Петропавлда ақсақалдар арасында бата беруден «Ақ бата» облыстық сайысы өтті. Іс-шараға Петропавлдан, аудандардан ақсақалдар қатысты. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар салт-дәстүр жайында білімдерін көрсетіп, сұрақтарға жауап берді. Екінші кезеңде ақсақалдарға әртүрлі жағдайларда айтылатын баталардың тақырыптары берілді. Олар сол бойынша бата берді.
– Дін мен дәстүр – егіз ұғым. Сондай-ақ қазақта «батаменен ел көгерер» деген нақыл сөзі бар. Еліміздің берекесін арттыру және ақсақалдарымыздың мәртебесін көтеру мақсатында осы іс-шараны ұйымдастырдық. Ақсақалдар дастарқан басында бата бере алатындай жағдайда болуы керек. Бата беру үшін де адамның жүріп өткен жолы, айтар сөзі дұрыс болғаны жөн. «Жас кезіңде байқарың болмаса, қартайғанда айтарың болмайды» деген бар, – дейді облыстың бас имамы Хамзат Әділбеков.
Сайыс барысында қатысушылар бата беру өнерімен қатар діни білімдері мен салт-дәстүрге жетіктігін көрсетті.
Бескөл ауылынан келген Жапар Бәриұлының жасы 70-ке таяған. Айтуынша, сайыс туралы он шақты күн бұрын естіген, бірақ жас ұлғайғанда жаңа бата жаттау оңайға соқпапты.
– Маған «жыртыс» деген не деген сұрақ келді. Білгенімше жауап бердім. Мәселен, «жыртыстың» екі түрі болады. Тойдан келген жыртыс және жасы жетіп, 80-90-ға келіп қайтқан адамның жасын берсін деп ырымдап беретін жыртыс бар. Той жыртысы дегеніміз, келін келгенде құдалар жағы дорба әкеледі. Сол дорбаның ішінде сый ретінде мата болады. Соны жыртып, тойшы қауымға таратады, – дейді ақсақал.
Қазылар алқасы ақсақалдардың бата беру шеберлігін, тіл байлығы мен шешендігін бағалай отырып, үздіктерді анықтады. Нәтижесінде «Қызылжар» қалалық мешітінің атынан қатысқан Тәли Кәриев бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Есіл ауданынан келген Серкелбай Тінібековке бұйырды. Үшінші орынды Тимирязев ауданының тұрғыны Майлыбай Бүркітов иеленді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды және республикалық байқауға жолдама алды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».