиындықтарға қарамай бала туып, оларды қазақы қалыпқа салып тәрбиелеу керек.

Жүргізуші:

– Отбасылық құндылық, бала, денсаулық, әлеуметтік қолдау туралы ұғымдар жайында бүгінгі “дөңгелек үстелімізде” біраз мәселе көтеріліп, ой қозғалды. Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы отбасы институтын насихаттау жұмыстары да жүргізілуде. Тамырын терең басып көрсек, ана мен бала мәселесінде әлі де талқылауды қажет ететін тетіктердің барын аңғаруға болады. Демек, байлығымызға теңеген бала туралы ұғым санада сайрап тұрса да, іс-әрекетке келгенде әлсіз тұстарымыздың барын жоққа шығаруға болмайды.

“Дөңгелек үстелді” жүргізген

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp