«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛҒЫНДАР БАПКЕРІ

Соңғы жылдары облысымызда қысқы спорт түрлерінде ілгерілеушілік байқалуда. Әсіресе, республикалық және халықаралық сайыстарда жарыс жолына шығып жүрген жастарымыздың жетістіктері көңіл қуантады. Осы табыстарға жас бапкер Әйгерім Ақышеваның да қосып жүрген үлесі зор.

Биатлонды өзіне серік еткен Әйгерім Ботайқызы – бұл күндері артынан ерген іні-сіңлілеріне үлгі бола білген жан. Жас бапкер спорттық жолында қандай жетістікке жетті, жаттықтырушылық қызметі қалай басталды, нені армандайды? Әңгімемізді осы төңіректе өрбітейік.

– Бос уақытында пайдалы іспен шұғылдануды алдына мақсат етіп қойған Әйгерім 2000 жылы спортқа бет бұрды. Таңдауы биатлон болды. Жігерлі, алдына айқын мақсат қоя білген жас қыз өңіріміздің білікті бапкерлерінен нысана көздеуді, шаңғыны жақсы тебуді үйренді. Барын салып, шеберлігін шыңдай түсті. Соның арқасында жастар арасында облыстық және республикалық сайыстарда сынға түсіп, ел құрамасының мүшесі болды. Оның жаттығуға деген жауапкершілігі, берілген тапсырманы бұлжытпай орындап, өзінің көрсеткіштерін жақсарта бергісі келетіндігі қуантатын. Кез келген бапкер осындай шәкірті болғанын қалар еді, – дейді жерлесіміздің биатлондағы алғашқы қадамы жайында осы спорт түрі бойынша облыстың бас жаттықтырушысы Игорь Ильин.

Жаттығудан қалмай, бапкер тапсырмасына үлкен жауапкершілікпен қарайтын жас спортшы қанша талпынғанымен бірден биік белестерді бағындыра алған жоқ. 2011-2012 жылдары Щучинск қаласында өткен республикалық жазғы биатлон сайысында 3 шақырымда 6-орынға ие болды. 2012 жылы Алматы облысының Талғар қаласында биатлоннан ел кубогында 7,5 шақырымдық спринтте – 8-орын алса, 2013 жылы Риддерде өткен ел біріншілігінде де үздіктер қатарына іліне алмады.

– Жарыс барысында толқығанымды баса алмай жүлдеге қол созым жерде қалдым. Аздап өкінгеніммен, алда талай бәсекелер бар, соларда есемді қайтарам деп өзімді іштей жұбаттым, – деп еске алады Әйгерім Ботайқызы.

Бірақ нәзік жанды сәтсіздіктер ширата түседі. Қатысқан әр жарыста жүлделі орыннан көрінуге тырысты. “Бүгін бағынбаған белесім ертең бағынады” деген сөзді спорттағы ұстанымым етіп алдым” дейтін Әйгерім кейінгі жарыстарда есесін қайтарды. Атап айтқанда, Борки кентінде өткен облыс кубогында 5 шақырымдық жаппай биатлон сайысында екінші болса, Қазақстан Республикасының үшінші қысқы спартакиадасында 10 шақырымдық қашықтықта күміс медаль иегері атанды. 2011 жылдан бері жарыстардан жүлдесіз оралмайтын жас спортшы бүгінде спорт шеберлігінен үміткер.

Әйгерім Ақышева М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың дене шынықтыру және спорт факультетіне оқуға түскен. Сөйтіп, практикалық білімін теориямен толықтырды. Бар өмірін спортқа арнағысы келген ол жетістіктерін спорттық ғұмырындағы тырнақалды табыстарым ғана деп біледі. Осыдан үш жыл бұрын қолына дипломы тиген соң жас маман алған білімі мен ойға түйгенін аға-апаларының ізін басып келе жатқан өскелең ұрпаққа үйрету мақсатында Қазбек Байболов атындағы балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған спорт мектебіне жұмысқа орналасады. Бүгінде бойжеткен бапкерлік қырынан танылуда.

Енді өзі жастардың шеберлігін шыңдап жүрген нәзік жан спортта арнайы білімсіз жоғары жетістіктерге қол жеткізу мүмкін еместігіне мектептегі жұмысы барысында көзін жеткізген. Балалар мен жеткіншектерді үйрете жүріп, олардың ынтасын оята беру керек. Бұл орайда жетпіс жеті жасқа аяқ басса да шаңғысын тастамайтын ұстазы әрі әріптесі Виталий Дурневке деген ризашылығы шексіз. Спорт мектебіндегі бес жаттықтырушының өз топтары бар. Игорь Ильин мен Виталий Дурнев ересек жасөспірімдерді жаттықтырса, балалар Юлия Прапустина мен Әйгерім Ақышеваға сеніп тапсырылған.

– Мен 2001-2004 жылдары туған 12 балаға биатлонның қыр-сырын үйретудемін. Әрбір жас бала алдына спортта жоғары нәтиже көрсетсем деген мақсат қояды. Ал бапкер ретінде оларға жол көрсету – менің міндетім. Оның көзіндегі жалын мен бойындағы жігерді ашу – бапкердің қолында. Ең бастысы, ынта мен жігері болса болды. Физикалық әлеует пен техниканы дамыту – менің міндетім. Болашақта өңіріміздің биатлоншылары бәсі биік додаларға түсіп, елішілік қана емес, әлемдік сындардың жүлдесіне қол созса деген арманым бар, – дейді бапкер.

Саламатты өмір салтына ден қойған балалар Борки кентіндегі шаңғы және №14 орта мектебінің базасында күніне екі рет жаттығады. Бүгінде бойжеткеннің еңбегі жемісін беруде. Осындай білікті бапкерлер жаттықтырған бұл балалар республикалық сайыстарда үздік бестіктің қатарынан көрінуде. Ал ақпан айында жас бапкердің тәрбиеленушілері Новосібір қаласында биатлоннан өтетін Анна Богалиді еске алуға арналған бүкілресейлік ашық кубогында ел намысын қорғайтын болады. Бапкер аталған сында тәрбиеленушілерінің жақсы өнер көрсететініне кәміл сенімді. Себебі, аптасына алты рет жаттығып жүрген бұл балалар – келешегінен үміт күттіріп жүрген спортшылар.

Міне, қысқы спорт түрінде 16 жылда толайым табысқа жеткен, арманы асқақ, мақсаты айқын жас спортшының тырнақалды табыстары мен бапкерлік ісіндегі жолының басы осындай.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp