«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАР МЕЙІРІМ – БАЛАЛАРҒА!

Петропавлдағы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында дәстүрлі “Ризашылық” қайырымдылық мерекесі өтті. Аталмыш шараға қала әкімінің орынбасары Елена Балло қатысты.

“Бөбек” қорының төрайымы Сара Назарбаеваның бастамасымен қолға алынған ризашылық мейрамы аясында Балалар үйінің тәрбиеленушілері бірінші қабатта шығармашылық көрме ұйымдастырды. Бұл күні жеткіншектерге арнайы қонаққа келген туған-туысқандары мен демеушілер “Қазақстан балалары – нұрлы жолмен!” атты фотокөрмені де тамашалады.

Салтанатты шара барысында сөз алған қала әкімінің орынбасары Елена Балло осындай мейірімділік пен махаббаттың керемет отбасылық мерекесіне өзінің жылы лебізін білдіріп, тәрбиеленушілерге Киров атындағы зауытта құрастырылып шығарылған спутниктік антеннаны сыйлады.  

Бұл күні балаларға көңілді отбасылық мереке сыйлап, өздерінің жүрек жылуымен бөлісуге асыққан петропавлдықтар көп болды. Атап айтқанда, демеушілер балалардың қуаныштарымен бөлісіп, жас жеткіншектерге арнайы сыйлықтарын табыстады.

– Ризашылық мерекесі – бұл бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы игі шара. Себебі, осы күні тәрбиеленушілеріміз өздерінің өмірге, бүгінгі күнге деген ризашылық сезімдерін өнерлері арқылы жеткізе алады. Биыл бұл шара 7-ші рет өткізіліп отыр, – деген мектеп-интернат директоры Ризабек Кәкпенов кеңпейілді қала тұрғындарына алғысын білдірсе, жарқын мерекеде ересектердің ықыласы мен мейіріміне бөленген балалар өз ризашылықтарын ән мен би арқылы жеткізді.

Ал облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов қазақ отбасыларының тәрбиеленушілерімен кездесіп, балалардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, ел болашағы – өскелең ұрпақ өкілдеріне еліне пайдасы тиер азамат болып қалыптасу үшін жоғары білім алып, бір мамандық иесі атану қажеттігі жөнінде әңгіме өрбітті.

Бұл күні көзінде қуаныштың оты жанған ұл-қыздар ботаникалық бақ пен облыстық тарихи-өлкетану мұражайына саяхат жасады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp