Облыстық әкімдіктің кезекті отырысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының өкімімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті бастығының міндетін атқарушы қызметіне тағайындалған Нығмеджан Сапаровты таныстырудан басталды.
Ал әкімдік отырысы барысында белгілі болғандай, өткен тоғыз жылдың ішінде реестрге енгізілген мемлекеттік қызметтің саны бес есеге көбейіп, облыстық және аудандық деңгейде көрсетілетін қызметтің саны 174-ке жеткен. Оларды көрсету сапасы бойынша ұдайы мониторинг жүргізетіндігін тілге тиек еткен облыс әкімі аппаратының басшысы Мадияр Қожахмет мемлекеттік қызметті көрсету мерзімін бұзу бойынша тіркелген тоғыз фактінің расталғанын айтты. Мұндай олқылықтар кадр тұрақсыздығының салдарынан орын алуда. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың көктемінен қара күзге дейін облыстық және аудандық деңгейдегі 75 мекеме көрсететін мемлекеттік қызметтің сапасына тексеріс жүргізіліп, 70-тен астам бұзушылық анықталған. Әкімдіктер аппараттарында мемлекеттік қызметтің сапасын қадағалауды үйлестіретін құрылымдық бөлімше жоқ.
Бұл жұмысты атқару халыққа қызмет көрсету орталығының аудандағы бөлімдерінің мамандарына жүктелген. Ал олардың тікелей міндеттері бар екенін ескерсек, “екі қайықтың басын ұстаған” қызметшіден сапалы жұмысты күтудің де қажеті жоқ.
– Біздің жұмысымыздың маңызды бағыты – сапалы мемлекеттік қызмет көрсету. Осы орайда бұған баса назар аударуымыз қажет. Бүгінгі таңда бұл жұмыс тиісті деңгейде жүруі үшін барлық жағдай жасалған, қажетті құрылғылармен толық қамтылған. Сонымен қатар, қызметкерлердің біліктілігін арттыру қажет. Осы бағыттағы жұмысқа айрықша көңіл аудару керек, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Отырыс барысында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының жыл бойы атқарған жұмысы қорытындыланды. “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Әсемгүл Есқожа қолға алынған жұмыстарды жіпке тізгендей қылып баяндап, азаматтық қоғамды дамыту аясында келеңсіздіктер бар екенін жасырмады. Есіл, Тимирязев, Тайынша, Уәлиханов аудандарындағы қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысы ақсап тұр.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы ауқымды. Бүгінгі таңда өзге мемлекеттер бұл қоғамдық институттың тәжірибесін зерделеуде. Қазіргі таңда әр елді мекенде қоғамдық келісім кеңесін құру ұсынысы айтылуда. Аудан әкімдері, бұған баса назар аударыңыздар. Қазіргі таңда қазақстандық патриотизмді қалыптастыру аса маңызды, – деді өңір басшы Ерік Хамзаұлы.
Ақжар және Уәлиханов аудандарының әкімдері жергілікті жерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Мәселен, Ақжар ауданының әкімі Серікбай Тұралинов үстіміздегі жылы мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен жемқорлық қылмысы тіркелмегенін тілге тиек етті. Ал өткен жылы осы ауданда үш мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін жауапкершілікке тартылған болатын. Уәлиханов ауданының әкімі Аман Төрегелдин өткен үш жылға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша талдау жасаудың арқасында орын алған фактілер мен жаңсақ басатын тұлғалардың саны азайғандығын дәттеді.
Отырысты қорытындылаған өңір басшысы Ерік Сұлтанов Петропавл қаласы мен аудан әкімдеріне Қазақстан Республикасындағы 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған аймақтық іс-шаралар жоспарын тиісті деңгейде орындауды, мемлекеттік қызметшілер жасаған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды тұрақты түрде талдауды тапсырды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.