«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛҒА АРА ҒАНА ҮЙІР ЕМЕС

– Омарташылықтың қиындықтан гөрі ләззаты басым. Онымен айналыса жүріп, қоршаған ортаның сұлулығын сезінесің. Ара жәндігінің еңбекқорлығы, пайдасы, тіршілік қарекеттері туралы көп әңгіме тарқатуға болады. Жаз шыға айнала құлпыра бастаған кезде көлікке омарталарды тиеп алып, жасыл желекке немесе егістікке оранған жер ұйығында жүрген қандай керемет! Табысыңды таба жүріп, табиғат аясында демалуға уақыт табасың, – дейді Павел Иваненко.

Павел Адамовичті Мағжан Жұмабаев ауданындағы Лебяжье елді мекеніне сапарлап барған кезде жолықтырдық. Ол омарташылықты осыдан 7-8 жыл бұрын қолға алыпты. Оған бұл кәсіптің нәсібін көріп отырған ағайы Аркадий Андреевич септігін тигізген. Іс-әрекеттерін сырттай бақылап, кейде оған қолғабыс жасай жүріп, Павел Адамович те омарташылықтың қыр-сырына қаныққан. Бастапқыда оған әуесқой ретінде қызығушылық танытса, бүгінде ол отбасының табыс көзі болып отыр. Ал биыл “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 1 миллион теңге несие алып, кәсібін кеңейтіп отырғандығы – бастаған ісіне деген сенімділіктің көрінісі.

Кәсіпкер биыл омарта санын 30-ға жеткізді. Сондай-ақ, жаз бойғы еңбектің қорытындысын жасаған Павел Адамович әр омартадан орта есеппен 42 литрден бал алған. Нарықта балдың бағасы арзан емес екендігін есептеген кезде отбасылық табыстың көрсеткіші көңіл көншітерлік. Бірақ маңдай терін төгіп алған өнімді тиімді сата білу де қажет. Дегенмен, өнімді өткізу мәселесінде қиындық бар. Павел Адамович мұндай қиындықтың туындауын, біріншіден, өңірімізде омарташылардың қатары көбеюімен түсіндірсе, екіншіден, балды нарыққа шығаруда жүйеленген әрекет жоқ екендігі себеп дейді.

Кәсіпкер отбасылық бизнес өнімдерінің денін Ресей еліндегі туған-туыстары арқылы сатып отыр. Жақында Сібірдегі таныстарына біраз өнім жіберген. Омбылықтар да тапсырыс беріпті. Ол жақта кәсіпкердің тұрақты тұтынушылары қалыптасқан. Павел Адамович елде тауарды көтерме бағамен сату мүмкіндігі болса, онда бизнесті жандандыруға болатынын жеткізеді. Кәсіпкерлікте табыспен бірге шығынның да болуы ықтимал. Бірақ шығынның орынды болғаны жөн. Павел Иваненко жыл сайын Шымкент облысының Сарыағашынан 5-6 ұя ара алдыратынын, жаз бойы соның соңында жүретінін қиынсынып отырған жоқ. Өйткені, бұл кәсіп – оның отбасылық табысы әрі сүйікті ісі. Тек Павел Адамовичті ойландыратын бір мәселе бар.

– Омарташы жаз бойы ара үйшіктерін көлігіне тиеп алып, көшпелі өмір салтын ұстанады. Яғни, шаруа қожалығының ба, әлде орман шаруашылығының ба, біреудің меншігіне бас сұғады. Ондайда олар да еселерін жібермей, әр омарта үшін 1500 теңге салық салады. Шетелдерде жасыл өсімдіктен табыс көріп отырғандар алқабына аралар қонып, олар өсімдіктерін тозаңдандырса, яғни өнімділікті жақсартқандары үшін омарташыға ризашылықтарын білдіреді. Ал біз егіншілерге пайда әкелеміз. Ең қызығы – 1500 теңге төлейтін біздің өңір ғана, басқа облыстардың омарташыларының төлемі әлдеқайда төмен, – дейді кәсіпкер Павел Иваненко.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp