Бала күнімізде нан сатып алу үшін ұзын сонар кезекте қаңтарылып тұратын күндер есімде қалыпты. Тіске басар бір үзім нанға зарығып жүретін күндерді бастан өткерген ата-анам нанды қадірлеп, оның қоқымын да аяққа бастырмайтын еді. Бүгінгі күн тоқшылықтың заманы, қай дүкенге барсаң да, сөресінен нан үзілмейді. Ас атасы нан тапшылығын ұмыттыруға наубайханашылардың қосқан үлесі зор.
Нан-тоқаш пісірудің оңай емес екенін кез келген шаруа адамының аузынан естуге болады. Ал көпшіліктің талғамынан шығу, тіпті, қиын. Нарықтық экономикадағы бәсекелестік, тұтынушылардың сұранысы бүгінгі наубайхана қызметіндегі жұмысты ширата түсуді талап етеді. Үнемі даму жолында жүрген кәсіпорындардың бірі – “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Петропавл қаласының орталығында орналасқан кәсіпорынның іші күні-түні қайнаған еңбек. Комбинат екі ауысыммен жұмыс істейді. Автоматтандырылған жүйенің қамырды илеп, созып, бөліп, пісіріп жатқан жұмыс үдерісі бір сәтке де бөгелмейді. Үлкен ғимараттың ішіндегі жұмыс сырт көзге бір қалыпты көрінгенімен, саланың күрмеуі қиын мәселесі де аз емес екен. Оған біз серіктестік басшысы Ерлан Қайшыбековпен әңгімелескен кезде көз жеткіздік. Бүгінде нанның табиғи құнарын сақтау, технологиясын жетілдіру, өнімділікті арттыру кез келген кәсіпкердің алдына үлкен міндеттер қояды.
– Дүкенге барып, керегіңді сатып алған кезде қалтаңның қалай жұқарып қалғанын байқайсың. Бәрі қымбат. Сол сияқты кәсіпорынға қажетті шикізаттар мен тұтыну қызметтеріне де баға көтерілген. Ұнның, электр қуаты мен жанар-жағармайдың бағасы тығырыққа тіреуде. Комбинаттың қызметін тоқтатуға болмайды. Сондықтан амалын тауып, көштен қалмауға тырысудамыз, – дейді Ерлан Бауыржанұлы.
Кәсіпорын басшысы өндірісті үлкен шығынға батырып отырған жылыту жүйесі екендігін айтады. Тоқырау жылдары орталық жылу жүйесінен ажыратылған комбинат бүгінде оны қалпына келтіре алмай отыр. Жүйеге қосылу үшін қомақты қаржы керек. Артылып жатқан ақша жоқ. Кәсіпорынның дербес жылыту құрылғысы түнде – электр қуаты, күндіз жанармай арқылы жұмыс істейді. “Биыл жанармайдың бір литрінің бағасы 130 теңгеге дейін өсіп, бүйірімізге батып отыр”, – дейді басшы.
Нанның бағасы көтерілген кезде тұтынушылар тарапынан наразылық көбейеді. Басшы жылу, жарық, су төлемдері мен шикізатқа баға өскен сайын комбинаттың да өнімдерін қымбаттатуға тура келетінін айтады. Сондай-ақ, жұмысты әрі қарай жалғастыру, тұтынушыға сапалы өнім ұсыну үшін кәсіпорынның құрал-жабдықтарын жаңғырту жұмыстары да кейінге қалдыруға болмайтын шаралар. Ғасырлық ғұмыры бар кәсіпорынның техникалық ахуалы жаңартуды талап етеді. Бұл жұмыс осыдан бес жыл бұрын басталған. Бүгінде өндірістегі автоматтандырылған жүйе көз қызықтырады. Еуропалық үлгідегі пештер наубайханашылардың жұмысын жеңілдетіп, уақыт пен энергия үнемділігіне мүмкіндікті ұлғайтқан. Құрал-жабдықтар 90 пайызға жаңартылып, өнім сапасы мен үнемділікті арттырды. Комбинат бүгінде жарты қуатымен жұмыс істеп тұр. Серіктестік тапсырысқа шақтап тәулігіне 20-25 тонна нан-тоқаш пісіреді. Қырыққа жуық өнім түрі шығарылады. Оның өнімдерін Петропавл қаласы мен жақын маңдағы аудандардың тұрғындары тұтынуда.
Кәсіпорын сұранысқа ие “Айрықша” деп аталатын нан түрін көп пісіреді. Аты айтып тұрғандай оның дайындалуында өзіндік ерекшеліктер бар. Ашытқысыз дайындалатын өнімнің технологиясын комбинаттың технологтары жасаған. Өнімнің нарықтық бағасы арзан емес. Өйткені, оның арнайы дайындалатын қоспасына жұмсалатын шикізат пен уақыт нанның өзіндік құнын көтеріп, бағасын қымбаттатады. “Айрықша” нанының көп сатылатынын байқап қалған кейбір наубайханалар оған ұқсас өз өнімдерін пісіруде. “Олар технологияны дұрыс жасай алмай, сапасыз пісірілген нанымен біздің кәсіпорынның беделіне нұқсан келтіреді. Себебі, тұтынушы ол нанды да біздікі деп ойлайды”, – деген ренішін білдірді басшы әңгіменің осы тұсында. Бүгінде кәсіпорын технологтары “Здоровье” деп аталатын нанның бұрынғы технологиясын қайта жаңғыртпақ. Дәстүрлі технология көпшілікке ұнайтын, алайда, өнімнің бағасын арзандату үшін комбинат оның құрамын өзгерткен кезде сатылымы азайып кеткен. “Қара нанның өзіндік құнарын сақтау маңызды. Арзан ұнды пайдаланып, оған қара бояу сіңіріп, денсаулыққа зиянды әрекеттер жасайды. Осындай көзбояушылық жасайтындарды көріп, жағамызды ұстаймыз”, – дейді Ерлан Бауыржанұлы. Жақында “Қалалық” деп аталатын нанның арзан түрін жасау қолға алынған. Бұл 550 грамдық бөлке нан 61 теңгеден сатылады. Бұл тауар қоғамның әлжуаз тобына арналған.
Сапаны үнемі қадағалап отырмаса, бизнес жүргізу қиынға соғады. Тұтынушылардың талаптары мен сұраныстарын назарға алып, нарыққа сараптама жасауды да ұмытпауы керек.
– Заң жүзінде жұмыс істейтін 15-16 кәсіпорынды білемін. Сондай-ақ, ешқандай төлемдер төлемейтін, есесіне өнімдерінің бағасын арзандатуға мүмкіндігі зор, жолдан қосылатын кәсіпкерлер бар. Әрине, бәсекелестік шынайы жүргізілсе, жұмыс істеу оңай болар еді. Біздің атымызды жамылып, сапасыз тауарларымен нарықтағы беделімізді түсіретін кәсіпкерлердің барлығымен бірдей арпалыса алмайсың. Ал біздің кәсіпорын заңға бағынып жұмыс істегендіктен, тиісті мемлекеттік төлемдер жасайды. Өндірістің басқа да шығындары бар. Сондықтан бүгінде нан өнімдерін арзандату мүмкін емес. Жақында бағаны көтеретін де ойымыз жоқ, – деді кәсіпорын басшысы.
Петропавл нан-тоқаш комбинатының облыс орталығында өнімдерін сататын 16 дүкені бар. Сондай-ақ, басқа да жеке дүкендерге тауарларын уақтылы жеткізіп тұрады.
“Нанның негізі – дән” дегендей, кәсіпорын басшысының биыл орылған бидайдың сапасына көңілі толмай отыр. “Бидайдағы ақуыз пайызының аздығынан өнімдерінің сапасын түсіреді. Өзіміздің ұн үгетін диірменіміз болғандықтан, шикізаттың құнарын қадағалай аламыз, – дейді ол.
Шикізаттан қиындық туындайтын кездер аз болмайды. Мәселен, 2015 жылы кәсіпорынның бидай сатып алуға қолма-қол қаржысы болмай, ақпан айында бидайдың бағасы көтеріліп кетіп, қымбатқа алуға тура келген. Үстіміздегі жылдың басында нанның бағасы көтерілгендігін тұтынушылар ұмыта қойған жоқ. Биыл сол қателікке екінші рет ұрынбау үшін банктен несие алып, бидай қорын жасапты. Осындай кездейсоқ шығындар да тынысты тарылтады. Соңғы алған несиенің жылдық үстемеақы мөлшерлемесіне “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша демеуқаржы белгіленіп, кәсіпорын үлкен қолдау көрген.
Серіктестік 400-дей адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың көбі – комбинаттың байырғы еңбеккерлері. Басшы қол астындағылардың еңбекақысын көбейте алмай отырғандығына қынжылыс білдірді. Мұндағы орташа еңбекақы – 55 мың теңге.
– Жұмысшылардың көбінің отбасы бар. Олар да тұтынушы. Коммуналдық төлемдер өсіп, киім-кешектердің қымбаттап жатқандығын айтып, зар қағады. Әрине, оларға да жаным ашиды. Білікті кадрларды ұстап тұру және еңбекке жастарды көбірек тарту үшін жақсы еңбекақы тағайындасақ болар еді. Бірақ бүгінгі қиындықтар қолымызды байлап отыр. Ал кәсіпорынның ахуалын түсініп, жұмысынан қол үзуді ойламайтын еңбеккерлеріме қарап, разы боламын. Осындай адамдармен кәсіпорын талай қиындықтарды еңсерген. Бүгінгі ауыртпалықтар да бірер жылдан кейін тарих қойнауына сіңіп, болашағымыз жарқын болады деген сенімдеміз, – дейді Ерлан Қайшыбеков.
“Петропавл нан-тоқаш комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – ғасырға жуық тарихы бар кәсіпорын. Қаланың халқын жалғыз өзі нанмен қамтамасыз еткен кездері де болған. Бүгінде жеке кәсіпкердің қолына өткен серіктестік дәстүрлі қызметін жалғастырып, нарықтық экономикада өз орнын тапты деп айта аламыз. Комбинаттың былтыр салық төлемі бойынша алдыңғы қатардан көрінуінің өзі оның өңір экономикасы мен әлеуетіне қосып отырған зор үлесін айқындайды.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.