«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАС КӨШЕ КӨРІКТІ БОЛУҒА ТИІС

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов облыс орталығындағы бас көше – Қазақстан Конституциясы көшесі бойымен жүріп өтіп, ондағы ғимараттардың қас-бетіне, сауда орындары мен мекемелердің маңдайшаларына, гүлзарларға және басқа да нысандардың қалыптасқан жағдайларына жете назар аударып, оларды абаттандыра түсу жөнінде қала әкімі мен тиісті ведомстволар басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Ерік Хамзаұлы көше бойындағы үйлердің бірінші қабаттарына орналасқан сауда орындарының, әртүрлі жекеменшік мекемелердің маңдайшаларына, ғимараттардың қасбеттеріне ерекше көңіл аударды. Облыстық әкімдіктің ғимараты жанындағы көрген көзге қораш көрінетін екі субұрқақ та назардан тыс қалған жоқ. Ал “Қызылжар” (“Қызыл Жар” емес) қонақүйінің алдындағы субұрқақ мүлдем жұмыс істемейді. Бұзылудың аз-ақ алдында тұр. Көше бойында ала-құла гүл егілген, кейбірінде тек қана екпе шөп өсіп тұрған гүлзарлар бас көшенің сәнін келтіріп тұрмағаны анық.

Қалалық Мәдениет және демалыс саябағының кіреберісіне іргелес қабырғадағы “Жарнама тақтасы” да эстетикалық талғамға мүлдем жауап бермейді. Ерік Сұлтанов осы жағдайларды атап айта келе, қала әкімі Төлеген Закариянов пен облыстық және қалалық сәулет және қала құрылысы мекемелерінің басшыларына көшені заман талабына сай абаттандыру, №16 төртқабатты үйді тез арада “ТКШ-ны жаңғырту” бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткізу жөнінде нақты тапсырмалар берді

– Бүгін қала басшыларымен бірге облыс орталығындағы басты көшені аралап, ғимараттардың сыртқы келбеттеріне сын көзімен қарадық. Алдын ала жасалған жоба бойынша оларды көркейту жөнінде біраз жұмыс жоспарлы түрде атқарылып жатыр. Алайда, әлі де істелетін жұмыс бастан асады. Қазақстан Конституциясы көшесін абаттандыру жөнінде қала басшыларына бірнеше міндет жүктедім. Себебі, бұл көше қалалықтарды қуанышқа бөлейтіндей әрі көз қызықтыратындай болуға тиіс, – деді Ерік Хамзаұлы БАҚ өкілдеріне берген қысқа сұхбатында.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген  

  Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp