Адам баласы дүниеге келіп, ес білген соң өмірде өз орнын табар мамандық жайлы армандайды. Менің бала кездегі арман-мақсатым полиция қызметкері болу еді, сол арманыма жеттім. Ал биылғы жылы облыстың үздік жедел уәкілі атануым өз қызметімді мінсіз атқаруға ынта-ықыласымды арттыра түсті.
Бала кезімде әскери киімдегі адамдарға қызығып, ұлдармен ізкесуші болып ойнайтынбыз. Мектепті аяқтаған соң Ж.Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің бастауыш сынып мұғалімі мамандығына түстім. Әйтсе де бала кезімдегі арманымнан танбадым. Мұғалімнің білім берер қағаз-қаламын тыныштықты қорғайтын қаруға ауыстырғанды жөн көрдім.
1994 жылы Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында учаскелік инспектор болып жұмысқа тұрдым. Алғашқы ісім киім ұрлығын ашу болатын. 20 мың теңгенің киім-кешегі сол жылдар үшін әжептәуір шығын. Қылмыс 3 аптаның ішінде ашылды. Әр жылдары құқық қорғау саласында еңбек етіп жүріп, жоғары заңгерлік білім алдым. Ал 2011 жылы Аққайың аудандық ішкі істер бөлімінің қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалдым.
Бүгінде Айыртау ауданы тұрғындарының тыныштығын қорғап, орын алған заңсыздықтарды ашуда еңбек етіп келемін. Адам өзі сүйіп таңдаған мамандығына зор ықыласпен беріледі ғой. Мен де жұмысқа жеткенше асығамын. Тұрғындардың демалыс күндерінде біз жұмыста боламыз. Әсіресе, мереке күндері жұмысымыз еселене түседі. Жұмысымның жауапкершілігі зор екенін сезінемін.
Биыл облыс бойынша үздік жедел уәкіл атануым мен үшін үлкен абырой. Облыс тұрғындарының, басшылықтың маған артқан сенімі мен жүктеген міндетін абыройлы атқару үшін барымды салып еңбек етемін.
Ерлан ҚАСЫМОВ,
Айыртау аудандық Ішкі істер бөлімінің аға
жедел уәкілі.