Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударады. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Үкімет тұрғын үймен қамтамасыз етудің мемлекеттік бағдарламаларын жылдан-жылға дамыта түсуде. Солардың қатарындағы “Қолжетімді тұрғын үй – 2020”, “Өңірлерді дамыту – 2020”, “Нұрлы Жол” бағдарламалары жұртқа жақсы таныс. Бұл бағдарламалардың әрқайсысы қазақстандықтардың әлеуетін жақсартуға сүбелі үлес қосып келеді.
Тұрғын үй құрылысын ұзақмерзiмдi қаржыландыруды одан әрi жетілдіру мен оның тиімділiгiн арттыру және ипотекалық несие беру жүйесін дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Yкiметiнің қаулысымен 2003 жылы “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамы құрылған болатын. Қаржы министрлiгi заңнамада белгiленген тәртiппен 1,5 млрд. теңге мөлшерiнде республикалық бюджеттен қаржы бөліп, банктің жарғылық капиталын қалыптастырды. Осындай тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі Германияда жақсы нәтиже көрсетіп отыр. ТМД елдері арасында халқы үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін қалыптастырып отырған біздің ел екендігін де атап өткен жөн.
Қаржы нарығындағы коммерциялық банктердің ипотекалық несиелеуіне қарағанда, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде біраз жеңілдіктер бар. Оның қызметі тұрмыс деңгейі орташа азаматтардың баспаналы болуына ыңғайлы. Соңғы он жылдың ішінде қазақстандықтардың тұрғын үйге қолжетімділігіне деген сенімі әлдеқайда артты. Банктің жұмыс істеп жатқан бағдарламаларының барлығы әлеуметтік сипатқа ие. Бюджеттік мекемелердің қызметкерлері, көпбалалы отбасылар, әскери қызметшілер, жетімдер, оралмандар, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары бастапқы жарнасыз пәтер алу мүмкіндігіне ие болады.
Бұл бағыттағы жұмыстар жылдан-жылға жанданып келеді. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” мемлекеттік бағдарламасы осы бағытта біраз жұмыстың басын қайырды. Аталмыш бағдарламаның тетіктеріндегі қолжетімділікті аңғару қиын емес. Алысқа бармай-ақ, бағдарлама қолға алынған 2012 жылдан бері Петропавл қаласының өзінде 978 отбасы жалдамалы-кредиттік тетік арқылы баспанаға қол жеткізді.
Әр бағдарламаның заман талабына қарай өзіндік ерекшеліктері мен өзгешеліктері бар. “Өңірлерді дамыту – 2020” бағдарламасы шеңберінде Петропавл қаласында былтыр пәтердің әр шаршы метрі 100 мың теңге болды. Пәтердің нарықтағы бағасын ескерсек, бұл – үлкен жеңілдік. Онда “Барлық санаттағы тұрғындарға қолжетімді тұрғын үй” және “Жас отау” деп бөлінетін екі бағыт бойынша жұмыс істеледі. Осы бағыттар негізінде 2015 жылы облыс орталығында жеті үй пайдалануға беріліп, 400 пәтер өз иесін тапты. Банк салымшылары бұл бағдарлама арқылы Қазақстанның басқа қалаларынан да үй сатып ала алады. “Нұрлы Жол” бағдарламасы қолға алынғалы да талай адам баспаналы болды. Биыл бұл бағдарламаға, сондай-ақ “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы жүйесінің жұмысына бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұрын кейбір санаттағы адамдар үшін бастапқы жарнасыз тұрғын үй алу мүмкіндігі болса, енді әрбір ипотекалық несие құжаттаушының 30 пайыз қоры болуы шарт. 2016 жылы Ұлттық қордан елдегі тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін қаржы бағыттап, біздің облысқа 3 млрд. 399 миллион теңге несие бөлінді. Аталмыш бағдарлама бойынша биыл үш үй пайдалануға берілді. Пәтердің бір шаршы метрі – 125 мың теңге, жылдық үстемеақы мөлшерлемесі 5 пайыз деп белгіленді. Біздің салымшылар мен қалалық әкімдікте үй кезегінде тұрғандарға тең бөлінетін 220 пәтерге 963 өтініш түсті. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар бойынша үй алғысы келетін тұрғындар тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінде шот ашып, қаржы жинауға тиіс. Бұл – жаһандық дағдарыстың ел экономикасына ықпалымен қолға алынған өзгертулер болып табылады.
“Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның несие жүйесі қай жағынан алсақ та, терең ойластырылған тетік. Мәселен, “Отбасылық пакет” деп аталатын бағытта отбасының жеке шот ашылған әр мүшесіне жыл соңында мемлекеттік сыйақы аударылады. Бұл тетіктің қалай жұмыс істейтіндігін түсіндірсек, депозиттерге қосылатын жылдық 2 пайыз сыйақымен қатар, 20 пайыз мемлекеттік сыйақы салымшылардың қаржысын қордаландыра түседі. Биыл жинақ қорында 424200 теңгеден жоғары ақшасы бар салымшыға 84840 теңге мемлекеттік сыйақы қосылады.
Банк жүйесі “Қазақстан Республикасының тұрғын үй жинағы туралы” Заңымен қорғалады. Банктің жинағы шетел валютасына тәуелді емес, қаржы теңгемен жиналады. Алайда, елдегі қаржылық жағдай ескерусіз қалмайды. Былтырғы теңге бағамының еркіндікке жіберілген кезін еске алайық. “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы теңгенің долларға шаққандағы бағамының өзгеруіне байланысты салымшыларына өтемақы төлеудің тетігін іске қосты. Республика бойынша 467 мыңнан аса салымшысының өтемақысына 171,9 миллиард теңге бағытталды. Ол қаржыны мемлекеттік бюджет пен банк өз қорынан бөлді 17 мыңнан астам солтүстікқазақстандық салымшы өтемақы алды.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшы сатып алуды мақсат етіп отырған пәтерінің немесе жер телімінің 50 пайыз құнын – 3-5,5 пайызға, жыл аралығында жинаған салымшыға жылдық өтемақы 4,5-5 пайызға дейінгі жеңілдікпен ипотекалық несие береді. Жыл ұлғайған сайын пайыздық көрсеткіш те төмендейді. Қажетті сома 8,5 жыл жиналса, жылдық өтемақы – 4 пайыз, 15 жыл жинақталса, жылдық өтемақы 3,5 пайызбен несие беріледі. Яғни, балаларының, немерелерінің болашағын ойлаған ата-аналар осындай мүмкіндіктерді пайдалана алады.
Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж адамдар аз емес. Оған бір мысал, банк салынып біткен пәтерлерге пул байқауын ұйымдастырған кезде бір пәтерге бірнеше адам өтініш білдіреді. Мәселен, былтыр бір бөлмелі пәтерге 15-16 адамның өтініші қаралды. Екінші жағынан бұл үдеріс баспанасыз жүргендердің біздің банкке деген сенімінің жоғары екендігін дәлелдей түседі. Жақсы ақпараттандырылған тұрғындар басқа коммерциялық банктерден ипотекалық несие алудың өтемі қанша болатындығын есептей отырып, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жұмыс істейтін банк арқылы тұрғын үй алудың тиімділігін түсіне бастаған. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жылжымайтын мүлік нарығынан пәтер таңдап, банк қызметіндегі ережелер мен талаптарға сәйкес келісімшарт жасауға да болады. Мұнда басқа банктерден алған ипотекалық несиені қайта қаржыландыру тетігі де қарастырылған. Несие мен жинақ төлемдерін жасау тәсілдері технологиялық жетістіктерге қарай жылдан-жылға жетілдірілуде. Мәселен, банктің кассалары және терминал арқылы төлем тәсілдерімен қатар, клиенттер “Электронды үкімет” порталын қолдану мүмкіндігіне ие. Осының барлығы әрбір азаматтың баспанаға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жасалған әрекеттер.
Үкімет тұрғын үй құрылысын ұзақмерзiмдi қаржыландыруды одан әрi жетілдіру мен оның тиімділiгiн арттыру және ипотекалық несие беру жүйесін дамыту үшін “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасын қолға алды. Оны үш бағытта жүзеге асыру жоспарланған. Біріншіден, ипотека арқылы жаңа баспананы сатып алу шараларына басымдық беріледі. Екінші – тұрғын-үй жинақ жүйесі бойынша халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмысы жалғастырылады. Осының аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін аймақтық тұрғын үй қорларын құру жоспарланған. Үшінші – жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға баса назар аударылады. “Нұрлы жер” бағдарламасының барлық үш бағыты бойынша инфрақұрылымды барынша дамыту жоспарланып отыр. 2015-2016 жылдары осы мақсатқа 151,8 млрд. теңге қарастырылды. Жаңғыртылған “Нұрлы жер” бағдарламасы да талай қазақстандықтың асыл арманын шындыққа айналдыратыны сөзсіз.
Бүгінгі таңда солтүстікқазақстандық филиал салымшыларының саны 22 мыңнан асты. Клиенттер қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Мәселен, үстіміздегі жылдың басынан бері 6 мың салымшымен шарт жасалған. Банк филиалы ашылғаннан бері 2700 салымшыға тұрғын үй алу үшін несие берілді. Банк мекемесі қызметкерлерінен бөлек, жұртты ақпараттандыру бағытында несиеге қажетті құжаттарды жинауға көмектесу үшін 32 кеңесшінің қызметі пайдаланылады. Банктің бес қосыны болса, соның үшеуі – облыс орталығында, екеуі – Мамлют пен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда орналасқан. Біздің банктің қызметін пайдаланатындардың қатары алдағы уақытта қалыңдай түседі деп ойлаймыз.
Райхан ӘБДІРАХМАНОВА,
“Қазақстан тұрғын үй
құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы
облыстық филиалының директоры.