«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАРША ӘЛЕМ МОЙЫНДАҒАН

 

“Солтүстік Қазақстан – менің сенімді тірегім!” Алты Алаштың айбынын асырған, ата-баба аманатын орындап, тәуелсіз Қазақстанды төрткіл дүниеге танытқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қасиетті Қызылжар топырағына келген әрбір сапарында осы сөзді қайталаудан жалыққан емес. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні – солтүстікқазақстандықтар үшін ең жарқын мерекелердің бірі. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына жиналған қауымды қуанышты күнмен құттықтап, өңірдің өркендеуі жолында есіл еңбегін аямаған азаматтарды марапаттады.

Тұңғыш Президент күнінің халық үшін маңызы мен мазмұны ерекше. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде Қазақстан толағай табыстарға жетті. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына астықты аймақ – Солтүстік Қазақстан облысының да қосып отырған үлесі қомақты.

– Қол жеткізген әрбір жетістігіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Президентіміздің өңірлік тұрақтылық пен халықаралық тыныштықты сақтаудағы елеулі еңбегін, ерекше ықпалын барша әлем мойындады. Мемлекет басшысы ұсынған нақты мақсат, батыл бастамалардың арқасында еліміз экономикалық және әлеуметтік гүлденуге қол жеткізді. Ел дамуы жолындағы жобалар, түрлі бағдарламалар тиісті деңгейде орындалып, халық мүддесі үшін қызмет етіп келеді, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Өңір басшысы бүгінде Нұрсұлтан Әбішұлының қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу туралы ұсыныстары, ядролық қаруды таратпау туралы үндеуі, тың бастамалары әлем бойынша қолдау тауып отырғанына тоқталды. Еуразиялық кеңістік елдері экономикасына демеу болған интеграциялық үрдіс те – оның еңбегінің жемісі. Қазақстанды пұшпаққа шығаруды мақсат еткен “100 нақты қадам” Ұлт жоспары толық жүзеге асырылған кезде әрбір отандасымыздың өміріне оң өзгеріс әкелері анық.

Тұңғыш Президент күні облыс әкімінің қолынан Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын алған азаматтар да осы бір қуанышты сәтті ешқашан естен шығара қоймас. Ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызмет, медицина, білім беру, өндіріс, жол қатынасы, құқық қорғау және тағы басқа саларда озық жұмысымен дараланған майталмандарға арналып ән мен биден шашу шашылды. Залға жиналған көрермендер алдында жергілікті өнерпаздармен бірге танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдуллин де өнер көрсетті.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp