Күләнда НЕҒМЕТЖАНҚЫЗЫ,
55 жаста.
«Адам ақтық демі таусылып, келместің кемесіне мінетінін біле тұра жалған фәнидің қызық- қуанышы таусылмайтындай, бейне бір өзін өлместей, мәңгі өмір сүретіндей пенделік, тоғышарлық тоқ сезімде жүретіні әмбеге аян. Мен де сондай күй кешкен жандардың бірімін. 9 ай көтеріп, түн ұйқымды төрт бөліп, аялап өсірген ұлымның былдырлаған бал тілі, мектепке барғаны, одан жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алғаны, өзі қалаған жұмысқа орналасқаны бүгінгідей көз алдымда. Бәрінен бұрын ақылды азамат болғанына, мінезінің орнықтылығына, өмірден өз орнын тапқанына қатты қуандым. Отбасын құрып, алғашқы немере сүйгізгенде өзімді шын бақытты сезіндім. Шуақты күндер, арайлап атқан ақ таңдар қараңғы түнекке айналып, шаңырағымның опырылып, бірақ күнде ортасына түсетінін қайдан білейін? Қазір ойласам, өзекті өртеген өкініш салдарынан өз- өзімді қоярға жер таппай, жаным үздігіп, үзіліп кете жаздаймын. Оған жарығымның титтей де кінәсі жоқ. Жекелеген адамдардың, атын атап, түсін түстеп айтсам, ақиқаттан ауытқымай сот төрелігін шығарады деп құдайдай сеніп жүрген кей судьялардың адам тағдырына жеңіл- желпі қарайтынын неге жорырымды білмей, ойым онға, санам санға бөлінген жайым бар.
Енді сөзді көп созбалақтамай тұла-бойымды тұмшалап, жан жара секілді жүректе шемен болып қатқан, қайғыдан құсаға ауысқан, ұйқысыз түндерге толы қасіретті жағдайды баяндайын. 2021 жылдың тамылжыған жазында үй тірлігімен еш алаңсыз айналысып отырғанымда ұялы телефон безек қағып қоя берді. Дәуде болса, құлыншағым шығар деп, көтердім. «Арман жол апатына ұшырады», – деді телефонның арғы жағындағы бейтаныс адам құмыққан үнмен. «Өзі, өзі ше? – дей беріппін. «Өзі аман, бірақ…» – деп күмілжи берді. «Не?» – деп айғай салыппын. Менің даусымнан шошып кетті білем, кібіртіктеп барып: «Бір адам жантәсілім етті. Арманды күдікті ретінде тергеп жатыр», – дегенде жанарымнан аққан ыстық жасқа ие бола алмадым. Көз алдым тұманданып, орнымнан сүйретіліп, әупірімдеп зорға тұрдым. Әп-сәтте қара дауыл ұйытқи соғып, басымыздағы бақыт құсын қоса ұшырып әкеткендей қайғы-қасіреттің отына көміліп сала бердім.
Содан бері ішкенім–ірің, жегенім – желім, сыртым – бүтін, ішім – түтін, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдым, таң атқанша кірпік ілмеймін, өлімшінің кейпіндемін. Айрандай ұйып отырған отбасынан береке қашты. Бастапқыда баламның «Мама, еш уайымдамаңыз, менің ешқандай жазығым жоқ. Сот ақ-қарасын айырып береді», –деген сөзіне үлкен үміт артқанмен, сот процесіне қатыса жүріп, кісі өліміне ұлымды айыптай бастағанда ішім бір жамандықты сезгендей бойымды әлдебір қорқыныш па, дәрменсіздік пе билеп алды. Амалсыз адвокат жалдауға тура келді. Қайрат деген заңгер мың болғыр бала екен. Қолынан келгенше көмектесті. Сотқа дейінгі тергеу амалдарының дұрыс жүргізілмегенін, үкім сол негізде шығарылғанын, куәлердің айғақтары көпе-көрінеу ескерілмегенін қолмен қойғандай дәлелдеп берсе де, маңдайымыз тасқа тиді. Ақиқаттың ауылы алыстаған сайын мені мүлдем түңілдіріп жіберді. Қалалық соттан әділдік таппаған соң жол апаты орын алған ауданның сотына жүгіндік. Аудандық сот та қалалық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырып, баламды 2 жыл 3 ай бас бостандығынан айыруға, орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеуге, көлік жүргізу құқығын 5 жылға дейін шектеуге үкім етті.
Адвокат облыстық қылмыстық сот алқасына аппеляциялық шағым түсіріп, істің біржақты қаралғанын, адам өліміне соқтырған жол апаты ережелеріне қатысты қате тұжырымдар жасалғанын дәйектеп берді. «Жапа шеккен» жақтың бірі – көлік жүргізуші Сергей деген азаматтың полицейлермен «жылы қарым-қатынасы» да көңілге көп күдік ұялатады.
Бұрындары жылдың төрт мезгілін, өзгеше реңкке боялған табиғат сұлулығына іштей тамсанып, кең дүниенің тілмен жеткісіз ғажайып құдыретіне рақаттана сүйсінетінмін. Көзімді тырнап ашқаннан ауылдың қыж-қыж қайнаған тіршілігіне белсене араласып, қалың қауымның бел ортасында жүргендіктен, жүзімізден нұр шуағы төгіліп тұратын. Енді тек суық ызғар ғана жан дүниемде мекендеп, қалып қойған секілді. Күні-түні ойлайтыным – қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай ел қатарына қосқан, сол сенімді ақтаған жалғыз ұлымның тілеуі, амандығы. Заңнан сауатым аздау болса да, адвокаттың аппеляциялық шағымын оқып шыққаннан кейін ұлымның еш жазығы жоқ, сотқа дейінгі тергеу атүсті жүргізілген, мәселенің байыбына бармаған, сондықтан әділдікке жеткенше тыным таппаймын, ақырына дейін күресемін деп ант бергендей берік тоқтамға келдім. «Қорқақты қуа берсең батыр болады» демей ме?
Аппеляциялық шағымнан ұққаным – жол-көлік оқиғасының схемасы бойынша автомобильдердің бастапқы соқтығысу орны жол көлік ережесін бұзудың негізгі де бұлтартпас дәлелі саналатын көрінеді.
Адвокаттың «Сарапшының Арман жол-көлік ережесін бұзған деген қорытындысымен келісу қиын. Өйткені жол-көлік оқиғасының схемасында автомобильдердің алғашқы соқтығысу орны дұрыс көрсетілмеген. Біріншіден, жол төсемінің зақымдануы, автомобиль бөліктері сынықтарының шашырауы, тежегіш іздеріне тікелей қатысты дәлелдер мен ақпарат толықтырылмаған. Оқиға орнын тексеру хаттамасындағы қарама-қайшылықтар да біраз жайттарды аңғартады», – деуі мұңлы көңілімді бір сәт болса сергітіп, әлдеқашан сөнген үміт отын қайта жаққандай болды. Бұдан бөлек, хаттамаға куәлердің қолдары қойылмағанын, тексеру олардың қатысуынсыз жүргізілгенін айтқанда көлікпен кісі қаққан менің ұлым емес екеніне, керісінше күдіктінің қолына кісен салынып, заң алдында әділ жазасын алатынына еш күмәнім қалмаған еді.
«Мама», – деді ұлым бірде. – Анықтаушының оқиға орнын тексеру хаттамасын қалай болса солай сырттай долбарлап толтыра салғанына қалай күйінбессің? Мені қатысты деп жазуы ешқандай шындықпен үйлеспейді. Қолым да қойылмаған. Сол мезетте ауруханада медициналық тексерілуден өткенім мүлдем ескерілмеген. Ол жөнінде травматолог дәрігердің анықтамасы бар. Оқиға болған жерді түсірген бейнетіркеуде үш куәгердің қатыспағаны тайға таңба басқандай анық байқалады. Жол-көлік оқиғасы схемасында жол төсемінің зақымдануы тіркелмеген және де оған қатысты фото жоғалып кеткен», – деген таңданысын жасыра алмады. Соған қарағанда, қолынан келтіріп, қонышынан басу, жең ұшынан жалғасу әдеттері әлі қалмаған ба деп қаласың.
Мен барлық сот процесіне қатыстым, онда куәлердің ешқайсысы бастапқы соқтығысу орнын тап басып айта алмады. Баламның өз жолағымен жүргенін түгел растады. Меніңше, мына факт ерекше назар аударарлық. Жанар-жағармай стансасының Еркін деген қызметкері Сергей жүргізген жүк көлігінің үдеткіш жолаққа шыққанын, іле-шала жол апаты туындағанын байқаған. Басқа куәгерлердің де пікірлері осымен үндес. Куәгерлердің бірі – Марат Сергейді аудандық ішкі істер бөлімі алдында көргенін, ол оған Арманның жеңіл көлігін байқамай соғып кеткенін айтқанын қинала жеткізген. Ұлымның алғашқы жауап алған хаттама көшірмесі де жоғалып кеткен. Соған қарағанда, қылмыстық іс материалдарының бұрмалауына полиция қызметкерлері мүдделі болған сықылды. Оның екі себебі бар. Біріншіден, бейнежазбадан белгілі болғандай, жол апаты орын алған күні анықтаушы Сергейді көлігіне шақырып, полиция қызметкерлерінің қатысуымен жауап алған. Алайда қылмыстық жауапкершілікке тартылу проблемасы туындағандықтан, алғашқы айғақтар заңсыз жойылған тәрізді. Бұған сотта сөйлеген Сергейдің аудандық полицияға бірнеше рет көмек көрсеткенін мысалға келтіргенін ескерсек, күдіктің молая түсері анық. Екіншіден, Арманның жауаптарының «алынып тасталуында», айғақтардың өзгертілуінде күдіктіні жауапкершіліктен құтқару әрекеті жатқаны анық. Бұл фактілерді бірінші сатыдағы соттың ескермеуі түсініксіз. Құқықтық сауаттылығы жетіспеді деп айтуға арың бармайды. Адвокат та бастапқы соқтығысу орны схемасының заң талаптарын өрескел бұза отырып жасалғаны еш күмән тудырмайтынын айтып бақты. Осыған орай қосымша сараптама жүргізу, яғни автокөліктердің орналасу мүмкіндігін айқындау жөніндегі ұсынысы да қанағаттандырылмады. Сотта сарапшы алғашқы соқтығысу орнының қандай ықтималдық негізде туындағанын айғақтап бере алмады. Өз пікіріне нақты дәлелдемелер келтіре алмады, көлік құралдарының нақты орналасу координаттарын көрсету мүмкін емес деген жалпы долбармен ғана шектелді. Сот сондай-ақ үдеткіш жолақ пен негізгі жолақтың жақындау бұрышын және қойылған қолдардың куәгерлерге тиісті еместігін анықтау мақсатымен сұрау салу туралы өтінішті де ескерусіз қалдырды. Осылайша автокөліктердің соқтығысуынан орын алған мән-жайларды дұрыс бағаламау салдарынан сараптамалық қорытынды бір қайнауы ішінде қалғандай әсер етті. Нәтижесінде ұлымды өзі жасамаған құқық бұзушылық үшін кінәлі деп тапты.
Сот үкімі маған өте ауыр тиді, шарасыздықтан бүк түсіп жатып қалдым. Бәрінен бұрын айдың- күннің аманында мұндай қиянатқа ұшыраймын деу өңім түгіл түсіме де кірмеген. Өмірдің небір сынағына төтеп берген жазған басым шыдар-ау!?. Тұңғиық қара көздері боталап, маған жәутеңдеп қарай берген ұлымның түрмедегі тағдырын ойлағанда ет жүрегім езіліп, тән азабым жан азабына ұласып кеткенін де сезбей қалдым.
Адвокатымыздың аудандық соттың Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-тармағы бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін ұлымды кінәлі деп таныған үкімнің күшін жоюды және қандай да бір құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты жаңа ақтау үкімін шығаруды сұрап, облыстық соттың қылмыстық істер алқасына түсірген аппеляциялық шағымы қашан қаралғанша тағат табар емеспін. Сумаңдаған ойлар тікендей қадалып, сансыратып барады. «Тағдыр талай сүріндірді, құлатты, Орным жоқтай тиянақты, тұрақты. Небір қиын сұрақтарды шешсем де, Шеше алмаймын кейде оп-оңай сұрақты» демекші, бір суық жел өңмеңімнен өтіп, тұла-бойымды қарыстырып тастағандай».
Дайындаған
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».