
Ерік Хамзаұлы алдымен шаһардың оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына барып, “Вторсырье” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құны 20 млн. теңге тұратын жобасымен танысты. Сондай-ақ, алдағы уақытта қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бағытында іске асырылатын жұмыстары жайлы сұрады.
Жас кәсіпкер Қайыржан Айсиннің қала қоқыстарын іріктеп, сұрыптайтын кәсіпорынды ашқанына көп уақыт болған жоқ. Бір жылдары АҚШ-та тұрып, қоқыстарды реттейтін ноухаумен танысқан ол сол істі жергілікті жерде қолға алған. Кәсіпті бастамас бұрын Қайыржан Айсин “Даму” қорынан “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша несие алған. Бұл қаржыға қажетті құрал-жабдықтар сатып алыпты. Ал қалалық әкімдік кәсіпкерге қоқыс төгетін орынды белгілеп берген.
Игі істі қолға алған кәсіпкер 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олар қоқыстарды сұрыптап қана қоймай, керекті жерге жөнелтумен де айналысады. Осының арқасында жылына 20 тонна тұрмыстық қалдықты өңдейтін көрінеді. Кәсіпкер облыс орталығындағы сауда орындарының жанынан төрт нүктесін ашып, тұрғындардан макулатура, пластмасса бөтелкелер және темір-терсек, тұрмыста қолданыстан шыққан техникалық бұйымдарды қабылдайды
Мұнда тәулігіне екі тоннаға жуық қоқыс жеткізіледі екен. Макулатура Алматыға жіберіліп, олардан тұрмыстық бұйымдар дайындалады. Ал полиэтиленнен жергілікті “Радуга” кәсіпорны пластмасса өнімдерін жасайды. Жас кәсіпкер алдағы уақытта қосымша 15 адамға тұрақты жұмыс орнын ашпақ.
Өңір басшысы ат басын тіреген келесі нысан – “Гиперкирпич СК” ЖШС-і. Бүгінгі күні облысымызда құрылыс материалдарына деген сұраныс зор. Сондықтан осы салаға маманданған аталмыш зауыт өнім сапасын көтеруге және түрлерін көбейтуге мүдделі.
Мұнда шығарылатын кірпіш өзінің беріктілігімен, геометриялық өлшемдерінің дәлдігімен, аязға төзімділігімен ерекшеленеді. Мамандар атап өткендей, жоғары технологияларды пайдалану арқылы шығарылатын кірпіштер шетелдік өнімдерден кем емес. Жергілікті шикізатты пайдаланатын кәсіпорын жаз айларында толық қуатында жұмыс істейтін болады. Жылына 2,5 млн. кірпіш шығаруды жоспарлап отыр. Осындай ауқымда жұмыс істейтін кәсіпорынды қатарға қосу үшін “Даму” қоры арқылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 150 млн. теңге несие алған. Бүгінде бұл қаржыға өндірістік база сатып алынып, техникалық құрал-жабдықтарға тапсырыс берілген екен.
Содан кейін облыс әкімі “Орман” шағынауданында бой көтеріп келе жатқан балабақшаның құрылысымен танысты. Бұл жерде құрылыс қарқыны жаман емес. 140 орындық ғимаратты тұрғызып жатқан “Титан-Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын қазан айында аяқтамақ. Ерік Хамзаұлына құрылыстың барысы мен жоспарын мердігер компанияның директоры Гарик Бернецян баяндады. Облыс әкімі оларға бюджеттік қаражатты толық игеріп, құрылысты сапалы аяқтауды міндеттеді.
Ерік Сұлтанов ат басын тіреген соңғы өндіріс орны – Петропавлдың Шухов көшесіндегі “Алаугаз-СК” серіктестігі. Кәсіпорын 2015 жылы Индустрияландыру картасы аясында Ресей мен Қытайдың технологиялық жабдықтарымен жарақтанған қызыл кірпіш шығаратын зауытты іске қосқан болатын. Бүгінгі күні зауыттағы технологиялар силикат кірпіш шығаруға бейімделіп, жаңартылған. Өңірімізге қажетті құрылыс материалының үштен бірін өндіруге қауқарлы бұл нысан енді көп кешікпей өзінің алғашқы өнімін шығара бастайды деп күтілуде. Зауыттың жобалық қуаты жылына 3,6 миллион дана кірпіш шығаруға жетеді.
– Бүгінде өңірімізде кірпішке деген сұраныс артып отыр. Әлеуметтік маңызға ие зауыттың тұрғын үй құрылысын дамытуға үлесі зор болуға тиіс, – деді Ерік Хамзаұлы серіктестіктің басшысы Александр Фельдманға.
Қанат АТАМАНОВ.
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.